Орталық Азия мемлекеттері бірыңғай туристік бағыт қалыптастыра ала ма?

33870

Бұл туралы Алматыда ұйымдастырылған АҚШ пен Орталық Азияның мемлекеттік және жеке секторлары өкілдерінің басын қосқан алғашқы «B5+1: Business partership, regional prosperity» форумында қомақты әңгіме қозғалды

Фотосуретті «B5+1: Business partership, regional prosperity» форумының ұйымдастырушылары ұсынған
Фотосуретті «B5+1: Business partership, regional prosperity» форумының ұйымдастырушылары ұсынған
Фото: © Павел Михеев

Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және АҚШ-тан 240-тан астам сарапшылар, бизнес-қауымдастық өкілдері, шетелдік инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысты. B5+1 форумы 2023 жылдың күзінде Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары мен АҚШ басшылығының Нью-Йоркте өткен саммиті барысында құрылған болатын.

Айта кету керек, ҚР ұлттық экономика министрлігі мен АҚШ-тың халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы (CIPE) қолдауымен ұйымдастырылған B5+1 форумы Орталық Азия аймағындағы экономикалық өркендеуге ықпал ететін серіктестіктер арқылы ынтымақтастықты нығайтуға және іскерлік ортаны жақсартуға ықпал етуді көздейді. Форумда талқыға салынған мәселелердің арасында аймақтық нарықтарды дамыту үшін маңызды бес басым сектор: көлік және логистика, электрондық коммерция, туризм, жасыл және жаңартылатын энергия көздері, агробизнес саласын дамыту жолдары мен халықаралық инвесторларды аймақ экономикасына тарту жолдары талқыға салынды.

B5+1 форумына қатысқан америкалық компаниялардың өкілдері Орталық Азия мемлекеттеріндегі экономикалық басым салаларға инвестиция салу туралы пікірлерін оратаға салды, ал жергілікті бизнес-қауымдастықтар аймақтық және халықаралық деңгейде жаңа нарықтарды дамытып, оларға қол жеткізу үшін мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы көмек пен диалогты пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

АҚШ президентінің арнайы көмекшісі және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Ресей және Орталық Азия бойынша аға директоры Николас Берлинер өз сөзінде бұл форумның Орталық Азиядан тыс жерлерге таралатын аймақтық экономикалық интеграцияның катализаторы ретіндегі маңыздылығын айтып өтті. Ол, сондай-ақ АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы серіктестіктің артықшылықтарына баса мән беріп, соның ішінде жаһандық мәселелерді шешу үшін жаңа нарықтар мен компаниялар құру мүмкіндігіне тоқталды. Берлинер мырза, қазіргі геосаяси ландшафт аясында АҚШ аймақтың экономикалық қуатын нығайтуға ұмтылып, Орталық Азия мемлекеттері үшін сындарлы серіктес болуға деген ұмтылысын растады.

Форумда сөз алған ҚР ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы мен сауда көлемі 11 млрд АҚШ долларынан асқанын айтып өтті. «Елдер арасындағы өзара сауда дамып келеді және соңғы 10 жылда ол 2,5 есеге өсіп, шамамен 11 млрд долларға жетті. Оның шамамен 70%-ы Қазақстанға тиесілі. Елдің көрші елдерге экспорты 5,5 млрд доллар. Соңғы бірнеше жылда Қазақстан мыңдаған шақырымдық темір жолдарын, транзиттік және экспорттық бағыттарға арналған автомобиль жолдарын дамытуға ондаған млрд доллар қаражат бөлді», - деді ол өз сөзінде.

Тимур Жақсылықовтың пікірінше, Орталық Азия елдері бір-бірінен неғұрлым көп өнім сатып алып, көрші мемлекеттердің экономикалық дамуына инвестиция салуды дағды етсе, біздің елдердегі жұмыс орындарының саны да арта түседі. Әлбетте, бұл Орталық Азиядағы бес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан бірден көрініс беруі тиіс.

Бұл пікірді Николас Берлинер мырза да қостады, оның айтуынша, Орталық Азия мемлекеттерінде айтарлықтай әлеует бар, аймақ ішіндегі елдердің өзара байланысы мен ынтымақтастығы неғұрлым ауқымды болса, бұл өңірдегі нарықтар да соғұрлым нығая түседі. «Қазіргі сәт Орталық Азия елдері үшін жаңа серіктестіктерді ілгерілету мүмкіндігін білдіреді. Бұл тұрғыда АҚШ Орталық Азияның сындарлы серіктесі болғысы келеді, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен экономикалық күшін нығайтуға көмек көрсеткісі келеді», - деді ол.

Форум барысында, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің туристік әлеуетіне қатысты мәселе де көтерілді. Сарапшылардың пікірінше, бұл сала аймақ бойынша экономиканың өсуін арттырып, кіріс көздерін ұлғайтуға септік ете алады. Туристік сала өкілдері айтып отырғандай, әдетте, туристер шынайы табиғатқа, альпинизмге, мәденеи мұраға барынша қызығушылық танытып жатады, ал Орталық Азия елдерінде мұндай бірегей мүмкіндіктер жетіп асады. Олай болса, аймақ ішіндегі бес мемлекет бойынша бірыңғай туристік тур құру мүмкіндігі жоқ емес, егер, әрине, бес елдің мемлекеттік органдары мен бизнес-қауымдастығы өзара диалог құра алса. Қалай дегенмен, бұл арада бес ел туристердің шекарадан өтуіне жағдай жасаудан бастап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дейін өздеріне тиісті деңгейде ауқымды міндеттеме жүктеуі тиіс.

Сарапшы мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өніміндегі туристік саланың үлесі 5%-ға да жетпейді. Экономикалық зерттеулер институтының мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанның ЖІӨ көрсеткішіндегі туристік саланың үлесі 3,9%-ды құраған. Айта кету керек, 2023–2029 жылдарға арналған туристік саланы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, елімізде туристік саланың ЖІӨ-дегі үлесін 2025 жылға қарай 8%-дан кем емес деңгейде ұлғайту туралы амбициялық жоспар да бар.

Өз кезегінде Орталық Азия мемлекеттерінің туристік әлеуетін арттыру бойынша B5+1 форумында айтылған ұсыныстардың арасында туристік салаға қажетті тетіктер мен стратегияларды бірлесе әзірлеп, оның ішінде туристік маркетингті дамыту, бірыңғай бренд қалыптастыру және тарихи-мәдени туризмге мән беру қажеттілігі қамтылды. Сонда барып, аймақ ішіндегі бірегей мүмкіндіктерді өзара біріктіріп, Орталық Азияны бірыңғай туристік бағыт ретінде ұсыну мүмкіндігі жоқ емес, деп есептейді сарапшылардың бірқатары.

В5+1 форумы Орталық Азия аумағында келесі жылы да өткізілмек. Бұл тұрғыда Қырғызстан Республикасы экономика министрінің орынбасары Айнұр Үсенбекова, В5+1 форматындағы кездесулер жыл сайынғы дәстүрге айналса деген пікір айтып, Бішкек келесі жылы форум өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить