Ескелді ауданының әкімі тағайындалды

1810

Ескелді ауданында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, өңірге инвестиция тарту, қант қызылшасы, жүгері сияқты маңызды дақылдардың егістік алқаптарын арттыру жұмыстарын ширату, жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл туралы бүгін Ескелді ауданының активіне жаңа әкімін таныстыру барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімі лауазымына ұсынылған Елдос Ахметовтің кандидатурасын қолдап дауыс берді. Мұнан соң облыс басшысы аудан активімен кездесуінде өңір жетекшісінің алдына бірқатар міндеттер қойды.

Бейбіт Исабаев облыс көлеміндегі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, ауданның басымдық беруі тиіс бағыттарын да атап өтті. Ең алдымен бұған дейін халықпен кездесуі барысында қойылған 19 сұрақ-ұсыныс негізінде әзірленген іс-қимыл жоспарының мерзімді әрі сапалы орындалуы басты назарда болуы керектігін баса айтты. Бұл қатарда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару, елді мекендерді газдандыру мен ауыз сумен қамту мәселелері бар екенін еске салды.

- Елдос Ахметов осы өңірдің азаматы, бұрыннан өздеріңізбен бірге жұмыс істеп келеді. Бұдан былай да бірлесіп еңбек етесіздер деп сенемін. Әкім адал, таза жұмыс істесе, әділ болса, азаматтық ұстанымы берік болса, халық оны бірден байқайды. Өйткені көптің көзі қырағы. Қарапайым қалыпта, жұртшылықпен тіл табыса жұмыс істеп, аудан экономикасын ілгерілетіп, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бар күш-жігеріңізді саласыз деп сенемін, - деді Б.Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің өкімімен Елдос Тұрсынбайұлы Ахметов Ескелді ауданының әкімі болып тағайындалды.

Елдос Тұрсынбайұлы Ахметов

1968 жылы туған, білімі жоғары. Семей қаржы-экономикалық техникумын «мемлекеттік бюджет», Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін «қаржы және несие», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «юриспруденция» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Талғар қаласы бойынша салық инспекциясының салық инспекторы болып бастады.

Әр жылдарда Талдықорған облысы бойынша салық инспекциясының салық инспекторы, аға салық инспекторы, бас салық инспекторы, Талдықорған облысының Талдықорған ауданы бойынша салық инспекциясының, салық бөлімінің, салық комитетінің бастығы, Алматы облысы Ескелді ауданы бойынша салық комитетінің бастығы, төрағасы, Көксу ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, бөлім бастығы, Текелі қалалық қаржы бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарды.
2018 жылдың ақпанынан - Ескелді ауданы әкімінің орынбасары болды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить