Өзгеретін уақыт болды

27091

Жекелеген аймақтық соғыстарды санамағанда, адамзат жетпіс жылдай тұрақтылық пен өркендеу жағдайында өмір сүрді

Фото: Depositphotos/SergeyIT

Бірақ Ұлы рецессия орын алған 2008 жылдан бері бұрын мүмкін емес көрінген, ешкім күтпеген оқиғалар тізбегі басталды. Сол кезде 1847 жылы негізі қаланған Lehman Brothers банкі банкрот болды. Ол тұңғыш рет үкіметті банктерді қолдауға мәжбүрлеп, дағдарыстың негізгі триггеріне айналды. Алғаш рет мемлекеттер ішкі нарықты қорғау үшін протекционистік шараларға барды. Содан бері елдер төрт мыңға жуық шара енгізді. Мұның өзі протекционизмді мемлекеттік саясат деңгейіне көтерген Трампқа дейін болды. Байден 1930-жылдардағы «америкалық өнімді сатып ал, америкалықты жалда» ұранын ту етіп, протекционизмді күшейтті. Бұл елдегі орта тап үлесінің азаюына жауап еді, ол 2016 жылға қарай 63%-дан 52%-ға дейін түсіп кеткен-тін.

Николя Саркози болса тіптен «нарық әрдайым дұрыс деген идея ессіз» деді. Мемлекеттер нарықтың қателігін жөндеуге ондаған триллион доллар құйып жатқанда қарсы келушілер аса көп болған жоқ. Шамадан тыс өтімділік тарихи төмен пайыздық мөлшерлемеге әкеп соқты. Орталық банктер алғаш рет нөлдік пайыздық мөлшерлемені белгіледі. Оның үстіне, олар ақшаны сақтағаны үшін комиссия алу бойынша алғаш рет теріс пайыздық мөлшерлеме бекітті. Жиырмадай орталық банк бұған көшсе, коммерциялық банктер жауап ретінде теріс мөлшерлемені депозиторларға қолдана бастады.

2016 жылы Трамп билікке келгеннен кейін трендтің ауысқанын аңғартатын оқиғалар саны күрт өсті. АҚШ бірқатар халықаралық ұйымнан шықты. Байден елін солардың кейбіреуіне ғана қайтарды. Алғаш рет ірі сауда келісімдері ДСҰ рәсімдерін айналып өтетіндей өзгерді, ал АҚШ пен Қытайдың сауда қатынасы ДСҰ болмағандай дәрежеге жетті.

2022 жылдан бастап жаһансыздану қалыптасып, мемлекеттер сауданы «біздікі-бөтен» қағидасымен жүргізетін болды, бұл жаңа дүниежүзілік соғысқа дайындықтың ақырындап басталғанын аңғартады. Тұңғыш рет елдер миграциялық саясатын түбегейлі қатаңдатты, тек тапшы мамандық иелеріне ғана есік ашық қалды. 2025 жылға қарай ірі мемлекеттер зымыран шығаруды 2022 жылмен салыстырғанда бес есеге көбейтпек.

Құндылық сипаты да қатар өзгеруде. Мемлекеттер алғаш рет халық санының азаюын мәселе деп танып отыр. Бұрын мигранттар туу көрсеткішінің төмен болуының орнын толтырса, қазір миграциялық шектеулерге байланысты елдер оны қалай өсіреміз деп басын қатыруда. Қытайда бір күн ішінде ЛГБТ тақырыбына қатысы бар барлық ұйымдар жабылды. АҚШ-та республикалық штаттар ЛГБТ-ны қолдайтын бағдарламалар мен штаттағы барлық мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі кеңселерді мемлекеттен қаржыландыруға тыйым салды. Алғаш рет ата-анасының келісімінсіз баланың жынысын ауыстыру қылмыс деп танылып отыр. Республикалықтар жеңсе, бұл ереже бүкіл елде орнайтын сияқты.

АҚШ іштей масштабты өзгерістерді бастан кешіруде. Егер жиырма жыл бұрын демократтар мен республикалықтардың пікірлері мәселелердің 80–90%-да ұқсас болса, қазір тек Қытайға қатысты мәселеде ғана компромисс бар сияқты.

Ірі компаниялардың барлығы дерлік әртүрлілік бойынша директор лауазымын алып тастады. Өнімдерге ЛГБТ мәселесін тыққыштай беруден жалыққан тұтынушылардың теріс реакциясы сатылымның құлдырауына әкеп соқты.

ESG-саясатқа да көзқарас өзгерді. Әлемдегі ең ірі BlackRoc инвестқоры ESG-активке қаржы салуын 2022 жылғы 22%-дан 2023 жылғы 7%-ға азайтты. Басқа инвестқорлар да сөйтті. Бизнес шешім қабылдауда идеологияны әрі кез келген экономикалық емес аргументтерді ысырып тастауға көшті десек болады.

Мемлекеттер ақырындап жасыл экономиканы ұмыт қылуда. Көмір шахталары қайта ашылып, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мәселесі ондаған жылдарға шегерілді.

Көпполярлы әлемнің пайда болғанына бірнеше жыл ғана болса да, тек қана экономикалық, әскери стратегияларды ғана емес, құндылықтарды да қайта қарастыру жүріп жатыр. Өйткені олар негізгі трендтердің ауысуына жол ашады. Ендігі мәселе – Қазақстан бұл өзгерістерді алдын-ала байқап, тез бейімделе ала ма?

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить