Қостанайлық кәсіпкерлер бизнес-омбудсменмен қордаланған мәселелерді талқылады

1983

Қостанай облысының әкімдігінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің өкілдері қатысты.

Қостанай облысы әкімінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Арман Әбенов Қостанай облысында соңғы жылдары көптеген ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатқаны туралы айтып өтті. Өңірде қолайлы бизнес-ахуалды дамыту үшін жағдай жасалуда. Өткен жылдың өзінде 2 мыңға жуық жоба іске асырылды.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының белсенді қолдауымен өңірде бизнестің көптеген мәселелері шешілуде. Дегенмен кейбір проблемаларды үкіметтік деңгейге шығару қажет.

Мысалы, бұл туралы құрылысшылар, аграршылар, сауда және ұн тарту саласының өкілдері айтты.
«Квард LTD» ЖШС директоры, Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің өкілі Наталья Лапшина әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатумен айналысатын супермаркеттер иелерінің атынан сөз сөйледі. Оның айтуынша, кәсіпкерлер шығынға батуда, өйткені кейбір өнімдердің сатып алу бағасы бөлшек бағадан да жоғары.

- Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын белгілеу және бағаның шекті мәндерін анықтау өнімнің өзіндік құны мен бизнестің рентабельділігін ескерусіз қалыптасады. Осыған байланысты сату тізбегі бұзылады, өнім өндірушілер, сауда-саттықпен айналысатындар шекті бағаны сақтау үшін шығынға батады. Нәтижесінде кәсіпкерлер өз тауарларын дүкендерге тиімсіз бағамен жеткізуден бас тартуына байланысты дүкендердегі сөрелер бос қалып жатыр. Шекті бағаны белгілеу ережесі 2015 жылы бекітілген және ескірген, - деді Наталья Лапшина.

Кәсіпкерлер бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізуді немесе осы тәжірибеден мүлдем бас тартып, оның орнына атаулы әлеуметтік қолдауға көшуді сұрайды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты өндірушілерде де біршама сұрақ туындады. «Жас-Қанат 2006» ЖШС Бас директоры Қайрат Маишев жұмыртқа саласы шекті бағаларды реттеудің кепіліне айналғанын хабарлады. Кәсіпкер бизнестің шығындарын төмендету үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміндегі С1 санатындағы жұмыртқаны С2 санатындағы жұмыртқаға ауыстыруды ұсынды.

Дөңгелек үстелге облыстың құрылысшылары қатысты, оларда да біршама мәселе жиналып қалған екен. Қостанай облысы құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Ирина Викулованың айтуынша, бүгінгі таңда бірқатар бюрократиялық кедергілер бар, соның салдарынан құрылыс салушылар нысандарды уақытында тапсыра алмайды.

- 2019 жылдан бастап объектілерді пайдалануға беру актісіне қол қою кезінде Ұлттық сараптама орталығымен және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен келісу жүргізу қажет. Шын мәнінде, бұл келісулер жобаларды іске асыруға жауапты техникалық және авторлық қадағалау мамандарының жұмысын қайталайды. Бұл кәсіпкерлер үшін, әсіресе құрылыс кезеңінің соңында, объектілерді пайдалануға жаппай өткізу кезінде айтарлықтай кедергі болып табылады. Мемлекеттік органдар бюрократияны күшейте отырып, артық пункттерді пайдаланады. Біз енгізу актісінен 12 және 13-тармақтарды алып тастауды сұраймыз, - деді Ирина Викулова.

Құрылысшылар көтерген басқа да проблемалық мәселелердің қатарында-мемлекеттік сараптаманы бәсекелестік ортаға беруді кешеуілдету, саланың енгізілген еурокодтарға дайын еместігі, Қазақстанда құрылыс қалдықтарын кәдеге жарату зауыты болмағандықтан полигондарда құрылыс қалдықтарын кәдеге жаратуға тыйым салу, сондай-ақ жаңадан салынған газ құбырларын теңгерімге алмайтын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен туындаған даулы жағдай да бар.

- Мен қазір осы проблемаларды кешенді түрде қарастыру үшін қала құрылысы кодексін әзірлеу жөнінде хат жолдауға әзірмін. 2017 жылы осы кодекстің тұжырымдамасы әзірленген еді. Байқасам, жұмысты жалғастыру қажет тәрізді, - деп жауап берді Рустам Жүрсінов.

Облыстың ұн тартушылары да өз проблемасын алға тартты. Соңғы уақытта диірмендер ішкі нарықта өте төмен астық ұсынысына және бағаның күрт өсуіне тап болды. Осы себепті Қостанай облысында ұн тарту кәсіпорындарының жартысы жұмысын тоқтатты. Бұл маңызды мәселе және осы салада жұмыс істейтін барлық қазақстандық кәсіпкерлердің мүддесін қозғайды. Қазір мүмкін болатын шешімдер мемлекеттік деңгейде талқылануда.

Бұл өсімдік, мал шаруашылығын субсидиялау, ауыл шаруашылығы жабдықтарын әкелуге ҚҚС енгізу мәселелеріне қатысты, аталмыш мәселелер дөңгелек үстел отырысында көтерілді.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Айдарбек Ходжаназаров атап өткендей, мұндай іс-шаралар бизнес өкілдері үшін өте пайдалы, олар кері байланыс ала алады және ең өзекті сұрақтарға жауап алады.

Айдарбек Ходжаназаровтың айтуынша, Қостанай облысы үкіметтік деңгейде шешілуі қажет негізгі проблемалық мәселелер жиынтығын тұрақты негізде ұсынатын болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить