«Өрт сөндірушілер орманда ас-сусыз жұмыс істеп жүр» - ТЖД түсінік берді

1604

 «Шығыс Қазақстан облысында ормандағы жалынмен күресіп жатқан өрт сөндірушілер ас-сусыз жүр» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен мәлім етті.

Әлеуметтік желілерде Ұлан ауданы Асубұлақ орман шаруашылығындағы ірі өртті ауыздықтауға жұмылдырылған құтқарушылардың ас-сусыз қалып, аш жүргендері туралы ақпарат тарады. Бұған қатысты бүгін ШҚО Ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Дмитрий Титов түсінік берді.

«Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жеке құрам міндетті түрде үш тәулікке жететін азық-түлікпен қамтылады. Ал 3 күн өтіп, азық таусылған кезде оларды тамақтандыруды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Ұлан ауданындағы орман өртін сөндіруге қатысып жатқан құтқарушылар да дәл осылай азық-түлікпен қамтамасыз етілген», - деді ол.

Сондай-ақ Дмитрий Титов жеке құрамның қанша жалақы алатынын айтып берді.

«Соңғы екі жылда өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 63 мыңнан 130 мың теңгеге дейін өсті. Ал 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан өрт сөндіру көлігінің жүргізуші 200 мың теңге алады», - деді департамент бастығының міндетін атқарушы.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-дағы табиғи қорықта шыққан өрттің сөндірілгенін хабарлаған едік.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить