Нұр-Сұлтан мен Қосшыдан келетін қоқыс: Министрлік заңсыз полигонға түсінік берді

1603

 Ақмола облысы Қосшы қаласының Тайтөбе кенті маңында пайда болған стихиялық қоқыс үйінділері жойылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство өкілдері осы мәселеге байланысты тұрғындармен кездесу өткізді. Оған Мәжіліс депутаттары қатысты.

Кент тұрғындары Целиноград ауданы аумағында заңдастырылған полигонның жоқтығына алаңдаулы. Олар Нұр-Сұлтан мен Қосшы қалаларынан шығарылатын тұрмыстық қатты қалдықтардың елді мекен маңына рұқсатсыз төгіліп жатқанын алға тартады. Мұндай қоқыстардан өрт шығуы мүмкін екеніне, қоршаған ортаға кері әсері барына наразы.

Мәлім етілгеніндей, Экология министрлігі жоспар кестесін бекіткен. Соған сәйкес жергілікті әкімдік стихиялық қоқыс орындарын жоюы керек.

Аудан әкімдігінен Тайтөбе кентінің жанындағы қоқыс орнын ретке келтіруге 100 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, аумақта шлагбаум және бейнебақылау камералары орнатылады.

Айта кетсек, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ суреттеріне сәйкес, аудан аумағынан өткен жылы 316 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 65% астамы жойылған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить