Ұшақ қанатынан жиһаз жасау формуласы

45124

Air Astana Boeing 767 және Airbus A320 ұшағының ескі бөлшектерінен жиһаз жасау идеясын жүзеге асыруда

ФОТО: Air Astana

Алматыда Air Astana әуе компаниясы ұшақтың ескі бөлшектерін қайта өңдеп, пайдалануға болатын Upcycling for the Future пилоттық жобасын таныстырды. Онда Boeing 767 және Airbus A320 ұшақтарының жарамсыз бөліктері ерекше жиһаздар мен аксессуарға қалай айналғанын көріп, тамашалауға болады.

Ұшақ қанаты, багаж бөлігінің қақпағы мен бизнес-класс орындықтарынан әзірленген үстел, орындық, т.т. Тіпті, әуе кемесінде пайдаланылған қаптағыш матаға дейін өңдеген, мысалға, жолға ұстауға икемді қолдорба түрінде.

Өңделген өнімдер
Өңделген өнімдер
ФОТО: Air Astana

Air Astana ұйымдастырған ерекше көрме Алматыдағы Esentai Gallery орталығында 25 қазанға дейін жалғаспақ: кіру тегін.

Әуе компаниясы өкілдерінің айтуынша, мұндай ерекше жобаны олар биыл алғаш рет қолға алған. Авиация саласының мамандары қоршаған ортаны сақтап, қорғауды басты мақсат санайды.

ФОТО: Air Astana

Көрмеде ұсынылған қайта өңделген жиһаздарды кеңсе ішінде де, тұрғын үйде де, ашық алаңда да пайдалануға болады. «Мұндағы үстелдер мен орындықтар әртүрлі температура мен климаттық жағдайға шыдамды, еш өзгермейді», - деп отыр компания өкілдері.

«Біз ескі бөлшектер мен сирек материалдарды қайта өңдей отырып, жолаушылардың саяхат кезінде сезінген эмоциясын сақтағымыз келді. Өңделген заттар ұзақ мерзімге жарайды. Олар Алматыдағы Ганди атындағы саябаққа қойылады», - деді көрменің ашылуында Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер.

Air Astana президенті Питер Фостер
Air Astana президенті Питер Фостер

Көрмеге ұсынылған жиһаздарды жасауға біржарым жылдай уақыт кеткен. Air Astana өкілдерінің айтуынша, қауіпсіздік мақсатында ұшақтың кейбір бөлшектері ұдайы ауыстырылып отырады.

«Бұрындары олар бірден утилизацияға жіберілетін. Биыл – істен шыққан ұшақ бөлшектер қайта өңделіп, жаңа өмірге жол тартты. Мысалға, ұшақтың алдыңғы бөлігі – біз оны «мұрны» дейміз – қайта өңделіп, одан кресло жасалды», - дейді компания өкілдері.

Ұшақ «мұрнынан» жасалған кресло
Ұшақ «мұрнынан» жасалған кресло

Сол сияқты, көрмеде ұшақтағы бизнес-класс орындықтарының темір бөліктерінен жасалған орындықтар да бар. Ал ұшақ қаңқасының бір бөлігі Арт нысан ретінде әзірленген.

«Upcycling for the Future көрмесі халық арасында оң пікірге ие болып жатса, бұл жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген үміттеміз», - дейді компания өкілдері. Олардың айтуынша, Air Astana қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуды көздейді, компания бұл тұрғыда отын үнемдейтін ұшақтарды пайдаланумен қатар, ұшақ қалдықтарын бөлек жинап, өңдеу арқылы да экологиялық дағдарыспен күреспек.

Елена Обухова, Air Astana әуе компаниясының борттық қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті:

- Air Astana өзінің күнделікті қызметінде экологиялық таза және қайта өңделген заттарды тұтынып, қолданады. Біз қоршаған ортаға кері әсерді барынша азайтуға мүдделіміз. Сол үшін де толық жетілдірілген техникалық сипаттамалары бар ең жаңа ұшақтарды пайдалануды мақсат етеміз. Мысалға, қазір Air Astana компаниялар тобында 40 ұшақ бар. Олардың ішінде 30-ы жаңа технологияларға негізделген қозғалтқыштармен жасалған. Біз, сондай-ақ саяхат жинақтарының кейбір компоненттерін өндіру үшін экологиялық таза шикізатты пайдаланамыз.

Елена Обухова
Елена Обухова
ФОТО: личный архив

Ал қолданыста болған ұшақ бөлшектерін қайта өңдеуге келетін болсақ, бұл компания үшін алғашқы тәжірибе. Идеяның өзі шамамен екі жыл бұрын пайда болды. Біз өз идеямызды Алматыдағы «Феномен» дизайн студиясына жеткіздік. Олармен шығармашылық тұрғыда тіл табысу қиын болған жоқ. Бірақ студия үшін бұл Upcycle саласындағы алғашқы жоба еді.

Студиямен арадағы ұзақ уақыт бойы талқылау және келіссөздер барысында, біз соңғы дизайнды өзгертіп, үйлесімдік жағына назар аудардық. Өндіріс процесінің өзі шамамен екі айға созылды.

Air Astana үшін бұл тұрақты дамуды қалыптастыруға, компанияның әлеуметтік жауапкершілік саясатын іске асыруға бағытталған жоба. Сол себепті де біз осы көрмеге ел болашағында маңызды рөл атқаратын өскелең ұрпақты шақырдық. Біз үшін экологиялық тұтыну идеяларын жүзеге асырумен қатар, қоғам ішінде таратып, жылжыту да өте маңызды.

Upcycling for the Future жобасы, жалпы, Қазақстан мен отандық авиация үшін де бірегей. Көрмеде сыртқы кеңістікте пайдалануға арналған  заттар, сондай-ақ аксессуарлар бар. Орындық құрылымдары мен жүк сөрелерінен жасалған жолдорба (рюкзак), жастықтар, үстелдер мен орындықтар. Әзірге бұл пилоттық жоба. Мүмкін, болашақта қайта өңделген заттарды сатылымға да шығарып қалармыз...

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить