Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе тасымалы екі есеге артады

Осы айда екі елдің авиациялық билігі әуе тасымалын одан әрі арттыру және ұшу географиясын кеңейту тұрғысында келіссөздер жүргізеді.

Бұл туралы екі елдің мемлекет басшыларының Анкарада өткен шағын құрамдағы кездесуінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

ИИДМ басшысы өз сөзінде Қазақстан мен Түркия арасындағы авиация саласындағы ынтымақтастық артып келе жатқандығын баяндады. Бүгінде әуе қатынастары бойынша Үкіметаралық келісім негізінде елдер арасындағы тұрақты рейстердің жиілігі бойынша аптасына 61 жолаушылар рейсі орындалуда.

Атап айтқанда, осы мерзім аралығында отандық Air Astana, Fly Arystan және SCAT әуе компаниялары 37 рейс орындаса, түркиялық Turkish Airlines және Pegasus компаниялары 24 рейсті жүзеге асыруда. Жолаушылар Стамбұл мен Анкараға және кері бағытта Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Түркістан қалалары арқылы ұша алады.

Ал 13 мамырдан бастап әуе рейстерінің саны аптасына 63 рейске артпақ. Сәйкесінше, екі ел арасындағы апта сайынғы рейс саны 124-ке дейін өсетін болады.

«Биылғы жылдың 13 мамырынан бастап, Анталия және Бодрум бағыттарында қатынайтын Air Astana, SCAT, Turkish Airlines әуе компанияларының рейс саны біртіндеп артады. Қосымша рейстер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Орал, Шымкент және Өскемен арқылы іске асырылады», – деді Қайырбек Өскенбаев.

Мысалға, SCAT Анталияға аптасына 29 жаңа рейсті Нұр-Сұлтан (аптасына 7 рейс), Алматы (6), Ақтөбе (3), Атырау (3), Шымкент (2), Қарағанды (2), Орал (2), Қостанай (2), Ақтау (1), Өскемен (1) қалаларынан жүзеге асырады.

Ал Air Astana Нұр-Сұлтан және Алматыдан Анталия (7 рейстен) мен Бодрумға (2 рейстен) аптасына 18 рейс жасамақ.

Turkish Airlines Анталияға аптасына 16 рейсті Нұр-Сұлтан (5 рейстен), Алматы (4) және Қарағандыдан (3), ал Бодрум бағытында Нұр-Сұлтан (2 рейстен) мен Алматыдан (2) орындайды.
Айта кету керек, COVID-19 пандемиясына дейін Қазақстан мен Түркия арасында аптасына 65 шақты әуе тасымалы жүзеге асырылған болатын.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1838 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Dream Team House переезжает в Казахстан? Смотреть на Youtube