Машина жасау өнеркәсібіне рекордтық көлемдегі инвестиция тартылды

1899

Қазақстандық машина жасау кәсіпорындары 118 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы машина жасау саласын дамыту жөнінде баяндады. Оның айтуынша, қазір өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы машина жасау үлесі 13%-ға жетіп, 3,8 мың кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Онда 118 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр.

«Өңдеу өнеркәсібінің салалары арасында машина жасау серпінді дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Кейінгі 5 жылда нақты өсім көлемі 2,3 есеге ұлғайып, оның ішінде ең үлкен өсім автомобиль жасау секторына (4,7 есе) тиесілі. Егер де осы жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасау саласында оның көлемі 17,6%-ға жетті. Бұл үрдіс 2023 жылы да сақталып отыр: нақты көлем индексі 6 айда 128,8%- ға жетті. Атап айтқанда 1,8 трлн теңгеге өнім өндіріліп, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға көп», – деді ведомство басшысы.

Бұл ретте министр жұмыс істеп тұрған өндірістердің біртіндеп артуына қарай өнім көлемі одан әрі ұлғаятынын жеткізді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша машина жасауға шамамен 500 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл рекордтық көрсеткіш саналады. 2023 жылдың 1-ші тоқсанында салаға 208 млн доллар сомасына тікелей инвестиция құйылды. Бұл былтырғы кезеңдегі көрсеткіштен 4 есеге көп.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы одан әрі нығайту үшін ҚР ИИДМ Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Онда өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету арқылы базалық жағдайларды жақсарту, кадрлық әлеуетті және ҒЗТКЖ дамыту, өнімді өткізуді ынталандыру арқылы отандық өнімді ілгерілету, техникалық реттеу жүйесін жетілдіру және т. б. негізгі міндеттер мұқият қамтылған.

«Кешенді жоспарды іске асыру саланы ұзақ мерзімді кезеңде дамытуға жол ашады. Осы құжатта 2028 жылға қарай мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу қарастырылған. Өнім өндіру көлемін 2,2 есеге, экспорттық тасымалды 5,7 млрд долларға дейін ұлғайту, еңбек өнімділігін 1,9 есеге арттыру және инвестиция мөлшерін 1,5 есеге көбейту міндеті тұр», – деді М. Қарабаев.

ИИДМ басшысының айтуынша, 2028 жылға дейін 1,7 трлн теңгеге 24 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде 2023 жылы 217 млрд теңгеге 29 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Таяу уақытта іске асырылуға тиіс жобалардың ішінде тұрмыстық техника мен лифт өндірісі, теміржол құрамдарына арналған алюминий дөңгелек дискілері мен жинақтауыш бөлшектерді әзірлеу, бұрғылау қондырғылары мен ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, жел қондырғыларына арналған мұнаралар мен қалақтар, Changan, Haval, Chery және Exeed жеңіл автомобильдері өндірісі қамтылған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить