Полиция департаменті бастықтарының қызметін бағалау критерийлері әзірленуде - ІІМ

2054

ҚР Ішкі істер министрлігі полиция департаменті мен қылмыстық-атқару жүйесінің әрбір бастығының қызметін бағалау критерийлерін әзірлеуге кірісті. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, таяуда ІІМ-нің алқа мәжілісі өтіп, онда ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев жол инфрақұрылымын жақсарту үшін өкілетті органдармен жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді және тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ қазіргі карантин жағдайында көші-қонға сенімді бақылауды қамтамасыз ету мәселесі аса маңызы екенін атап өтті.

Мұнан бөлек ұрлықтың, оның ішінде ІІМ-нің 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау жөніндегі бағдарламасын іске асыру шеңберінде мал ұрлығының, сонымен бірге ақпараттық технологиялар көмегімен жасалатын алаяқтықтың алдын алу бойынша шаралар әзірлеу қажеттігін жиналғандардың қаперіне салды.

Министр сондай-ақ, жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіптің сақталуына, кадр саясатын жетілдіруге, қоғам мен халықтың үмітіне сәйкес келетін «жаңа форматтағы» полиция қызметкерін құруға ерекше назар аударды.

«ІІМ полиция департаменті мен қылмыстық-атқару жүйесінің әрбір бастығының қызметін бағалау критерийлерін әзірлеуге кірісті. Бұл бағалау тәсілінде халықтың сенім деңгейі, қоғаммен өзара іс-қимыл және жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес міндетті түрде ескерілетін болады», - деп атап өткен ведомство басшысы.

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить