Брюссельде Қазақстан мен Еуроодақтың «жасыл даму» саласындағы ынтымақтастық жолдары талқыланды

Қазақстанның COP26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммитке қатысу нәтижелерін талқылау мақсатында «Қазақстанның жасыл даму – Еуроодақ қалай қолдау көрсете алады?» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтті.

Онлайн іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зульфия Сүлейменова, Еуропалық Энергетикалық хартия хатшылығының Бас хатшысы Урбан Руснак, ҚР Сауда және интеграция Вице-министрі Қайрат Төребаев, Еуропалық экономикалық және әлеуметтік комитеттің Президенті Дмитриус Дмитриадис және Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің өкілі Хелен Гоннорд қатысты.

Іс-шарада кіріспе сөз алған Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Қазақстанның жасыл және тұрақты экономикаға көшу бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Мысалы, 2020 жылы желтоқсанда өткен Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын жариялады. Қазақстан көміртекті бейтараптыққа жер мен суды пайдаланудың орнықтылығын, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, электрлендіру және экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымды пайдалану арқылы қол жеткізетін болады.

У.Руснактың пікірінше, кең ауқымды цифрландыру, қарқынды дамып жатқан экономика және уақытылы реформалар Қазақстанның климаттық амбицияларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, өйткені тұрақты дамуға көшу тиімді жүйелердің болуын талап етеді. Ал Д.Дмитриадис Қазақстанмен ынтымақтастық Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы өзінің «жасыл келісім» құндылықтарын ілгерілету мүдделеріне жауап береді деп санайды.

Депутат З. Сүлейменова ҚР-дың жаңа экологиялық кодексі аясында ЕО-мен жүзеге асыруға болатын өзара іс-қимыл салаларын атап өтті. Атап айтқанда, көміртек шығындарын сату, ормандарды қорғау және қоғамды климаттық өзгерістерге бейімдеу саласында ортақ бағдарламаларды жүзеге асыруға болады.

Қ.Төребаевтың айтуынша, теңізге тіке жолы жоқ, табиғи ресурстар қоры үлкен және тиісінше сауда жолдарын үнемі әртараптандыруға мүдделі ел ретінде Қазақстан ЕО-мен өзара іс-қимылды жандандыруды сыртқы сауда саясатының стратегиялық бағыты ретінде қарастырады. Сондықтан, еліміз Еуроодақтың көміртек шекара механизмінің екіжақты саудаға ықтимал әсерін қазірден бастап талқылауға әзір екендігін атап өтті.

Қатысушылар Қазақстанның 2060 жылға дейін климаттық бейтараптыққа қолжеткізу бойынша мақсаттары мен Еуроодақтың жасыл келісім аясындағы 2050 ж. қарай бейтараптыққа көшу стратегиясы аясында сауда, тұрақты бизнес салаларын қолдау және инновацияларды енгізу бағытында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерінің көбейетініне келісті.

Қазақстан 2016 жылы Париж келісімін алғашқы елдердің бірі болып ратификациялады. Осы құжатты іске асыру үшін 2030 жылға қарай ҚР парниктік газдар шығарындыларын 15 пайызға қысқартуды көздейді. Бұған қоса, елде ұлттық деңгейде айқындалған үлес (Nationally Determined Contribution) көрсеткіштері жаңартылып, жаңа Экологиялық кодекс қабылданды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте