Мемлекет пен бизнес арасында теңдей серіктестік болуы мүмкін бе?

22046

Кәсіпкерлік ел дамуының негізгі серпіні деген пікір қоғам санасында барған сайын орнығып келеді

Жұмабек Жанықұлов
Жұмабек Жанықұлов
Фото: © Андрей Лунин

Кезінде шенеунік болсам деп асыққан жастардың басым көпшілігі бүгінде жеке кәсібін құруға ниет білдіруде. Дәл осы кезеңде, жастарға қолдау көрсетіп, мемлекет тарапынан жағдай жасау өте маңызды. Жалпы кез келген елдің экономикасы бизнеспен бірге дамитынын есте ұстаған жөн.
Мемлекет басшысының осы мәселеге назар аударғаны қуантарлық жайт. Ол өз жолдауында азаматтардың, бизнес пен Үкіметтің күш-жігерін біріктіру арқылы ғана елдің даму моделін өзгертуге болатынын атап өтті. Бүгінде үш тарапты бір араға біріктіру принципі – мен екінші жыл жетекшілік етіп келе жатқан «PARYZ» жұмыс берушілер конфедерациясының негізгі міндеті. Біз осы үш жақты кооперацияны әлеуметтік серіктестік немесе үш партизм деп атаймыз.

Әлеуметтік серіктестік еліміздегі кәсіпкерлердің Үкіметпен байланыс орнатуына тамаша мүмкіндік ашатынына сенімдімін. Дәл осы сәтте, жұмыс берушілер басты тұрақтаушы фактор ретінде әрекет ете алады. Бастысы, үкімет пен бизнес өкілдері арасында өтетін барлық келіссөздерге салалық қауымдастықтар мен жұмыс берушілер конфедерациясының қатысуы жөн. Яғни, мемлекет кәсіп иелерінің жеке пікіріне құлақ асуы тиіс. Бүгінгі таңда «PARYZ» конфедерациясы барлық деңгейде әлеуметтік серіктестік мәселесімен кәсіби түрде айналысатын бірден-бір классикалық бірлестігі болып саналады. Біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздік.

Тамара Дүйсенова премьер-министр орынбасары қызметіне оралғаннан кейін бұл мәселе қайта қозғала бастады. Дегенмен, мұның назар аударатын кейбір тұстары бар. Үш жақ арасындағы қажетті диалог толықтай қалыптаспағандықтан, тараптар көп жағдайда бір-бірін тыңдамайды. Мәселен, экономиканың 42 саласының тек 23-і бойынша ғана салалық келісім жасалған. Сол 23 саланың он төртінің мерзімі осы жылға дейін. Ал машина жасау саласында тіпті жүйе де қойылмаған. Әсіресе, салалық кәсіподақ пен жұмыс берушілер арасында туындаған сот істері жағдайды айтарлықтай ушықтырды. Осыған ұқсас мәселелер өңірлерде де бар. Кейбір аймақтарда күні бүгінге дейін келісімдер жасалмаған.

Өкінішке орай, шағын және орта бизнес әлеуметтік серіктестік аясында Басты, салалық және өңірлік келісімдер қағидаттарын ұстану қажеттігін біле бермейді. Істі сотқа дейін жеткізбеу үшін біз ірі және орта бизнес өкілдеріне бұл құжаттарға өздері қол қоймаса да, олардың Еңбек кодексімен теңдей дәрежеде күші бар екенін жеткізуге тырысамыз.

Сондықтан «PARYZ» конфедерациясы әлеуметтік серіктестіктермен бірлесе отырып, Қазақстандағы үш партизм жұмысын жүйелеу міндетін алға қойып отыр. Біз 2021–2023 жылдарға арналған Үкімет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер бірлестіктері арасындағы Бас келісімге, сондай-ақ 11 аймақтық келісімге қол қоюшы ұйым ретінде өңірлердегі біраз бизнес өкілдерінің мүддесін қорғаймыз.

Ал, кәсіпкерлердің проблемаларына оралсақ, несиенің аса жоғары пайыздық мөлшерлемесі бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе деп ойлаймын. Жоғары пайыз бизнестің дамуына жол бермейтінін бірнеше рет айтқанмын. Бүгінгі таңда бизнеске қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаражат қажет. Ұлттық банктің еліміздегі жоғары деңгейлі инфляция салдарынан пайыздық мөлшерлемені көтеру қажеттілігі жайлы ұстанымын түбегейлі қайта қарау қажет. Біздегі инфляцияның негізгі үлесі «импорттық» екенін ескерсек, Ұлттық банк шаралары тиімсіз деп есептеймін. Тәуелсіздікке қол жеткізген отыз жыл ішінде ешбір өнім құнының төмендеуіне қатысты фактілерді көрген жоқпыз. Өйткені импортталған тауарлар бағасын өзгерту мүмкін емес. Былайша айтқанда, Қазақстан шикізат пен импортқа мұқтаж ел ретінде сыртқы нарыққа тәуелді «прайсстэйкер» болып саналады.

Отандық өндірісті қолдау қажет. Сырттан дайын тауарлар алып, сату орнына, жаңа кәсіп құрғысы келетін кәсіпкерлерге мемлекет көмек көрсетуі тиіс. Неғұрлым күрделі өнім өндіретін кәсіпорындарға соғұрлым басымдық көбірек беріліп, тиісті жағдай жасалуы керек. Соңғы жылдары дүниежүзі елдері экономиканың бәсекеге қабілеттілігін жалпы ішкі өнім немесе өзге көрсеткіштер орнына Гарвардтың экономикалық күрделілік индексі көмегімен бағалайды. Яғни, мемлекет неғұрлым күрделі өнім шығарса, ол соғұрлым тұрақты әрі экономикалық ауытқуларға төзімді болмақ.

Иә, бізде жеңілдетілген несиелер де бар және бұл – кәсіпкерлер үшін тамаша мүмкіндік. Дегенмен, олардың кепіліне қатысты қойылатын талаптар тым қатал. Мәселен, 100 млн теңгелік шартты несие алу үшін, 200 млн-ға жуық кепілдік ұсынылуы тиіс. Егер ірі бизнес өкілдері мұны жинақталған активтері есебінен өтесе, орта және шағын бизнес үшін бұл қолжетімсіз. Сондықтан, олар банктерден тиімсіз шарттармен несие алуға мәжбүр. Осы себепті, бұл кәсіпкерлердің көбінің банкротқа ұшырауы ғажап емес. Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен соңғы кездесуінде жаңа ашылған компаниялардың 25 пайызы келесі жылы нарықта қалатынын мәлімдеген. Олай болса, неліктен Үкіметте әлі күнге дейін осыған тиісті дұрыс жауап жоқ?

Сондай-ақ, Жолдауда банктер экономиканың нақты секторын несиелендіруі қажет делінген. Алайда олар мұның орнына Ұлттық банктен ноталар сатып алып, олардан дивиденд алғанды тиімді деп санайды. Банктердің мұндай әрекеттері экономика дамуын барынша тежейтіні анық. Яғни, қаражат ешбір әрекетсіз банк шоттарында жатады. Соның салдарынан еліміздегі инфляция деңгейі де барынша артты. Өйткені, банктер ликвидті қаражаттың басым бөлігін айналымға жібермейді.

Сондықтан бұл Қазақстандағы инфляцияның елдегі ақша-несие саясатына емес, сыртқы факторларға тәуелді екенін білдіреді. Қолжетімді несие арқылы жұмыс орындарын құру мемлекет саясатының басты тармағына айналуы тиіс.

Екінші жүйелі мәселе – бизнеске арналған тұрақты «ойын ережелерінің» болмауы. Елдегі заңдардың жиі өзгеруі кәсіпкерлік дамуын тежеуде. Осы тұрғыда, Қазақстанға келетін инвесторлардың көбі заңнаманың тұрақтылығына назар аударып, өздерін кепілдікпен қамтамасыз етуді талап етеді. Мемлекет тарапынан ірі шетелдік инвесторлар үшін арнайы инвестициялық келісім қарастырылған. Алайда, қолындағы жиған қаражаты мен ресурстарын белгілі бір кәсіп түріне салатын отандық инвесторлар үшін қандай кепілдіктер бар?

Мен салық заңнамасына өзгерістердің жиі енгізілуін құптамаймын. Өйткені, бұл инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізуде. Кәсіпкерлер өзара ҚҚС көрсеткішінің 16 пайызға ұлғаю қаупін талқылауда. Бұл ағымдағы жағдайда дұрыс шешім емес, яғни ҚҚС мөлшерін ұлғайту – президент жолдауындағы тезистерге қайшы, саботаж деп ойлауға болады.

Бұдан бөлек назар аударарлық үшінші нәрсе – статистика мәселесі. Деректердің бір-біріне сәйкес келмеуі нәтижесінде, оларға деген сенімсіздік туындайды. Мысалы, 1995–2021 жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда алшақтығы 84 млрд долларға жетті. Бұған қарамастан, мемлекет бірінің мүддесін ескере отырып, екіншісіне нұқсан келтіретін экспорттық шектеулерді әлі де енгізуде. 2020 жылдан бері дәл осындай отызға жуық шектеулер қойылды. Бір қызығы, шенеуніктердің өздері шешім қабылдау үшін кей кезде статистикаға жүгінбейді. Аталған деректер мемлекеттік механизмдер мен қаржылық ресурстарды жоспарлау үшін керек пе, әлде ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жете түсінуге қажет пе? Алдымен осыны анықтап алған жөн.

Меніңше, Қазақстандағы Статистика комитеті елдегі көрсеткіштердің тұрақты түрде өсуіне мүдделі әрі экономиканың сапалы дамуына жауапты органмен қадағаланбауы тиіс.

Осы орайда Қазақстан Канада мен Ұлыбритания тәжірибесіне сүйенгені дұрыс деп санаймын. Бұл елдердің статистикалық бюросы Парламентке бағынады.

Бұған The Economist, Қоғамдық саясат форумы секілді өзге де ұйымдардың Канадалық StatCan агенттігін әлемдегі ең үздік статистикалық мекеме ретінде тануы айқын дәлел.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить