«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жетісу облысында 59 нысан салынады – Ғиният

1610

Ажар Ғиният Жетісу облысына жұмыс сапары шеңберінде халықпен және азаматтық сектормен кездесу өткізді, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомство басшысы өз сөзінде денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағытын атап өтті. Бұл медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қамтуды кеңейту, ауылдық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту болып табылады.

«Біз Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесінде ел бойынша денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ел халқының өмір сүру ұзақтығының 74,44 жасқа дейін ұлғаюы байқалады, Жетісу облысы бойынша бұл көрсеткіш 73,48 жасты құрады. Облыс бойынша жалпы өлім-жітім ағымдағы жылдың 4 айында 13%-ға төмендеді», – деп атап өтті  Ғиният.

Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің рөлін атап өтіп, ол осы бағытта медициналық көмек көрсетудің әрбір деңгейінде мамандардың функционалдық міндеттері айқындалғанын, ең төменгі дағдылар айқындалғанын, көрсетілетін қызметтер көлемі, МСАК объектілерін құру критерийлері кеңейтілгенін, орта медициналық персоналдың өкілеттіктерін кеңейту көзделгенін еске салды.

Медициналық көмектің алғашқы деңгейінде бүгінде қашықтықтан медициналық қызметтер кеңінен қолданылады. Қазіргі уақытта 506 мыңнан астам қашықтықтан қызмет көрсетілді.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге келетін болсақ, өткен жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін нозологиялар тізбесін 3,6 млн адамды қамти отырып, 224,6 млрд теңге сомасына 126 нозологияға дейін кеңейтуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ ведомство басшысы онкологиялық қызметті жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асырудың басталуы туралы айтып берді, оның шеңберінде онкологиялық скринингтік бағдарламаларды кеңейту; МСАК ұйымдары мен онкология орталықтарын жарақтандыру үшін диагностикалық жабдықтарды жаңғырту; сәулелік терапияны жүргізу үшін желілік үдеткіштерді орнату қамтамасыз етіледі.

Жетісу облысына кешенді жоспар шеңберінде аудандық емханалар үшін 5 цифрлық және 3 жылжымалы маммограф, 11 бірлік бейнеэндоскопиялық жабдық, 2 бірлік МРТ, 3 бірлік сараптамалық кластағы УДЗ аппаратын, желілік үдеткіш, компьютерлік томограф, ангиограф, лапроскопиялық жабдық сатып алу жоспарланған. Жоспарда жергілікті бюджет есебінен жаңа онкология орталығын салу көзделген.

А. Ғиният мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу барысына тоқталды.

Жалпы, ұлттық жоба 655 МСАК объектісін, оның ішінде Жетісу облысында 59 объекті, 2023 жылы – 25, 2024 жылы – 34 нысан салу көзделген. «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ ірі қалаларға, оның ішінде телемедицина және қашықтықтан медициналық қызметтер арқылы барудың қажеттілігінсіз мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын 32 ауданаралық аудандық орталық ауруханаларға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу жоспарланған. Жетісу облысында жұмыс істеп тұрған Панфилов көпбейінді аудандық орталық ауруханасы жаңғыртылмақ.

Денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселесіне қатысты министр МӘМС енгізілген сәттен бастап медициналық көмекке ақы төлеуге бөлінетін қаражат көлемі 2,5 есеге, бір тұрғынның денсаулығына жұмсалатын шығыстар 2 есеге, жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жұмсалатын шығыстар 3,5 есеге өскенін атап өтті. Халықты сақтандыру бөлігінде, 2023 жылғы 1 шілдеге МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған адамдардың саны 16,5 млн адамды немесе ел халқының 83%-ын құрайды. 3,4 млн адам немесе 17% сақтандырылмаған. Жетісу облысында МӘМС жүйесінде 526 мың адам сақтандырылған немесе 75%-ды құрайды. 174 мың адам қатыспайды (22%). МӘМС жүйесіне қатысу үшін өткен жылы өткен кезеңдегі берешекті бір мезгілде есептен шығара отырып, 12 ай бұрын жарналар төлеу жолымен дербес төлеушілер үшін МӘМС жүйесіне кірудің баламалы тетігі енгізілді.

Министрмен кездесу барысында өңір тұрғындары медицина қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру және әлеуметтік қолдау, мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмектің қолжетімділігі, қант диабетімен ауыратын балаларды емдеу туралы сұрақтар қойды.

Азаматтардың жеке қабылдауында министр әр өтінішке толық түсініктеме беріп, бірқатар мәселелерді жеке бақылауға алып, ведомствоның бейінді департаменттері мен жергілікті атқарушы органдарға қойылған мәселелерді шешуді пысықтауды тапсырды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить