Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша жедел штаб отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангалий Бердалиннің төрағалығымен өңірлерді азықпен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Жалпы, вице-министрдің айтуынша, биыл көптеген өңірлерде жем-шөп дайындау үшін қолайлы ауа райы байқалады, бұл Қазгидромет деректерімен расталады.
Қазірдің өзінде қазақстандық фермерлер 8 млн тонна шөп дайындаған, бұл биылғы жылға жоспарланған 25 млн тоннаның шамамен 32%-ы.
Шөп дайындауда Ақмола, Түркістан және Жамбыл облыстарындағы қарқын жақсы. Төмен көрсеткіштер – Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында байқалады.
Амангалий Бердалин Ақмола облысында ауыл шаруашылығындағы малдың санының өсуіне қарамастан, шөп дайындау жоспары қандай да бір себептермен өткен жылдың деңгейінде қалып отырғанын атап өтті. Ол әкімдіктің назарын – жоспарларды ұлғайту жағын қайта қарап, алдағы қыста қолда бар мал басын 100% азықпен қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.
Айта кетейік, биыл өңірлердің жем-шөп шығындарын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. Қажет болған жағдайда облыс әкімдіктерінің қосымша қаражат беру мүмкіндігі бар.
Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна жем қорын құрды. Бұл жем қоры мал және құс шаруашылықтарына арзандатылған бағамен сатылатын болады. Бұл тұрғыда, жем-шөп қоры 2022 жылдың өткізу көлемінен 58%-ға асатынын АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының м.а. Бағлан Аймұрзаев атап өтті.
Биылдан бастап алғаш рет жем-шөп дайындау жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген бағамен дизель отынының қосымша көлемі бөлінетін болады. Оны жөнелту келесі аптада басталады деп жоспарланған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдері бойынша әкімдіктер 57,9 мың тонна көлемінде дизель отыны қажеттілігін қалыптастырып үлгерді.
2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында ағымдағы жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге сомасында инвестия бөлінген, бұл қаражат жем-шөп дайындау техникасы мен суарудың ұтқыр жүйелерін сатып алуды қаржыландыруға арналған.
Бұдан басқа, министрлік облыс әкімдіктері үшін ғылыми негізделген тәсілдер мен нысаналы индикаторларды ескеріп, қосымша шараларды енгізе отырып, жемшөп өндірісін дамытудың 2022–2025 жылдарға арналған Жол картасын кеңейту бойынша жұмысын бастады. Атап айтқанда, Жол картасы жаңа жоғары өнімді сорттар мен будандарды енгізу арқылы жем-шөп дақылдарының өнімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралармен толықтырылатын болады.
Құжатқа, сондай-ақ құрғақ аймақ жағдайында жем-шөп өндірісінің шетелдік тәжірибесін зерделеу жөніндегі тармақ енгізілген. Бұдан бөлек, жаңартылған Жол картасы шеңберінде жем-шөп дайындау техникасы мен суару жүйелерін сатып алуды қаржыландыру, сондай-ақ жем-шөп өндіру жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу жоспарлануда.
Отырыс қорытындысы бойынша Амангалий Бердалин облыс әкімдіктерінің назарын өңірлерде жем-шөп дайындау қарқынын күшейту, бұл ретте жем-шөп бағасына мониторинг жүргізу және бағаның өсуіне жол бермеу қажеттігіне аударды.
Вам может быть интересно: «Услуги авиаперевозок взлетели в цене на 29% за год в Казахстане»