Қазақстанда шығарылатын жиһазға сұраныс бар

3180

2023 жылы елімізде жиһаз өндірісі бойынша төрт ірі жоба іске қосылады, деп хабарлайды ҚР ИИДМ. Бүгінде бұл кәсіпорындар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, өндіріс ошағына қажетті жабдықтарды сатып алуда.

2022 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша жиһаз өнімдерінің өндіріс көлемі 16,4 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда, қаңқасы металдан жасалған отыруға арналған жиһаз өндірісі 6%-ға, кеңсеге арналған ағаштан жасалған жиһаз 30,4%-ға, ас үй жиһазы 33,5%-ға, сондай-ақ жатын бөлмеге арналған ағаштан жасалған жиһаздар өндірісі 2,2%-ға артқан.

«Бүгінде Қазақстанда жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Салада жаңа кәсіпорындар ашылып, өндіріс ошақтарының отандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артуда. Жалпы, елімізде тұрғын үй құрылысы жылдан жылға белсенді жүргізілуіне байланысты жиһаз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары», - дейді сала мамандары.

Мәселен, биыл Солтүстік Қазақстан облысында жиһаз өнеркәсібі үшін шикізат компоненттерін шығару бойынша екі жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, "Сапа Инвест Плюс" серіктестігі ағаш-жоңқа плиталарын, оның ішінде 30 мың текше метр көлемінде ламинатталған тақталар өндірісін іске қосуды жоспарлауда. Ал "Солтүстік фанер комбинаты" қайың ағашынан 50 мың текше метр ағаш-жоңқа плиталарын шығаруға ниетті.

Айта кету керек, отандық жиһаз өнеркәсібінің өнімдері көрші елдерде де жоғары сұранысқа ие. Жыл басынан бері қазақстандық жиһаз өнімдері экспортының негізгі көлемі Қырғызстан, Өзбекстан, Германияға жөнелтілген. Сұранысқа ие тауарлардың қатарында пластмасса мен металдан жасалған және жатын бөлмеге арналған ағаштан дайындалған жиһаз сынды тауарлар бар.

Жалпы, 2025 жылға дейін елімізде жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібінде 12 жобаны іске асыру жоспарланған.

ҚР ИИДМ

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить