Ауғанстандағы жағдай ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының отырысында талқыланды

1853

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Маргарет Седерфельттің бастамасымен ұйымның Ауғанстандағы жағдайға арналған отырысы өтті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі

Онлайн режимде ұйымдастырылған іс-шараға Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламенттері делегацияларының жетекшілері, ЕҚЫҰ-ның осы елдердегі кеңселерінің, сондай-ақ, ЕҚЫҰ қақтығыстардың алдын алу жөніндегі орталығының өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылар Ауғанстандағы қазіргі жағдайға назар аударып, соған байланысты Орталық Азия елдері үшін өңір қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерді талқылады.

Пікір алмасу барысында ЕҚЫҰ ПА төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Сенатының вице-спикері Асқар Шәкіров Ассамблеяның қолданыстағы мандаты аясында ауған халқының сенімін қалпына келтіру шараларын әзірлеу мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда халықаралық коалиция күштерінің осы елден шығарылуына байланысты Ауғанстан азаматтарында ертеңгі күнге деген сенімсіздік басым екені белгілі.

Орталық Азия елдері Ауғанстаннан босқындардың жаппай көшуі кезінде аймақтағы жағдайдың тұрақсыздануына және радикалды ағымдар өкілдерінің өңірге шоғырлану мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді.

Вице-спикер Ауған жеріндегі жағдайды тұрақтандыру жұмыстарына Қазақстанның қатысып жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешіміне сәйкес Алматыға БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының уақытша кеңсесі көшірілгенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда Миссия қызметкерлеріне жұмыс істеуге және тұруға қажетті жағдай жасалған.

Отырыс соңында Парламенттер өкілдері Ауғанстандағы ахуалға оның ЕҚЫҰ аймағындағы қауіпсіздікке ықпалы тұрғысынан тұрақты мониторинг жүргізу керектігі туралы ұсыныстар айтты. Сондай-ақ, бұл мәселені Парламенттік Ассамблеяның алдағы іс-шараларының күн тәртібіне енгізу қажеттігі де сөз болды.

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить