Алматыда 100 шақырымнан асатын жаңа жол салынады

1595

 Алматының шеткі шағын аудандарында жол салу мен жөндеу – ерекше бақылауда. Бұл туралы мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Almaty телеарнасындағы тікелей эфир барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, биыл Алматыда 100 шақырымнан асатын жаңа жол салу жоспарланған.

«Алматы облысының елді мекендерінің қалаға қосылуына байланысты қала аумағы ұлғайды. Жол, сумен жабдықтау, су бұру желісі мен балабақша, мектеп, емханалар салуға барлық күш жұмылдырылды. Бұл мәселе ерекше бақылауда», - деді әкім.

2021 жылы Алатау, Түріксіб және Наурызбай аудандарындағы сегіз шағын ауданында жаңа жолдар салу жоспарланып отыр. Бұлар – Өжет, Шаңырақ-5, Самғау, Нұршашқан, Құрамыс, Әлмерек, Қайрат, Алғабас шағын аудандары. Осы шағын аудандардағы 415 көшеде ұзындығы 108 шақырым жаңа жол салынады.

Сонымен бірге «Думан» шағын ауданындағы ұзындығы 30,5 шақырым болатын 53 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде ұзындығы 5,6 шақырым болатын11 көшеде жұмыс аяқталды. Қалған 42 көшені аяқтау қыркүйек айына жоспарланған.

«Бұдан өзге, ұзындығы 227,5 шақырым болатын 225 көшеде жол жабынын жөндеу қолға алынды. Қазіргі кезде 66 көшеде жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде 12 магистральды және 54 жергілікті маңызы бар көшелер»,- деді Бақытжан Сағынтаев.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить