KazRockets: Зымыран жасауға қызығатын балалармен ғарышты бірлесе зерттеуге дайынбыз

25008

Аэроғарыш, аэромодельдеу курстарын қазақ тілінде тереңірек оқытуды көздейтін KazRockets қоры инженерлік салаға қатысты оқулықтарды ағылшын, орыс тілдерінен қазақшаға аударуды жоспарлап отыр

Мирас Нусупов
Мирас Нусупов
Фото: жеке архив

KazRockets қоры – Қазақстанда зымыран жасауды танымал етіп, бұл салаға жастардың назарын аударуды мақсат еткен алғашқы қоғамдық ұйым. Мұнда мектеп оқушыларын, жас жеткіншектерді ғарышты зерттеуге баулып, зымыран жасауға үйретеді.

Мирас Нусупов – Kaz Rockets қорының даму жөніндегі басшысы әрі RocketTech стартапының атқарушы бас директоры.

«Бала кезімнен Стив Джобстың еңбектеріне сүйеніп, болашақта Hardware стартап жасауды армандаған едім. Алматыдағы химия және биология бағытындағы NIS мектебінде оқығанда, робот техникасына қатысты көптеген жарыстарға қатысып, Smart City тақырыбында жобалар әзірледім. Кейін Astana IT University-де Industrial Automation мамандығы бойынша білім алдым. Мені елдегі жастардың аэроғарыш бағытында білім алуының төмен деңгейде болуы қынжылтатын. Осылайша, 2023 жылы «Kaz Rockets – Қазақстан мен Орталық Азияда зымыран жасауды дамыту және авиамодельдеу қоры» ашылды. Қазір енді біз бала кезінде ғарышкер болуды армандаған жас жеткіншектердің арманын, бала қиялын жандандырып, жан-жақты оқытуды қолға алдық», - деп әңгімелейді ол.

Мирас Нусуповтың айтуынша, қордың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азияның STEM секторында (Science, Technology, Engineering, Arts, Mathematics) зымыран жасап шығару мен авиамодельдеу бойынша жаңа инновациялар әзірлеп, оны халықаралық аренада кеңінен таныстыру, әрі зымыран жасауға қызығатын қазақ жастарының білім деңгейін көтеріп, перспективті жұмыс табуға көмектесу.

«Кез келген идея мәселемен бетпе-бет келгенде туындайды. Бізді елдегі жастардың жекелеген бағыттар бойынша әлі күнге дейін сапалы білім ала алмайтыны алаңдатады. Қазақстандық жастардың осы бағыттағы білім беру ресурстары мен аэроғарыш технологияларын зерттеу мүмкіндіктері аса көп емес. Ал оқушылар мамандық таңдауда ақпараттың аздығынан өзіне қызықты бағытты дұрыс танып, анықтай алмайды. Әрі білім мен индустрия арасындағы алшақтық тағы бар. Практикалық тәжірибенің жеткіліксіздігі және кәсіби ортамен өзара әрекеттесудің болмауы салдарында жас мамандар сала ішіндегі нақты талаптарға дайын болмай жатады. Мұның бәрі түптеп келгенде білікті кадрлардың жетіспеушілігін тудырып, салаға инновациялық тұрғыдан қарауға қабілетті инженерлер мен ғалымдардың тапшылығына әкеп соғады», - дейді Мирас Нусупов.

Қорда «KazRockets Education» деп аталатын мектептерге арналған білім бағдарламасы бар. Мұнда оқушылар 3D модельдеу, бағдарламалау, жобалау және тестілеу, материалтану, электрониканы үйрену дағдыларын қамтитын әртүрлі курстардан өтеді. Бір жылдың ішінде мұнда шамамен 1000 бала білім алған.

«Біздің студенттер зымыран жасау саласындағы болашақ сынақтарға дайындалу үшін жан-жақты білім алады. Мысалға, Rocket Science бағдарламасы – шығармашылық тұрғыдан ойлауды және күрделі мәселелерді шешуді ынталандыратын таза STEAM бағыт. Ал KazRockets Education бағдарламасында жобалық оқыту, яғни Project Based Learning әдістемесі қолданылады. Біздің студенттер өз бойындағы шығармашылық шабытты көрсете алатын Aerospace Tournament (аэроғарыш турнирлері), Satellite Design Tournament (спутник дизайні бойынша турнирлер) секілді жарыстарға дайындалу үшін әртүрлі жобалармен жұмыс істейді. Ал жарыс жеңімпаздарын біз арагідік Байқоңыр қаласына алып барамыз. Онда олар кәдуілгі зымырандардың ұшырылу сәтін бақылап, ғарыштық кеңістік атмосферасына ене алады. Бұл студенттерді жоғары нәтижелерге жетуге ынталандыратын біздің өзіндік бір сыйымыз», - дейді Мирас мырза.

KazRockets оқушылары Байқоңырда
KazRockets оқушылары Байқоңырда
Фото: жеке архив

Айтпақшы, 2023 жылдың сәуірінде онлайн негізде ұйымдастырылған «NASA Space Settlement Contest» – ғарыштық қоныс тұжырымдамасын әзірлеу бойынша халықаралық жарысқа қатысқан KazRockets қорының студенттері Сымбат Барсағазы мен Рамазан Әміре 1-ші орынды жеңіп алды. Бұл жарысқа әлемнің түпкір-түпкірінен 30 мыңға жуық оқушы қатысқан. Осыншама талапкердің арасынан топ жарған қазақстандық оқушылар өздерінің ғарыш кемесін теория жағынан терең зерттеп, 50 беттік жоба дайындаған. 

«Сымбат пен Рамазан әзірлеген бұл жобаның басты идеясы әрі мақсаты – болашақтың адамдарын ғарыштағы заманауи әрі технологиялық тұрғыдан дамыған станциямен қамтамасыз ету болатын. Бұл жарыста оқушыларымыз бізден алған білімін қолданып, өз идеяларын жаңартып көрсете елды. Біздің студенттер бұл жарыста 1-ші орынды иелеген соң, біз оқытуды әрі қарай дамыту қажет деп шештік, бұған анық көз жеткіздік. Сөйтіп, KazRockets қорының атынан SpaceHack хакатонын ұйымдастыруға бел будық. «SpaceHack 2023» шарасының мақсаты – 36 сағаттың ішінде ғарышты теория жағынан зерттеу болды. Ал басты ерекшелігі – қатысушыларға информатикадан не бағдарламалаудан ешқандай тәжібире, білім керек емес. Хакатон арқылы Қазақстандағы «Space Settlement Contest» жарысына қатысушы топтардың санын үш есе арттырдық», - дейді қор құрылтайшысы.

Фото: Мирас Нусуповтың жеке архивінен

Бүгінде аталған қор RocketTech атты өзіндік стартап жоба жасап, нарыққа шығарған. Бұл жобаның түпкілікті мақсаты – болашақ инженерлерге аэроғарыш саласы туралы білім беру.

«Ұшақ жасау немесе зымыран құру болсын, оның барлығы hardware өнімдер. Біз оларды онлайн үйрете алмаймыз. Сол себепті оқыту тәсілі ретінде RocketTech стартапын аштық. Қазір біз MOST IRA акселерациялық бағдарламасынан өтіп, өз өнімдерімізді ай сайын мектептерге сатып отырмыз. Осы жылы ел ішіндегі 200 мектеппен байланыс орнатып, артынша шет ел нарығына шығуға да ниеттіміз. Айта кетейін, біз сырттан ешқандай инвестиция алмаймыз», - дейді Мирас Нусупов.

KazRockets Education өткізетін шеберлік сабақтарына NIS немесе IT-лицей оқушылары ғана емес, орта білім беретін кез келген мектептің оқушылары қатыса алады. Және де аэронавтика, ғарыш туралы білім алу үшін мұндағы балаларға тек ағылшын не орыс тілдерін жетік білу шарт емес. 

«Біз мектептермен байланысқа шығамыз, содан кейін, егер олар келісім беріп жатса, шеберлік сабақтарын өткіземіз. Ол жерде балалар зымыран құраудың қыр-сырын теориялық тұрғыдан үйреніп, екі сағат ішінде өзінің бірінші зымыранын жасап, оны аспанға ұшырады. Ал ол максималды биіктікке жеткен соң, зымыранды құтқару жүйесін іске қосу керек. Яғни, зымыранның парашюті ашылып, ол ақырындап жерге қонуы тиіс. Біз білім беру барысында қандай да бір әділетсіздікті, қала мен ауыл балалары арасындағы алшақтықты жоюға үлес қосқымыз келеді. Сол үшін ғарыш саласына, зымыран жасауға қызығушылығы бар барлық баламен жұмыс істейміз. NIS оқушылары мен қарапайым мектеп оқушыларының мүмкіндіктері бірдей деп санаймын», - дейді Мирас мырза.

KazRockets Алматы мен Астана қалаларында бір жылда 50-ге жуық шеберлік сабағын өткізген. Алда шалғай ауылдарды аралап, ауыл мектептеріндегі оқушыларды ғарыш әлеміне баулу жоспары да бар. Бірақ Мирас Нусупов, бұл тұрғыда әзірше инжерлік сала бойынша қазақтілді, сауатты мұғалімдер жетпей жатқанын алға тартады.

«Мұғалім тапшылығы қазіргі таңда өзекті мәселе, ал инженерлік сала бойынша олар тіпті жоқтың қасы. Қор болғандықтан, бізге хабарласқан әрбір оқушыға оның жобасы бойынша жәрдем беруге әрдайым тырысамыз. Дегенмен, негізгі фокуста – мұғалімдердің санын көбейтіп, мектептермен бірлесе жұмыс жүргізсек деген ой бар», - деп түйіндейді өз сөзін қор құрылтайшысы.

KazRockets қорының тағы бір жоспары – инженерлік салаға қатысты оқулықтарды ағылшын, орыс тілдерінен қазақ тіліне аудару дегенге саяды. Осылайша қор мамандары аэроғарыш, аэромодельдеу курстарын қазақ тілінде тереңірек оқытуға үлес қоспақ.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить