Алматыдағы су айдындары дрон көмегімен бақылануда

1692

Алматыда суға түсуге тыйым салынған орындар дрон көмегімен бақылануға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылғының ерекшелігі - ол әуе арқылы бақылап қана қоймай, сонымен қатар Сайран көлінің рұқсат етілмеген жерлерінде шомылып жүргендерді дауыс зорайтқыш жүйесі арқылы ескертеді.

«Бұған дейін Сайран көлінде патрульдеуді 109 құтқару қызметінің құтқарушылары екі маршрут бойынша қайықпен жүргізетін. Оның жиілігі әр 20 минут сайын, 40 минуттық уақытпен жүзеге асырылды. Бұл әдіс айтарлықтай уақыт алатын. Енді суға түсуге тыйым салынған жерлерді дрон көмегімен бақылауға алдық», - деп жазды әлеуметтік желіде қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Суға шомылу маусымы басталғалы бері Төтенше жағдайлар департаменті, полиция басқармасы, республикалық жедел- құтқару жасағы мен 109 құтқару қызметі, ҚР ҰҚ 5571 әскери бөлімі және еріктілер 300-ден астам бірлескен рейд өткізді. Шара барысында 4,5 мыңнан астам адамға үнпарақ таратылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 440-бабы («алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе мас күйінде қоғамдық орындарда көріну») бойынша 19 адам 270 мың теңгеге әкімшілік жауапқа тартылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Сайран көлінде екі адам суға батып, алты адам құтқарылды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить