Қазақтың теңгесі: ағылшын технологиясының керемет жетістігі

40282

1993 жылдың 15 қарашасында қазақтың төл валютасы айналымға енді. 1997 жылдан бастап 15-қараша елімізде теңге күні деп жарияланды. Биыл төл теңгеміз 30-ға толып отыр

Фото: © Depositphotos.com/johan10

«1992 жылы – КСРО тарап, егемендік алған 15 елдің ішінде Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан ғана кеңестік рубльді сақтап қалды. Қалған 11 ел өздерінің ұлттық валютасын енгізіп үлгерді. Кеңес Одағының валютасынан бас тартып, төл ақшамызды шығаратынымызды жария етсек, бұрынғы одақтас республикаларда жарамсыз болған ескі ақшалар біздің елге ағылып, төл теңгенің құны жойылатын еді. Көп ұзамай солай болды да. Ұлттық валютасын енгізген елдердің халқы Кеңес ақшасымен келіп, барлық құнды тауарларымызды сыпырып алып кетіп жатты. Бұл ел экономикасына үлкен зиян келтірді», - деп әңгімелейді 1992–1994  жылдары ҚР Ұлттық банкі басқармасының төрағасы қызметін атқарған Ғалым Байназаров.

Ғалым Байназаров, ҚР Ұлттық банкі басқармасының бірінші төрағасы
Ғалым Байназаров, ҚР Ұлттық банкі басқармасының бірінші төрағасы

Ұлттық валютамызды енгізуге тікелей араласып, үлес қосқан, тәуелсіз еліміздің Ұлттық банкінің негізін қалап, сол тұста 260 банктің ашылуына ұйытқы болған қаржыгер ағамыз теңгені енгізудің экономикалық себебіне де тоқталды.

«Кеңестік жүйе бойынша Ресейден басқа одақтас республикалар шикізат шығаруға бағытталып, соңғы өнімді өндіретін негізгі өнеркәсіп ошақтары мен зауыттар түгелдей сол елдің еншісінде болды. Сыртқы және ішкі сауда айналымындағы жағдай нашар еді. Экспорт пен импорт операцияларының 70%-дан астамы Ресеймен жасалатын. Екі елдің бюджеті 1991 жылдан бастап бөлініп кеткен. Қазақстан рубль аймағында қалса, экономикалық билікті Мәскеуге беруі тиіс.

1992 жылы 17 қаңтарда Ұлттық банк төрағасы болып сайландым. Ұлттық валютаны жасап, енгізу барысы «жасырын түрде жүрсін» деген келісім болды. Алатаудың баурайында үкіметтік саяжайдың бірінде дизайнер Тимур Сүлейменов бастаған топ екі ай жұмыс істеді. «Осы жерден шығуға болмайды, отбасыларыңызға ұзақ іс-сапарда жүрміз» деп айтыңыздар деп өтініш жасадық. Олар екі айда теңгенің төрт нұсқасын жасады», - деп еске алады өткен күндерді Ғалым Байназаров.

Теңгенің алғашқы партиясы Ұлыбританияда басылып шықса, ең алғашқы тиын монеталары Германияда соғылды. ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Англияда банкнотқа гравюрамен сурет салатын маман санаулы болған. Ағылшындар бұл мамандықты қадір тұтып, жоғары айлық та төлепті: портретті темірден жасап, кейін микроскоп арқылы күндіз-түні инемен тырнап, адамның келбетін шығару оңай емес.

«Англияда бір номиналдың банкнотын 6 жыл дайындайды. Тарихи тұлғаның портретін 10 апта кескіндейді. Қазақстандық шеберлер екі жылда 1 тиыннан 50 тиынға дейін, 1 теңгеден бастап 100 теңгеге дейін дайындады», - дейді Ғалым Байназаров.

Әрине, сол тұста ұлттық валютада кім немесе не бейнеленуі тиіс деген сұрақ алға шығады. Теңгенің әр номиналына сегіз түрлі жоба ұсынылған: қазақ халқының өткені мен бүгінінің көрінісі деген тұрғыда. Жауапты кісілер теңге банкнотында портрет болғаны дұрыс деп тапқан, бірақ кімнің портреті лайықты? 50 теңгеге президенттің суретін салу да ұсынылған...

 Теңгенің екінші бетіне қатысты да қызу тартыс болған: Байқоңыр, Медеу, астананың әдемі ғимараттарын салу дегендей. Дегенмен, ақшаның екі жағы бір-бірімен байланысты болғаны дұрыс. Мысалы, әл-Фарабиді суреттей отырып, екінші бетіне математикалық, геометриялық есептеулер беру, ал Шоқанның суреті бар 10 теңгеде Көкшенің сұлу табиғаты арқылы оның табиғатты зерттеген ғалым екенін көрсету деген секілді.

Бабалардың бейнесін теңгеге түсірген суретші шебердің бірі Хайролла Ғабжәлелов Самарқанның сәулет құрылыс институты мен көркемсурет училищесін бір мезгілде қатар оқып, сәулетші және безендіргіш суретші деген екі мамандықты игерген. Еліміз тәуелсіздік алған тұста суретші Тимур Сүлейменовпен бірге «Қазақстанның дизайн орталығы» серіктестігін ашып, ұлттық ақшаның нобайын салып бастайды. Бір күні Ұлттық банк төрағасы Ғалым Байназаровпен кездескенді жөн көреді. Төраға валюта жасау үшін Англия, Испания, Алманияға барған екен. Банкноттың нобайын көргенде қуанып, төрт адамдық дизайнерлік топ құрады.

Суретші Хайролла Ғабжәлелов, 1992 жыл
Суретші Хайролла Ғабжәлелов, 1992 жыл

«1992 жылы тамызда Ұлттық банкте банкнот үлгісі бекітіліп, құпия түрде Англияда – Лондоннан 30 шақырым жердегі «Харрисон және оның ұлдары» фирмасында теңгемізді жасауға кірістік. Дизайнның элементін, бөлшегін, сызығын жасауды үйрендік. Негізі, банкнотты дайындауға екі жыл уақыт керек. Сол үшін біз күні-түні еңбек еттік. Алматыдан ақша әкелуге уақыт болмай, өз қалтамнан ақша төлеп, жұмысты тоқтатпауға тырыстым. Осы ісім үшін ақы сұрау ойымда да болған жоқ. Мен үшін теңге жасау деген бүкіл өмір бойғы арманымның орындалғаны», - деп еске алады теңгенің өмірге келген күндерін суретші ағамыз.

Әлемде «Ақшаның сапасы» деген байқау өтеді. Осы бәйгеде Қазақстан теңгесі ең үздік жұмыс ретінде аса жоғары бағаланған. Ұлыбритания патшайымы «Харрисон және оның ұлдары» фирмасын қазақтың ұлттық теңгесінің қорғаныс сапасын «өте мықты жасаған» деп «Алтын белгімен» марапаттаған. Ағылшындар біздің теңгені басып шығару арқылы жалған ақша жасауға жол бермейтін өздерінің жаңа техникасын сынақтан өткізген. Сөйтіп, Қазақстанның ұлттық теңгесі ағылшын технологиясының «ең керемет жетістігі» деген мәртебеге мұрындық болған.

1993 жылы айналымға енген Теңгенің келбеті араға 12 жыл салып, өзгеріп кетті. Теңгедегі ұлылардың суретін алып тастап,  екінші бетіне номиналдарды орысша жазу әдетке айналды. Ресми түсіндірулерде: «жасанды теңге жасаушылар көбейіп кеткендіктен» деген себептер де айтылды. Алайда, суретші Хайролла Ғабжәлелов, теңгенің қорғаныс қабілеті неміс маркасынан да күшті болған, деп отыр.

 «Айналымға шыққан сайын ақшаға қосымша қорғаныс енгізіледі. АҚШ доллары осындай жасырын қорғаныс салу арқылы сақталып келеді. Қорғаныс белгілері адамның суретіне салынады. Ұлы тұлғалардың суретін алып тастап, ақшаның екінші бетіне номиналдарды сөзбен орысша жазудың нақты себебі жоқ. Өзім осылай ойлаймын. Ұлттық сана, патриоттық сезім әлсіз», - дейді ол бұл тұрғыда.

Суретшінің пікірін Ғалым Байназаров та қолдайды: «Теңгенің екі тілде шығуы өзімізге байланысты. Мен қызмет еткен жылдары теңге екі тілде шыққан жоқ. Бұл мәселе күн тәртібінде тұрды, бірақ біз президентке жұрттың бәрі АҚШ долларындағы латын әрпін танымаса да, санына қарап оңай түсінетінін айттық. Бір тілде жазудың зияны жоқ екенін дәлелдедік».

Айтпақшы, айналымға түсердің алдында ұлттық валютаның атауына қатысты да бірнеше ұсыныс түскен: кеңестік «сомнан», бүгінгі «теңгеге» дейін. Орталық Азиядағы бірқатар түркі тілдес елдер өз ақшаларын «теңге» деп атамақшы да болған. Бірақ біз олардың алдын орап кетсек керек.

«Ақшаның атауы қандай болады деген ой тұрды. Тарихшы, ғалым, тілшілер арасында ұсыныс пікірлер жинақталды. Сарапқа салғанда басым бөлігі «алтын», «сом» және «теңге» деген атауларға тоқталды. Ғылым академиясының ғалымдарымен ақылдастық. Сонда жүздеген жылдар бұрын Орталық Азияда теңгенің айналымда болғаны және археологиялық қазбалар арқылы дәл біздің елдің аумағында теңге сарайы жұмыс істегені анықталғаны туралы нақты деректер келтірілді», - дейді суретші Хайролла Ғабжәлелов. 

Төл теңгеміздің алғашқы болмысын сомдаған суретшінің бірі, сондай-ақ: «Банкирлер жыл сайын өзгеріп, қазір теңгенің тарихын білетін адам қалмады. Еуропа халқы кептерді бейбітшілік белгісі деп біледі. Ал түркі халықтары бүркітті, қыранды пір тұтады. Қазіргі теңгеде ұлттың белгісі қалған жоқ... Ал біздерді әлдеқашан ұмытып та кетті...», - деген уәж айтады.

Фотосуреттер спикерлердің жеке архивінен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить