Қаржы вице-министрі Вашингтонда екіжақты кездесулер өткізді

1307

Халықаралық валюта қорының және Дүниежүзілік банк тобының кезекті көктемгі кездесулері аясындағы Қазақстан делегациясының Вашингтонға сапары барысында ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил екіжақты кездесулер өткізді.
Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша сатып алу жөніндегі жаһандық тәжірибе бөлімінің жетекшісі Саймон Ченьерани Чирвамен кездесу барысында мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында жүргізіліп жатқан реформалар талқыланды. Саймон осы саладағы алдыңғы қатарлы тәжірибелермен бөлісіп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді. Тараптар, сондай-ақ ағымдағы жылдың мамыр айында сатып алулар бойынша бірлескен семинар өткізуге келісті, ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі деп хабарлайды.

Дәурен Кеңбеилдің Дүниежүзілік банк қазынашылығының капитал нарықтары және инвестициялар жөніндегі директоры Джордж Ричардсонмен кездесуінде Қазақстандағы жобаларды ұлттық валютада қаржыландыру тетіктері талқыланды. Дүниежүзілік банк өкілдері қазақстандық қарыз алушыларды теңгемен қаржыландыру жөніндегі ұсынысты қолдап, Дүниежүзілік банк өкілдерінің Нұр-Сұлтан қаласына арнайы сапары барысында егжей-тегжейлі талқылауды жалғастыруды ұсынды.

Бұдан басқа, Дәурен Кеңбеил Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша жеке секторды және Қаржы нарығын дамыту жөніндегі жаһандық тәжірибе жетекшісі Ілияс Скамнелоспен кездесті, ол банктің шағын және орта кәсіпорындарды қолдау жөніндегі қолданыстағы бағдарламалары туралы хабардар етті. Тараптар Қазақстандағы инфрақұрылымдық инвестициялық жобаларды қаржыландырудағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін ортаға салды.
Дәурен Кеңбеил Ситибанктің дамушы нарықтар бойынша мемлекеттік сектормен жұмыс жөніндегі секторының басшысы Георгий Йордановпен және Ситибанктің Еуропа, Орта Азия және Африка бойынша капитал нарықтарының басшысы Уильям Уивермен кездесу өткізіп, онда Халықаралық бағалы қағаздар нарығындағы ағымдағы жағдай және дамушы нарықтар үшін капиталдың сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндіктері талқыға салынды.

Сапар аясында Дәурен Кеңбеил Eaton Vance, Fidelity Investments, Lazard, Payden & Rygel сынды ірі инвестициялық қорлардың өкілдерімен кездесіп, онда Қазақстанның жергілікті және халықаралық облигацияларына инвестициялар саласындағы ең өзекті мәселелер мен екіжақты жемісті ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить