Диктатурадан демократияға өту. Испания тәжірибесі

26928

Мемлекет басшысы былтыр «Жаңа Қазақстанды» құрамыз деп режимді трансформациялаудың бастау алғанын мәлімдеді

Иллюстрация: Depositphotos/nuvolanevicata

Бірден айта кетейік, елімізде сенімді әрі қолжетімді әлеуметтану ғылымы бар деуге келмес, сондықтан ел азаматтарының өзгерістерге бағыт алған бұл курсты қаншалықты қолдайтынын объективті түрде бағалау қиынға соғады. Егер өзімнің әлеуметтік желілеріме көз жүгіртсем, оны, әрине, объективті деуге келмейді, десе де, көпшілігі қолдайтынын көреміз, бірақ реформалардың мазмұны мен жылдамдығына риза емес.

Осыған байланысты реформалардың сыншылары Испанияның диктаторы Франсиско Франко қайтыс болғаннан кейін жүзеге асқан елдің диктатурадан демократияға өту тәжірибесін жиі еске алады. Режимнің трансформациясын әдетте король І Хуан Карлос және елдің премьер-­министрі болған (1976–1981) Адольф Суарестің есімдерімен байланыстырады. Оның ең басты ерекшелігі ретінде реформалардың жылдамдығын (олар бірнеше жыл ішінде жүзеге асырылды) әрі Монклоа пактісінің арқасында қол жеткізген жаппай бұқаралық қолдауды айтуға болады.

Монклоа — испан премьер-­министрінің резиденциясы. 1977 жылы сол жерде премьер-­министр алдағы уақытта шешу керек саяси және экономикалық мәселелер бойынша ортақ ұстанымға келу үшін парламенттегі барлық партия өкілдерін жинады. Жиналғандар ортақ пактке қол қойды, ол жерде франкизмнен өкілдік демократияға өту үшін қажет экономикалық және саяси шаралар бағдарламасы жазылды. Солшылдар жоғары инфляция жағдайында жұмысшылардың жалақысын бұғаттағаны үшін, ал оңшылдар байларға салық жүктемесінің артқаны үшін қарсылық танытпаймыз деп келісті. БАҚ-тағы сөз бостандығы, жиындар мен шеруге шығу еркіндігі жайлы да келісімге келді.

1976 жылы басталған трансформация процесі 1979 жылға қарай аяқталды деуге болады. Екі жарым жыл — өте аз уақыт.

Қазақстанға испандық тәсілді қолдану керек екенін айтқанда нені ұмытып кетеді?

Адольф Суарестен бастайық. Премьер-­министр болардың алдында ол реформаларға дейінгі жалғыз саяси партия — Ұлттық қозғалыстың (бұрынғы Фаланганың) бас хатшысы болды. Франконың тұсында қандай ұстанымда болғаны түсініксіз, бірақ оппозициялық көзқараста болмағаны анық, себебі бұл жағдайда оның саяси мансабы болмайтын да еді. Бірақ кейін ол демократия символына айналды, қазір Мадрид әуежайына оның есімі берілген.

Нық сеніммен Адольфо Сураес сол кездегі елдің демократияландырылғанын қалайтын билеуші класс — франколық бюрократияның біраз бөлігінің атынан сөйледі деп айтуға болады.

Бюрократиялық биліктің ұстанымына келсек, олар Испания өткен ғасырдың 50–60‑жылдары экономикалық өсімнің жоғары қарқынын көрсетсе де, Батыс Еуропаның басқа елдерінен артта қалғанын айтты. Бұл алшақтықты жою үшін Еуропалық экономикалық қоғамдастыққа (Ортақ нарық) кіру қажет еді, ол испандық тауарларға еуропалық нарыққа жол ашты. Бірақ ЕЭҚ фашистік режим күшінде тұрған Испанияны өзіне қабылдағысы келмеді. Бұл испан элитасы үшін елді демократияландыруға деген үлкен стимул болды.

Көпшілігі сирек есіне түсіретін бір нәрсе бар. Испанияның бірте-­бірте демократияландырылу процесі Франконың көзі тірісінде-ақ басталды. 1958 жылы үкіметке Opus Dei өкілдері енді, олар экономикалық блок пен сыртқы істер министрлігін басқарған жас технократтар еді. Олар диктаторды конституцияны қабылдауға, Хуан Карлостың статусын мұрагер ретінде заңдастыруға, БАҚ-қа көбірек еркіндік беруге, экономикаға мемлекеттің араласуын азайтуға көндіре алды.

Испания реформаларының табысты болуының сыры — элитада мықты стимулдың болуында әрі дайындық кезеңінің ұзаққа созылуында. Бүгінгі Қазақстанға бүгін ең жетпейтіні де осы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить