Қазақстанда азық-түліктің резервтік қорларын құру ұсынылды

2804

Сенат депутаты Бауыржан Қаниев азық-түлікпен қамтамасыз етуді тұрақтандыру үшін резервтік қорлар құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қаниев келтірген статистикалық дерекке сүйенсек, қазір елге сүт өнімдерінің 23%-і, құс етінің 38%-і, шұжық өнімдерінің 44%-і шетелден импортталады. Яғни, Қазақстан импорттық өнімдерге айтарлықтай тәуелді, бұл мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді, деп санайды ол.

Осыған байланысты депутат елдің импортқа тәуелділігін төмендету, тамақ өнімдері өндірісін дамыту, экспорт пен импорттың теңгерімді құрылымын сақтау, сондай-ақ азық-түлікпен қамтамасыз етуді тұрақтандыру үшін резервтік қорлар құруды ұсынды.

"Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік астық ресурстарын және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қалыптастыру, сақтау және пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынамыз", - деді Қаниев премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Сондай-ақ сенатор әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасын белгілеу және сауда үстемелерін 15%-тен 10%-ке дейін төмендету қажет деп есептейді.

Бұған қоса ол елде шығарылмайтын немесе сыртқы нарықта аз көлемде өндірілетін өнімдерді сатып алу тетігін енгізуді ұсынды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить