Женевада Орталық Азия мен Моңғолияда өлім жазасынан азат аймақ құру перспективалары талқыланды

2898

Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің ұйымдастыруымен Орталық Азия елдері мен Моңғолияның тұрақты өкілдерінің Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссиямен (Комиссия) өңірлік кездесуі өтті.

Комиссияның вице-президенті және Швейцария Конфедерациясының бұрынғы президенті Рут Дрейфус, сондай-ақ Моңғолияның бұрынғы президенті Цахиагийн Элбэгдорж іс-шараға қатысушы тұрақты өкілдермен бірге өңір елдерінің өлім жазасын жою бойынша шараларын және аймақты өлім жазасынан азат аймаққа трансформациялаудың ықтимал жолдарын талқылады.

ҚР Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев өз сөзінде Қазақстанның 2021 жылы өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялауы туралы айтып берді. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат қатысушыларды «Екінші Республика» тұжырымдамасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалар және 2022 жылғы 5 маусымда Конституцияға түзетулер, оның ішінде өлім жазасына тыйым салу түзету бойынша референдум өткізілетіні туралы хабарлады.

Комиссия вице-президенті Р. Дрейфус Қазақстанды өлім жазасының күшін жоюдағы жетістіктерімен құттықтап, Мемлекет басшысының реформалар бағдарламасын құптады. Кездесу барысында Орталық Азия мен Моңғолия елдерінің өкілдері аймақты өлім жазасынан азат аймаққа айналдыру бойынша мүмкін болатын одан әрі іс-қимылдарға қатысты өз тәжірибелері мен көзқарастарымен бөлісті.

Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссия – бүкіл әлемде өлім жазасының күшін жою мәселесімен айналысатын тәуелсіз ұйым. Қазіргі уақытта 100-ден астам ел өлім жазасын заңнамалық деңгейде алып тастады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить