260 кәсіпкерлік субъектісі құны 43 млрд теңгеге «айналым схемасы» бойынша келісімге қол қойды

2504

Сауда және интеграция министрлігі "айналым схемасы" шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген қаржыландыру ұсыну бағаны тұрақтандыру бойынша нәтижелі нарықтық шаралардың бірі болып табылатынын хабарлайды. Маусымаралық кезеңде "айналым схемасы" шеңберінде міндеттемелер алған сауда объектілеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы "үй жанындағы" дүкендерге және базардағы бағаларға қарағанда төмен екенін көрсетті.

Айналым схемасы - өндірушілерге жеңілдетілген несие беру арқылы тауарларды белгіленген бағамен сату міндеттемелерін енгізу болып табылады. Кредиттік ақша сауда желілеріне төмен бағалар кезеңінде өнімді алдын ала сатып алуға және өндірушілермен форвардтық шарттар жасасуға көмектеседі.

Қаражат жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен бөлініп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне несие түрінде беріледі. Сонымен қатар сауда субъектілеріне де, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілерге де бөлінеді.

"Айналым схемасына" қатысу үшін кәсіпкерлерге қойылатын талаптар барынша ашық және қолжетімді болып табылады. Ол 2019 жылы АШМ министрінің бұйрығымен бекітілген ӘМАТ бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларында (https://adilet.zan.kz/rus/docs/V1900019123) көрсетілген.

Жеңілдікті несиені алу үшін кәсіпкерлік субъектілері заңнамада белгіленген критерийлерге сәйкес келуі шарт.

Бағаны тұрақтандыруға және "айналым схемасы" құралы бойынша жеңілдікпен кредит алуға мүдделі сауда субъектісі аймақтық әкімдікке және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға жүгіне алады. Қатысушыларды іріктеу өңірлерде бағаны тұрақтандыру жөніндегі өңірлік комиссияның ұсыныстары негізінде жүргізіледі.

Қазіргі уақытта айналым схемасы шеңберінде Қазақстан Республикасында 260 сауда субъектілерімен (сауда желілері, дүкендер) және тауар өндірушілермен (шаруа қожалықтары, наубайханалар және т.б.) шарттар жасалды. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 43 млрд. теңгені құрады.

Анықтама:
Жеңілдетілген несие 2019 жылдың ортасынан бастап енгізілді. Бастапқы пилоттық кезеңде 2019 жылы 2,3 млрд.теңге, 2020 жылы – 11,8 млрд. теңге бөлінді. Бұл тетік өзінің тиімділігін көрсетті және 2021 жылғы желтоқсанға қарай "айналым схемасын" қаржыландыру 50,5 млрд теңгеге дейін жеткізілді.

Бөлінген қаражат сауда субъектілеріне тауар өндірушілерден белгіленген баға бойынша тауарларды сатып алуға және оларды нарықтық бағадан төмен сатуға мүмкіндік береді.

Мәселен ақпан айында Сауда комитеті картоп бағасына талдау жасады. Сауда желісінде картоптың 2 түрі бар екені анықталды: "айналым схемасы" бойынша тіркелген баға 112 теңге, коммерциялық - 260 теңгеден сатылған. Сауда желісінде картопты сату көлемі "айналым схемасы" бойынша – 96 тонна, коммерциялық баға бойынша - 32 тоннаны құрайды. Осылайша "айналым схемасы" бойынша сатылатын өнімдерге деген сұраныстың жоғары екенін көріп отырмыз.

Берілген 43 млрд.теңге ел тұрғындарының (қала тұрғындарының 2,2%) ӘМАТ-қа деген қажеттілігінің бар болғаны 1,3%-ын қамтамасыз ете алады. Бұл қазіргі жағдайда ӘМАТ бағасын тиімді ұстауға жеткіліксіз екенін ескерсек, өңірлер сәуір айының соңына дейін «айналым схемасы» аясында қаржыландыру көлемін 100 млрд теңгеге жеткізуі қажет.

Соманың ұлғаюы егіс сатысында белгіленген бағамен көбірек өнім көлемін келісімшарт жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, бөлшек саудагерлер өндірушілерден тиісті көлем алып, егін жиналғаннан кейін бірнеше ай ішінде тауарларды төмен бағамен жеткізуге кепілдік береді. Ал өндірушілер ауылшаруашылық жұмыстарын бастамас бұрын ақша алады және банк несиелеріне тәуелділігін азайтады.

«Айналым схемасы» қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген қаржыландыру одан әрі келісім-шарттық шаруашылыққа көшіріліп, отандық арзан өнімді дамытуды ынталандырады деп болжанып отыр.

Айта кетсек, Сауда және интеграция министрлігінде өткен кездесуде Қазақстан сауда желілері Одағы Басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Әбдиев сауда желілерінің "айналым схемасы" құралын пайдалануға мүдделілігінің төмендегенін хабарлады.

«Айналым схемасы» бойынша келісім-шарт жасасу кезінде біз тауарды бөлшек саудада өткізу бағасын бекітеміз. Бірақ сонымен бірге біз өндірушілер бағасының үнемі өсіп жатқанын көріп отырмыз. Келісімшарттардың талаптарын орындау үшін біз тауарларды сатып алу бағасынан төмен бағамен сатуға мәжбүр боламыз деген қауіптер артып келеді», - деді Әбдиев.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить