Жақып Асанов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Владимир Воронковпен кездесті

2770

 Қазақстан Республикасы парламенті сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Терроризмге қарсы басқарманың басшысы Владимир Воронковпен кездесті, деп хабарлайды ҚР парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, сенат төрағасының орынбасары өз сөзінде Қазақстан терроризмге қарсы күрестегі әлем қоғамдастығының ұжымдық күш-жігерді біріктіруін жақтайтынын және бұл құбылыстың барлық түрін үнемі айыптайтынын атап өтті.

«Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат Тұжырымдамасында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылда жаһандық және өңірлік күш-жігерді біріктіруге жәрдемдесу басымдықтардың бірі болып белгіленді. Біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларының талаптарын қалтқысыз орындап келеді және Біріккен Ұлттар Ұйымының терроризмге қарсы жалпыға бірдей барлық 19 конвенциясы мен хаттамасын ратификациялады», - деді Жақып Асанов.

Тараптар кездесу барысында ТМД Терроризмге қарсы орталығы, ШЫҰ-ның Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы, ҰҚШҰ аясындағы өңірлік қауіпсіздікті және құқық қорғау мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметін нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстандық депутат сондай-ақ Қазақстанда еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде терроризмге қарсы іс-қимыл міндеті басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті.

«Қазақстан Орталық Азия өңірінде бірінші болып 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қабылдады, ол кейіннен кеңейтіліп, ұзартылды. «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдар қабылданды, олар жаһандық көріністер мен жаңа сын-қатерлерді ескере отырып тұрақты түрде жетілдіріледі және маңыз беріліп келеді», - деп атап өтті Асанов.

Тараптар Қазақстанда болып жатқан саяси оқиғаларды да талқылады. Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов мемлекет басшысының бастамасы бойынша елімізді саяси жаңғыртуға бағытталған кешенді және жүйелі өзгерістер туралы хабардар етті.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить