Өрден Нұрболат: «Қанатты барыс» бейнесімен биіктерді бағындырып келемін

13854

Қытайдан Қазақстанға оралған қазақ жігіті қалайша ұлттық компанияның ұшқышы атанды

Бұл туралы Өрден Нұрболат Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып береді.

F: Өрден, сіз қай жерде, қандай отбасында дүниеге келдіңіз, алғашқы білімді қайдан алдыңыз?

- Менің атымды атам қойған екен. Болашақта тек өрден, биіктен көрінсін деген ырыммен Өрден деген есім беріпті. Өзім 1991 жылы Қытай Халық Республикасы, Іле-Қазақ автономдық ауданы, Күйтің деген қалада дүниеге келдім. Әке-шешем жергілікті инстутутта оқытушы болып жұмыс істейді. Алғашқы білімді сол Күйтің қаласында алдым.

F: Қазақстанға қай жылы келдіңіз, бұл кезде қанша жаста едіңіз? Тарихи отанға оралу туралы шешім қалай қабылданды? Кім себеп болды?

- Қазақстанға 2006 жылы 15 жасымда көшіп келдім. Атамекенге, Қазақстанға тамыздың 31 күні жеттік, ал келесі күні 1-ші қыркүйекте мектепке барып, бірден оқуға кірісіп кеттім. Тарихи отанға көшіп келудегі мақсат-өз елімізге қызмет ету, өз жерімізді өркендетуге, мемлекетімізді дамытуға қолдан келгенше үлес қосу болатын.

F: Ұшқыш болу туралы шешім қалай және қай кезде қабылданды? Неге бұл мамандық таңдалды?

- Енді, ұшқыш болуға бірнеше себеп болды. Біріншіден, менің ата-анам «жаратылыстану» пәнінің мұғалімдері. Ал, ұшақтың құрылымы, механизмдері осы ғылымға өте жақын, яғни, әуе кемесі «тірі ағза», «тірі механизм» іспеттес. Сондықтан, ең алдымен солардың ықпалы болды деген ойдамын. Екіншіден, ұшқыш болу бала кездегі арман болатын, оның үстіне кішкентай кезімнен әр нәрсені құрастыруға әуес болып өстім, соның ішінде қолдан ұшақ жасағанды жақсы көрдім. Үшіншіден, менің атам бүркітші болған, құсбегілікпен айналысқан. Үйде қолға үйретілген бүркіт болды. Сол кезде қанатын кеңге самғап, көкте ұзақ қалықтаған қыран құстан көз алмай, оның қалай ұшатыны, соншама биіктен жердегіні қалай көретіні қатты қызықтыратын. Аспан әлеміне, әуеге деген әуестік осылай балалық шақтан басталды. Бір сөзбен айтқанда осының бәрі ұшқыш болуыма себеп болды.

F: Азаматтық авиация академиясына қай кезде түстіңіз, қалай түстіңіз, тіл жағынан қиындық болған жоқ па?

- Мен 2010 жылы Алматы облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе орта мектебін бітірдім. Осыдан кейін Азаматтық авиация академиясына оқуға тапсырдым. Ал, онда түсу үшін бірнеше кезеңнен өтуге тура келді, ең алдымен медициналық бақылаудан өту керек, соның ішінде психологиялық сынақ бойынша іріктеу жүргізді. Қызық болды. Мен орыс тілін жақсы түсінбеймін, бірнеше жігіт келесі күні осы сынақтан өтуіміз керек, ал оны қабылдайтын оқытушы орыс ұлтының өкілі екен, ол тест тапсыратын уақытты айтты. Әлі есімде, әлгі кісі бәрімізге- «приходите завтра, половина одиннадцатого»-деген еді. Әрине, мен басқаша түсіндім, сондықтан бір сағатқа кешігіп келдім, себебі, оның орысша айтқаны 11 жарым емес, 10 жарым екен. Бірақ, бәрі уақытымен шешімін тапты, тіл жағынан қиындық болғанымен бәрі артта қалды, өзім білмегенді білетіндерден сұрап, академияның тыңдаушысы атандым. Бірінші, екінші курсты таза қазақ тілінде оқыдық, одан кейін сабағымыз орысша, ағылшынша жалғасты.

F: Қазақстанда ұшқыш мамандығын меңгергендер, осы оқуды бітіргендер көп. Бірақ, олардың бәрі бірдей жұмысқа тұра алмайды? Сіз қалай орналастыңыз? Алғаш қандай компанияда істедіңіз?

- Иә, шын мәнінде бұл мамандық бойынша оқығандар көп, бірақ бірден ұшаққа отырып, ұшып кететіндері саусақпен санарлық. Мен ең алдымен ab-initio бағдарламасы бойынша оқып келдім, тек содан кейін ғана жұмысқа орналастым. Яғни, маған ең алғаш жұмыс берген «Air-astana» ұлттық компаниясы болды.

F: Аb-initio бағдарламасы бойынша қайда білім алдыңыз, қанша уақыт оқыдыңыз, бұл оқудың ерекшелігі неде, сіз үшін не берді?

- Мен бұл бағдарлама бойынша толығымен Ирландияда оқыдым. Оның ерекшелігі-ұшақ басқаруды қысқа мерзімде үйретеді. Оқу өте қызықты, мен үшін өте пайдалы болды. Әуе кемесімен бірге, өз-өзіңді басқаруға беймдейді, белгіленген мақсатқа жетуге, талпынуға және сол жолда төзімді болуға тәрбиелейді. Жалпы, бұл бағдарлама әлемді тануға, тәжірибе жинауға, кәсіби деңгейіңді көтеруге мол мүмкіндік береді. Қазір «Air-astana» компаниясында Embraer ұшақтарында қызмет етемін және соның ішінде Embraer 190-E2 бар, білетін шығарсыздар, қар барысы бейнеленген лайнер бар, негізінен сонда екінші пилот болып жұмыс істеймін. Осылай «қанатты барыс» бейнесімен биіктерді бағындырып келемін. Қазірге дейін 2900 сағаттан артық ұштым, негізінен ішкі және жақын қашықтықтағы рейстерді орындаймыз. Қазақстанмен бірге, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне қатынаймыз. Алдағы уақытта борт командирі болуға тырысудамын және сол күнге жетуге күш саламын.

F: Өзіңіз басқаратын ұшақтағы барыс бейнесі туралы айта кетсеңіз. Оның ұшақ тұмсығына салынуының мәні неде?

- Иә, бізде осындай 5 ұшақ болса, соның біреуінде ғана барыс бейнеленген. Оны кезінде Темірхан Мұқашев деген шеф-пилотымыз Бразилиядан алып келген болатын. Қар барысы өте сирек кездесетін жыртқыш, Қызыл кітапқа енген, соңғы кездері олардың саны азайып барады, тек бізде ғане емес, бүкіл әлемде солай. Оны сақтап қалу үшін біздің компания осылай өз үлесін қосуда. Бұл да қоршаған ортаны қорғауға бағытталған, адамдардың, жаһан жұртының назарын аударуды көздеген шаралардың бірі.

F: Басқа ұшақ түрлерінде істеп көрдіңіз бе, әлде тек Embraer-мен ғана ұшасыз ба?

- Негізі біздің компаниядағы ұшқыш негізінен бір типті әуе кемелерінде ұшады, мысалы пилот Embraer ұшағына дайындалса, тек сол бортта істейді, ал Airbus моделіне дайындалса, негізінен сонда еңбек етеді. Жалпы келешекте компания Airbus A320 ұшақтарын көбейтуді жоспарлауда, сол кезде мүмкін мені сонда қарай ауыстыратын шығар. Қазіргі негізгі міндетім-екінші ұшқыш ретінде командирге көмек көрсетемін, оның әуедегі әрекеттеріне, уақытында шешім қабылдауына атсалысамын. Шұғыл әрі қиын жағдайлар болып тұрады, осындай кезде бір ғана адам емес, екінші адамның рөлі мен көмегі маңызды. «Crew resource management» (CRM) деген жүйе бар, біз соның мүшесіміз, яғни, бұл дегеніміз бір кабинадағы экипаждың өзара әрекеттесуі, көшбасшылығы мен қажет кезде дұрыс шешім қабылдауға негіз болатын әлемдік әдістеме. Сондықтан, екінші ұшқыш өзін әрдайым «болашақ командир» ретінде санайды. Мысалы, бір бағытқа командир ұшып баратын болса, қайтарда екінші ұшқыш басқарады, егер онда екінші ұшқыш басқарып барған болса, онда қайтарда керісінше болады. Осылай борт командирінен көп нәрсе үйренеміз, олардан тәрбие аламыз, сол арқылы дер кезінде дұрыс шешім қабылдауға машықтанамыз, ал бұл өзің қызмет ететін компания үшін тек пайда ғана әкеледі, оң әсерін тигізеді, сенің жұмысыңның тиімділігін арттырады. Сонымен қатар, бізді алты ай сайын қосымша оқытып тұрады, шынайы ұшақ үлгісіндегі арнайы тренажерларда жаттығамыз, үнемі дайындықтан өтіп, кәсіби деңгейімізді арттырамыз.

F: Сіздің табысыңыз қалай белгіленеді? Ұшқыштың еңбегі қаншалықты жоғары бағаланады?

- Бізде негізгі жалақы бар. Сосын қосымша ұшқан сағатымызға төленеді, түнгі уақытта жұмыс істегеніміз үшін ақы беріледі. Авиациядағы ағылшын тілін меңгергеніміз үшін төлем қарастырылған, одан кейін мереке күндері ұшқанымыз үшін төлейді.

F: Авиацияда негізгі тіл-ағылшын тілі және оны жоғарғы деңгейде білу шарт. Сіз оны бастапқыда қайда үйрендіңіз және қанша уақытта меңгердіңіз, Қытайда ма, әлде Қазақстанда ма?

- Мен негізі ағылшын тілін алғаш Қытайда үйрене бастадым, ондағы бастауыш мектептерде өте жақсы үйретеді. Одан кейін арнайы курстарға жазылдым, ал Қазақстанға келген соң, өзім оқулықтарды сатып алып, өз бетімше оқыдым. Өйткені ауылдық мектепте дұрыс оқи алмадым, яғни онда маған қажетті деңгейде үйрете алмады. Білесіздер, авиацияда ағылшын тілі маңызды. Өйткені кабинада екі қазақ ұшқышы отырсақ та, жұмыс барысында бір-бірімізбен тек ағылшынша тілдесеміз, себебі ұшақтардың бәрі шет елдікі, кітаптардың бәрі, техникалық процедуралардың барлығы ағылшын тілінде жүреді. Әрине, жұмыстан тыс уақытта да ұшқыштармен өзара ағылшынша сөйлесетін кездеріміз болады. Бұл дұрыс, себебі бұның бәрі тәжірибе.

F: Қалай ойлайсыз, егер Қытайдан Қазақстанға оралмағанда кім болар едіңіз, онда ұшқыш мамандығын меңгеруге болар ма еді?

- Мен өз мамандығымды өте жақсы көремін. Өйткені, сіз үнемі биікте, ерекше сезімде боласыз. Әрдайым көк аспанда, бұлттардан биік, шексіз кеңістікте жұмыс істейсіз және жер мен көктің арасында өзіңізге жүктелген жауапкершілікті уақытында және сәтті орындау өз алдына үлкен мәртебе. Ал Қытайда бұндай бақытқа бөлену қиын болар еді. Өйткені, онда бәсеке жоғары, талап басқа, кім біледі, бәлкім ол жақта да ұшқыш мамандығын меңгеруге болар ма еді, бірақ тағы айтамын, онда бәсеке күшті, ұшқыш атану қиынға соғар еді. Сондықтан, бұндай бақыт маған өзімнің тарихи отанымда бұйырды.

F: Пандемия сіздердің жұмыстарыңызға қаншалықты әсер етті? Ұшу кестесі қаншалықты өзгерді?

- Әлемдік пандемия басталған сәтте ұшуды уақытша тоқтаттық. Үстіміздегі жылдың наурызынан бастап мамырға дейін жолаушыларымызға қызмет көрсете алмадық. Каратиндік шектеулер алынған соң, мамырдан бастап қайтадан көкке көтерілдік, алғашында рейстер аздау болды, 15 күн ұшып, 15 күн демалып жүрдік, сосын ақырындап көбейе бастады. Алғаш экипажбен қайта қауышқанда, мамырдың 13 күні қайта ұшқан сәтте ерекше сезімде болдым, мамандығымның маңызды әрі мәртебелі екенін осы бір қиын сәтте терең сезіндім, ерекше тамсандым деуге болады, бұл енді пандемияның бізге тигізген әсері шығар.

F: Отбасы туралы айта кестеңіз. Өзіңізден басқа үйде авиацияға қатысы бар адамдар бар ма немесе болашағын осы саламен байланыстыруға ниет еткен жақындарыңыз бар шығар?

- Әзірге жақындарымның ішінде авиацияда менен басқа ешкім жоқ. Бірақ, достарым, таныстарым үнемі қызығып сұрайды, қалай оқуға түсуге болады, ұшқыш болу үшін қандай қасиет керек деген сұрақтарын қойып жатады. Әрине, мен білгенімше кеңес беруге тырысамын, оларға мотивация беремін, ағылшын тіліне қатысты, жалпы қандай оқулықтарды оқу керектігін айтамын.

F: Ұшқыштар бос уақытын қалай өткізеді. Өзіңіз қалай демаласыз?

- Жалпы, біздің компанияда екі үлкен жұмыс кезеңінің ортасында кемінде 12 сағаттық демалыс берілуі керек, одан бөлек бос уақытымыз болады. Әрине, уақытты тиімді пайдалануға тырысамыз, негізінен біз үшін дайындық бірінші орында тұрады, процедураларды ұмытып қалмас үшін үнемі қайталап отырамыз, келесі сапарға әзірленеміз, бағыттарға қатысты құжаттар бар, соған сай келесі баратын елдердің ерекшеліктері туралы оқимыз. Ал өз басым ұшудан бөлек уақыт болған кезде балық аулауғанды жақсы көремін. Елордаға көшкеніме 5 жылдай уақыт болды, осында бейімделіп үлгердік, уақыт болған кезде достарыммен бірге табиғатқа шығып, қала айналасындағы көлдердің жағасында демалғанды ұнатамын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить