Арман Оспанов Америкадағы атақты промоушендерде өнер көрсетуді жоспарлауда

Қазақстанық спортшы Расул Мирзаевты жеңгені үшін қанша сыйақы алды, кімдердің тарапынан шақырту алды

Бұл туралы «Сұңқар» лақап атымен танылған аралас  жекпе-жектің шебері, жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Арман Оспанов Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтады. 

F: Арман, 6 наурыз күні  Алматыда керемет өнер көрсетіп, ресейлік Расул Мирзаевты нокаутқа жібердіңіз. Әрине, қарсылас оңай болған жоқ. Дегенмен, өзіңізге қаншалықты сенімді болдыңыз, бапкер қандай мінет қойды?

- Иә, өздеріңіз көрдіңіздер, «Алматы Аренада» АСА тұжырымы бойынша кезекті бәсеке өтті. Қазақ спортшыларына керемет қолдау болды, 15 мыңға жуық көрермен жиналды, бәрі де ерекше көңіл күймен қайтты деп ойлаймын. Жалпы, жаттықтырушымен белгілі бір тактика бойынша жоспарымыз болды, себебі Расул Мирзаев мықты спортшы, деңгейі жоғары, қазақ халқы оны жақсы біледі. Ресей, ТМД елдерінде өте әйгілі, жауынгерлік самбодан әлем чемпионы. Сосын, Қазақстанға келіп, жерлесіміз Ержан Естановты ұтып кеткені бар, бір емес, екі емес, үш рет  қатарынан жеңді. Сондықтан, бұл кездесу   халықтың көкейінде көптен бері жүрді. Бірақ, бұл жолы намысты қолдан бермей, оны бірінші руандта жеңуге тура келді. Біріншіден, бұл жеңіске ең алдымен Жаратушының арқасында, екіншіден көп еңбек етудің нәтижесінде және «Арлан» ММА мен өзімнің бауырым Аман Айтжанның командасы, жаттықтырушылардың, әкемнің батасымен, анамның дұғасымен, жалпы көптің тілегімен жеттім деп ойлаймын.

F: Жекпе-жектен кейін Расулдың командасы төрешінің шешіміне наразылық білдірді деген ақпарат болды. Сіз бұған не дейсіз? Реванш болуы мүмкін бе?

- Төрешінің шешіміне наразы болды деп ойламаймын. Бейнекөріністе бәрі анық көрініп тұр. Бұл жерде Расул Мирзаевтың өзі нокдаун жағдайында болып, рефлексте қолымды байламақ болды, ауыр соққылар алды, салдарынан өзіне  бірден келе алмады, бұл дегеніміз мен дарытқан соққылар оның миына қатты әсер еткенін білдіреді, әрине, әккі спортшы болғандықтан, орнынан тұруға тырысты, бірақ тепе-теңдік ұстай алмады, оның үстіне жойқын соққылардан жағы екі жерден сынып, шекесі қансырап, маңдайының терісі жыртылып кетті. Сондықтан, менің ойымша реванш деген болмайды. Реванш, тек төрешілермен келіспегенде, аз ғана ұпай санымен жеңілгенде болады. Жалпы, менің ойымша оның спорттық мансабы ұзаққа бармайды, себебі осыдан кейін Мәскеуде операцияға түсті, зақымданған жағын қалпына келтіруге біраз уақыт кетеді, осы уақыт аралығында формасын жоғалтуы мүмкін, сол себепті жуырда спортқа қайта оралады дегенге күмәнім бар, бәлкім осымен оның мансабы аяқталуы да мүмкін  шығар.

F: Бұл жеңіс үшін қандай да бір жүлде қоры белгіленді ме? Қаржылай немесе қандай да бір марапат түрі болды ма?  

- Әрине, жүлде қоры болды. Кәсіби деңгейдегі спортшы болғандықтан, кәсіпқой спортта гонорар деген болады, қаржылай сыйақы беріледі. Бірақ, шынымды айтсам, оның көлемін жария еткім келмейді, ол жағы құпия болып қала берсін. Оның көлемін мен және менің менеджерім және командам ғана біледі.  

F: Қазақстандықтар бұл кездесуді көптен күтті? Негізі бұл жекпе-жек 2018 жылдың қарашасында өтуі тиіс еді? Ал оның кейінге қалдырылуына не себеп болды?

Иә,  халық бұл кездесуді көп күтті. Себебі, жерлесімізді жеңгені былай тұрсын, Расул Мирзаев Қазақстанда өзіне тең келетін ешкім жоқ екенін, қазақ еліне қатысты көп нәрселер, орынсыз пікірлер айтты, ойланбай сөйлеген кездері де болды.  Алғашқы кездесу 2018 жылы Алматыда, Балуан Шолақ сарайында өтуі  керек еді, оны «Алаш прайд» ұйымдастыруы тиіс болған. Алайда, Расул бұл ұжыммен келіспегенін және жарақаты барын айтып құтылды. Сол кездесу үшін мен Америкада дайындалып, жақсы формада келген болатынмын. Бұл жекпе-жек болмағандықтан мен Алматыда америкалық Джо Элмор деген спортшымен шығып, жеңіске жеттім. Ал, екінші кездесудің өтпеуіне тағы бір себеп болды. Бұл кезде Расул АСА тұжырымымен келісімге отырып және оның екінші жекпе-жегіне мені ұсынған. Ал мен бұл кезде Алматыдағы 5-ші емханада өзімнің мұрныма операция жасатқан болатынмын, менеджерім болса операция жасатып болған күннің ертесіне телефон шалып, Расулдың дайын екендігін хабарлады. Бірақ, мен бұл кездесуге үлгере алмадым, себебі емделу уақыты бар, реабилитация керек болды. Кеш осылайша екінші рет кейінге қалды. «Ер кезегі - үшке дейін» дейді. АСА тұжырымы осылайша жұрт көптен күткен осы бір қызықты кездесуді ұйымдастырды.    

F: Бір кездері Америкада жаттықаныңызды білеміз. Ал бұл жолы оқу жаттығу неліктен Дағыстанда өтті?

- Америка, Тайланд, Дағыстан елдерінде оқу-жаттығулар жиынын өткізіп жүрміз. Бұндай жаттығу бірінші рет емес, бұған дейін де бірнеше рет барғанбыз және тек сыртта емес, өз елімізде де көп жаттығамыз. Біріншіден, дағыстандық жаттықтырушылармен өте көп жұмыс істедік, онда үнемі барып тұрамыз, бір-бірімізбен бауыр болып кеткенбіз, екіншіден, үйдің  шаруасына, отбасына алаңдамас үшін сыртта жаттығу қажет. Өйткені, отбасы мен тірлікті және спортты қатар алып жүру оңай емес. Білесіздер, менің отбасым үлкен, бес қызым бар, әке-шешем бар, қара шаңырақтың, үйдің жағдайы бар, спорттан бөлек жұмыстарым бар. Ал сыртта күндегі күнтізбе бойынша, нақты кестеге сай, бәрі жоспарлы жүзеге асады, ұйқы  уақытында,  жаттығуға еш кедергі жоқ, қойған мақсатыңа  жету үшін тек шынығумен боласың. Шынында көбі  сұрайды, дағыстандық спортшымен шығу үшін неліктен Дағыстанға барып жаттығудасың дейтіндер көп. Дағыстандық қарсыластың мықтығығын білу үшін, Дағыстанға бару керек секілді. Маған  сол залдың атмосферасын сезіну, қарсыластардың маған деген көзқарасын білу үшін және небір майталмандар шыққан елден күрес өнерін меңгеру үшін өз-өзімді баптау керек болды. Dagfighter залына барып, бауырларымызбен спарринг серіктес болып, Мансур Учакаев деген жаттықтырушының тактикасымен жұмыс істеп қайттық. Дағыстан өте ұнады. Ал,екінші оқу-жаттығу жиыны Алматы облысы, Талғар ауданында AIBA академиясында өтті, «Арлан ММА» командасымен, Игорь Фунтиков деген жаттықтырушының қолдауымен жұмыс істедік. 

F: Жалпы жаттығу қанша уақытқа жалғасты? Ол қандай сатылардан тұрды? Кімдермен жұмыс істедіңіз?

- Жалпы жаттығуым 8 аптаға жалғасты, бұл екі айдан астам уақыт. Алғаш өзіміздің Түркістан облысында, Төлеби ауданында физикалық тұрғыда дайындалдық, тау бөктерінде жүгіріп,  тас лақтырып, таудан қуат алып, сосын Дағыстанға аттанып кеттім. Онда біз бір күнде 2-3 мезгіл жаттығу жасадық. Боз кілемдегі күрес, тор ішіндегі төбелес, бокс залы, сппарингтер және т.б. Қалғанын елімізде жалғастырдық, шапшаңдық, жылдамдық бойынша және жүрек төзімділігі бойынша кешенді жаттығулар көп болды.  Ал одан кейін Алматыда салмақ ұстау, режим, диета бойынша жүйелі жаттығулар жасалды.  Жалдамдыққы жүгіру, жылдам соққы жасау т.б       

F: Сіз жаттыққан залдардың ерекшелігі неде?

- Америкада кәсіби деңгейдегі спортшылар болған соң, онда ұрыс, джиу-джисту, төрт тағандағы күрес немесе темір торға тақалған кездегі айла-тәсілдер көп қолданылады. Дағыстанда олардан қалмай, мықты мектептердің қатарына кіріп жатыр. Өйткені Дағыстанның өзіне 40 шақты спортшы UFC тұжырымы бойынша өнер көрсетіп жүр. Солардың бірі және бірегейі Хабиб Нурмагомедов екенін білесіздер. Дағыстанның ең  ұнаған жері, әр залда тер төгіп жүрген жастарды көресің, залдардың бәрі тола, кейбірінің ішінде 50 мен 100 спортшыға дейін жаттығуда. Жасөпсірімдер, жастар, ересектер, бәрі бірге жаттығып, елдің абыройын асқақтату үшін күш салуда. Мемлекет, шенеуніктер, кәсіпкерлер оларға үлкен қолдау жасап, мотивация беріп жатыр. 

- Жуырда АСА ұйымымен келісім аяқталғанын білеміз. Америкадан шақырту алғаныңыз жайлы мәлімет бар. Кімдер шақырды, қай кезге?

Иә, АСА (Absolute Championship Akhmat) бойынша келісім аяқталды. Қазір келешектің келісім-шарты бойынша менің менеджерім, америкалық Әли Абдул-Азиз және Резван Магомедов деген жігіттер айналысуда. Мен Абул-Азизбен екі жылдан бері істеп келемін,  қазірге дейінгі кездесулерім, келісімдер сол арқылы жасалды, онымен UFC тұжырымы бойынша үш әлем чемпионы жұмыс істейді. Олар: Камару Усман, Генри Сехудо және Хабиб Нурмагомемдов. Олардан бөлек қаншама ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді.  Қазіргі таңда Қазақстан бойынша тек менімен қарым-қатынаста, күн сайын байланысып тұрамыз. Жуық арада жақсы жаңалықтар болып қалуы мүмкін. Болашақта Американың  атақты промоушендерінде өнер көрсетуді жоспарлап жүрмін. Грэг Джексонның АҚШ-тағы спортшыларды дайындайтын арнайы орталығынан шақырту алдым. Келешекте мұхиттың арғы жағында өнер көрсетуім керек.      

F: Қазір командаңызда кімдер бар? Қанша адам?

- Командада өзімнің бауырым Аман Айтжан бар. «Арлан ММА» командасымен жұмыс істеп жатырмыз. Жеке жаттықтырушым жоқ, өзім жаттығамын, жарыс алдында әр түрлі бапкерлермен жұмыс істеймін. 

F: Бауырыңыз Аман Айтжан алғашқы жекпе-жегіне дайындалуда екен. Кездесу қашан өтеді? Осы бір спорт түрімен айналысуына сіз қаншалықты ықпал еттіңіз?

- Менің ықпалым болды деп айтуға да болады. Себебі, қасымда жүріп көп нәрсені үйренді, жаттықты, көптеген спортшыларды көрді, олардан тәжірибе алды. Ал, жалпы  өзі Шымкентте  бокспен айналысқан, спорт шебері.  Бірақ, жарақатына байланысты боксты қойып, менің кеңесім бойынша қоян-қолтық ұрысқа ауысты. Қазақстан чемпионаттарында  біраз өнер көрсетіп, жүлделер алды, әскери самбодан, джиу-джитсудан, әуесқой спорт түрлерінен өнер көрсетіп шықты. Қазіргі таңда NFC тұжырымы бойынша алғаш кәсіби деңгейде өнер көрсетейін деп жатыр. Жарыс Ақтөбе қаласында, 3 сәуірде өтеді қазір жаттығу үстінде, қарсыласы жуырда белгілі болады.  

F: Арман Оспанов-Алексей Полпудников жекпе-жегін айналып өткіміз келмейді. Алғашқы кездеуде айқын жеңіс болды, ал екіншісінде сіз басым болғаныңызбен, төреші  басқа шешім қабылдады. Ал үшінші кездесуде оны құлатуға керемет мүмкіндік болды, бірақ сіздің шабуылыңыз бәсеңдеп қоя берді. Оның себебі белгілі ме?

- Мен Алексей Полпудниковты алғаш 2013 жылы Елбасы Н.Назарбаев пен РФ президенті В.Путиннің алдында ұтқан болатынмын, нокаутпен жеңдім.  Сол кезде Сочиде Назарбаевтан рингтің ішінде марапат алып, Путиннің қолынан  кубок алдым. Екінші кездесу 2018 жылы болды, онда мен ұтқан болатынмын, бірақ неге екені белгісіз менің жеңісімді бермеді.  Ал үшінші кездесу Мәскеуде болды, оған деген дайындық орташа болды. Бірақ, негізгі себеп басқада, бейнекөріністе көрініп тұрғандай, төбелес кезінде оның аузындағы капасы түсіп қалды, сол кезде оған жанып ашып, қайта алуына мүмкіндік жасап, қарқынды азайттым. Одан бір бас жоғары болдым, өзіме сендім, жақсы жұмыс істедім, бірақ сол өзіміздің бір қазақылыққа салынып, жанып ашып, көңіліне қараймын деп босап қалдым. Бұл кездесу маған үлкен  сабақ болды, ендігі кездесуде төбелес арасында ешкімге қолымды бермеймін, жақсылық жасамаймын деп уәде бердім және Расул Мирзаевпен өткен кездесуде осы сөзімде тұрып, оны тоқтаусыз соққының астына алып, бас көтеруіне мүмкіндік бермегенім осыдан.

F: Арман-Алексей жекпе- жегіне осымен нүкте қойылды деуге бола ма? Әлде, онымен қайта жүздесетін сәт болуы мүмкін бе?

- Ал енді Алексеймен қайта кездесемін немесе кездеспеймін деп айта алмаймын. Жалпы, Алексейдің өзі де жеңілгенін мойындағандай болатын, төрешінің  шешіміне өзі де аң-таң болды, оны бейнекөріністен  байқау қиын емес.

F: Қазір қайдасыз? Демалыс қайда өтіп жатыр, әлде жаттығу басталып кетті ме?    

Қазіргі уақытта Төлеби ауданында, Леңгір қаласында, тау бөктеріндемін. Спорттан бөлек жұмыстарымыз барын айттым, қазір бір  құрылыспен айналысудамыз. Алдағы Рамадан айына дайындық үстіндеміз. Отбасыма, балалар тәрбиесіне мән беріп жатырмын. Жаттығу тоқтаған жоқ, қол қалт еткенде залға барамыз, оның үстіне қазір Аман бауырым кездесуге дайындалып жатыр, оған ақылымызды айтып, жәрдем беру керек. Жалпы, Қазақстанда мықты спортшылар өте көп, біз көбіне АҚШ, Кавказ, Бразилияны  атап жатамыз, бірақ біздің жігттер олардан еш кем емес, егер мемлекет, жалпы жекелеген кәсіпкерлер оларға қаржылай қолдау, демеу жасаса  үлкен дәрежеге жетуге болады және оған жетеміз.    

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
11201 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
23 октября родились
Аскар Мамин
премьер-министр Республики Казахстан
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить