Америкалық арман: АҚШ асқан қазақ жігіті өз компаниясын қалай құрды

56726

Қазақстандық кәсіпкер басқаратын америкалық «Samad Transportation Inc.» компаниясының табысы қандай? Онда қазақстандық жүргізушілердің еңбегі қалай бағаланады?

Олжас Ақтілеуов, «Samad Transportation Inc.» компаниясының негізін қалаған кәсіпкер
Олжас Ақтілеуов, «Samad Transportation Inc.» компаниясының негізін қалаған кәсіпкер
Фото: жеке архивтен

Бұл туралы АҚШ-та тұратын бизнесмен Олжас Ақтілеуов Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында әңгімелейді

F: Олжас мырза, қай өңірде дүниеге келдіңіз? Қайда оқыдыңыз? Америкаға қай кезде бардыңыз?

- Мен Алматы облысы, Шеңгелді елді мекенінде дүниеге келдім. Алматыдағы №15 лингвистикалық гимназияны бітірдім. Ата-анам Қызылорда облысының Аралынан. Ал Америкаға алғаш рет 2006 жылы студенттік визамен келдім. Қаржы, бизнес технология және әкімшілік басқару мамандығы бойынша Хюстон және Цинциннати қалаларында білім алдым. Оқуды аяқтаған соң Қазақстанға қайта оралдым – бізде аптекалар желісі түріндегі отбасылық бизнес болатын, сонда жұмыс істеп, 7 жылдай елде болдым. Бұдан бөлек, өзім кафе аштым, басқа кәсіптермен айналыстым. Жалпы, өзім кішкентай кезімнен бизнеске бейім болдым, себебі отбасымыз кәсіпкерлікпен айналысты. Қазақстанда жүріп заңгер мамандығын қатар меңгеріп шықтым. 2016 жылы Америкаға қайта келдім. Алғашында Огайо штатының Цинциннати қаласында автокөліктерді алып-сатумен айланыстым, бұл жерден серіктестер тауып, кішігірім диллер болып істедім. Тек көлік сатып қана қомай, Лос-Анджелестен мувинг бизнесін қолға алып, өз компаниямды аштым, яғни тапсырыс бойынша үйлер мен мекемелердің мүлкін көшірумен айналыстық. Бұдан бөлек, Airbnb платформасында жылжымайтын мүлікті жалға алып, оларды одан әрі жалға беру арқылы табыс таптым. Әрине, екі қалада жұмыс істеу оңай болған жоқ. Сондықтан бизнесті біріктіріп, сататынын сатып, жүк тасымалына бет бұрдым. Себебі ТМД елдерінен келетіндердің көбі сол қызметке барады.

F: Бұл кәсіп қалай, неден басталды?- Алғашында бір ескі фура сатып алып, жұмыс істеу үшін бір компаниямен келісімге отырдым. Яғни, олар маған жүк тауып береді және сол үшін өздерінің пайызын алады, ал қалған табысты маған береді. 2018 жылы сол компанияға жұмысқа тұрып, онда 4–5 ай жұмыс істедім. Негізгі міндетіміз –жүкті бір орыннан екіншісіне жеткізіп беру. Бұрын бұндай көлікті айдап көрген емеспін, бірақ техникаға жақын болғандықтан, тез үйреніп кеттім. Бірақ ондағы жұмысым ұзаққа созылмады: әлгі компания мені алдап кетті, ақшамның көбін бермеді, сол кезде шамамен 20 мың доллардай жоғалттым. Еңбегім босқа кетті, стресс болды. Алғашында оны сотқа бергім келді, бірақ кейін одан түк шықпайтынын түсіндім. Бұл бір жағынан маған кәдімгідей сабақ болды, алға жылжуыма күш беріп, өз бетімше жұмыс істеуіме жол ашты. Сөйтіп, уақытты жоғалтпай өз компаниямды ашуды ойластырдым.

Фото: жеке архивтен

F: Яғни, фура жүргізушісінен компания басшысына айналып шыға келдіңіз. Қазір басқарып отырған «Samad Transportation Inc.» компаниясының негізі қалай қаланды? Бұл кәсіп бастапқыда қандай қаржыны талап етті?

- Бұл компанияның негізі 2016 жылы қаланған болатын, бірақ жұмыс істеуге арналған көліктік лицензияны тек 2018 жылдың басында ғана алдым. Алғашында бір фурамен бастап, 3–4 айдан соң тағы үш фура алуға ниеттендім. Бірақ маған көп адам сенбеді, көбі сынады, қолынан іс келмейді деп ойлады. Әрине, бұның бәрі менің намысыма тиді, бір жағынан бұл мені жігерлендіріп, бар күшімді салып жұмыс істеуіме серпін берді. Ұятқа қалмас үшін күндіз-түні жұмыс істедім, жаңа жоспар құрып, жаңа жүк көліктерін алуға бекіндім. Бұл жерде жылы ескі, қолданыстағы фуралар өте көп, бірақ жаңаның аты жаңа. Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін, тасымал тұрақты болу үшін жаңа техника маңызды.

Көп ойланбай бірден «Freightliner» диллеріне барып, үш фураға тапсырыс бердік. Мен бұған көлік және мувингтен тапқан ақшамды салдым. Әрине, бұл жердегі қаржы компаниялары, банктер жаңадан ашылған компанияларға сене бермейді. Маған бастапқыда жақындарым, туыстарым жақсы көмек беріп, қолдау көрсетті. Осында 20 жылдан бері тұрып жатқан Амангелді ағам (әкемнің ағасы) демеу болды. Біз алмақ болған фуралардың бағасы 130–145 мың доллар арасында-тын. Алғашқысын компаниямның атына берді, оған бастапқы сомма ретінде 30 мың доллар жұмсадық. Екіншісіне 20 мың, үшіншісіне 40 мың доллар салдық. Америкада Co-signer деген бар, бұл сізге кепіл болатын адам, яғни жергілікті жерде ұзақ тұрған сенімді өкіліңіз болуы тиіс. Сөйтіп, екі фураны Амангелді ағаның атына рәсімдеп алдық, ол кісі де бірден келісті. Осылайша үш көлікпен жұмысқа кірістік. Бір фураға өзім отырдым, екі фураны осындағы інішектер жүргізді. Келіншегім үйде отырып, диспетчерлік жұмыспен айналысты. Бәрін өзіміз зерттеп, өзіміз қолға алдық, ешкім келіп көмек берген жоқ. Алдымен жергілікті заңдармен таныстық, қажетті кітаптарды алып, тиісті талаптарды оқып шықтық және бәрін сол ережелерге сай етіп жұмыс істедік.

F: Ауыр да алып көліктерді басқару үшін қандай талаптар қойылады? Жүргізушілер куәлгі қалай беріледі?

- Америкада «CDL – Commercial Driver License» деген бар. Бұл ауыр көлік түрлерін айдайтын жүргізушілерге куәлік беретін мекеме. Бұл мектептің рұқсатын алмай, фура айдай алмайсыз. Куәлік беру екі бөлімнен тұрады: теория және тәжірибе. Теория бойынша 300 сұрақққа жауап берген соң, практика өтеді. Біздің Қазақстандағы ХҚКО сияқты DMV деген орган жұмыс істейді, соған барып тапсырасыз және куәлік алғанда ғана заңды түрде жұмыс істей аласыз. Сондай-ақ, Америкада заңды тұрып жатқаныңызды растайтын құжатыңыз болуы тиіс. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс, сондықтан барлық құжатыңыз дұрыс реттелуі керек.

Фото: жеке архивтен

F: Сіздер қандай тапсырыстарды орындайсыздар? Қандай жүк түрлерін тасымалдайсыздар?

- Алғашында біз «құрғақ жүк» тасымалдадық, негізінен үйге қажетті заттарды. Бір сөзбен айтқанда, азық-түліктен басқасының бәрін тасыдық. Осылай сұраныс арта бастады. Біздегі фуралардың саны көп ұзамай 7-ге жетті, ал 2020 жылға қарай 12 жүк таситын көлігіміз болды. Бірақ пандемия басталып кетті де, сол жыл бізге оңайға соқпады. Сол кезде Америка үкіметі бізге қолдау білдіріп, кредитімізді жабуға көмек берді. Бірақ құлдырау болған жерде қайтадан өсу болатыны белгілі. Көп ұзамай, 2020 жылдың жартысынан бастап біртіндеп өркендей бастадық. Алға бастық, дамыдық, осылай біздің компаниядағы көліктер 30 фураға жетті. Біз үшін ең алдымен үлкен нарыққа ену және сенімге ие болу маңызды еді. Біз бұл мақсатқа жеттік.

F: Қай бағыттарға қатынайсыздар? Сіздерге деген сұраныс қандай, бәсеке қандай?

- Автотасымал Америка экономикасына елеулі үлес қосып отырған саланың бірі. Себебі бұл жерде өндіріс, зауыттар, компаниялар көп. Әрине, темір жол қатынасы бар. Бірақ тұтынушылар олардан гөрі, бізге көп жүгінеді, себебі біз арқылы жүкті жедел әрі тиімді жеткізуге болады. Әуе қатынасы арқылы жөнелтіп жатады, бірақ олар біз сияқты ауқымды тапсырыстарды қабылдай алмайды. Біз тек Аляска мен Гавай штаттарынан басқа 48 штаттың бәріне қатынай береміз.

Олжас Ақтілеуов, «Samad Transportation Inc.» компаниясының негізін қалаған кәсіпкер
Олжас Ақтілеуов, «Samad Transportation Inc.» компаниясының негізін қалаған кәсіпкер
Фото: жеке архивтен

F: Сіздердегі жүк айналымы қандай? Табыстарыңыз қаншалықты артты?

- Егер сандарға келсек, 2021 жылы біздегі жүк айналымы 8 млн долларға жетті. Бізге әрбір бағыт бойынша, тасымал түріне қатысты жаңа компаниялар қосылды, жоғарыда айтып өткенімдей, 5 компания болды. Мысалы, тоңазытқыштармен жүк тасыдық, одан кейін шағын көлемдегі жүктерді жеткіздік. Қазір сол үш бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Біздің көрсеткішіміз уақыт өткен сайын өсе берді. Бірақ экономикалық дағдарыс кері әсерін тигізбей қоймайды. Біз оның үшеуін өттік: 2018 жылы, 2020 жылы және 2022 жылдың аяғында. Бұл дағдарыстар әлем елдерін түгел шарпыды. Ал жүк тасымалында бұндай жағдай екі-үш жыл сайын қайталанып отырады. Яғни, тасымалдаушылар көбейген кезде баға түседі, тиісінше кіріс те төмендейді. Сондықтан, біз нарық талабына бейімделіп, компаниямызда оңтайланыру шараларын қолға алдық. Жүк көліктерінің санын қысқартып, сапаға басымдық бердік. Қазір өзіміздің брокерлік компаниямызды ашып, сол бағытта да жұмысқа кірістік.

F: Жүргізушілердің еңбегі қалай бағаланады? Фура айдайтындар мен сіздердің үлестеріңіз қалай белгіленеді?

- Фура жүргізушілері үшке бөлінеді. Біріншісі – Owner operator. Оның өз көлігі бар және ол бізбен келісім бойынша жұмыс істейді. Біз оған жүк тауып беріп, одан пайызымызды алып отырамыз. Олар жанармай, техникалық шығындарды өздері жабады. Әрине, ондайлар жүргізушілерге қарағанда жақсы табыс табады: 12%-ы компанияға, қалғаны жүргізушінің өзінде қалады, бірақ оның өз тәуекелдері бар. Көбісі мол ақша табамын деп, осылай жұмыс істейді, бірақ жауапкершілігін ойламайды. Мысалы, жолда әртүрлі жағдай болады, көлігі бұзылып қалуы мүмкін, шығыны бар дегендей. Екіншісі – Driver%, бұл пайыздық шарт. Айталық, жүргізуші аптасына 10 мың доллардың тасымалын жасаған болса, онда оның айлығы келісім арқылы белгіленеді, яғни оған тиесілі сома шамамен 20–30% көлемінде болады. Ал үшіншісі – per mile. Оларға әрбір милясына қарай төленеді, мысалы, бір миля үшін 50–60 цент берілсе, пайызбен алсақ 25% болады, тәжірибесіне қарай 30%-ға дейін көтеріле береді. Жалпы, барлық талапқа сай, екі жыл тәжірибесі бар, жүкті уақытылы жеткізіп отыратын жүргізушілер қазіргі таңда аптасына 2–3 мың доллар, ал айына 8–10 мың доллардай табады. Жүк айналымы ұлғайған кезде жүргізушілер бағаны көтереді. Қазіргі таңда жүргізушілер көп, соған сай олардың жалақылары да төмендейді. Мысалға, 2021 жылы аптасына 5 мың доллар, айына 15–20 мың доллар, тіпті одан да жоғары алған жігіттер болды. Бұл енді жүргізушінің өзіне, жұмыс тәртібіне, олардың қанағатына байланысты.

Олжас Ақтілеуов, «Samad Transportation Inc.» компаниясының негізін қалаған кәсіпкер
Олжас Ақтілеуов, «Samad Transportation Inc.» компаниясының негізін қалаған кәсіпкер
Фото: жеке архивтен

F: Яғни, көп жұмыс істеген сайын, көп жүрген сайын жалақы өсе береді ғой?

- Бұл сатысына байланысты. Бастапқы сатысында көп ақша болмайды, себебі жүргізушіге артылатын жүктеме аз, қосымша ешнәрсе істемейді. Тек жүкті қабылдап алып, жеткізіп, құжатын тапсырса болды. Ал екінші сатысында мұздатқыштың температурасын бақылап отыруы керек, оның үстіне түнде жүреді, азық-түлікті жедел және уақытылы жеткізуі тиіс. Егер бір күн тұрып қалса, онда компания да, жүргізуші де ешнәрсе таппайды. Сондықтан бұл жерге өте жауапты адамдарды аламыз. Ал үшінші сатысы – қолмен істейтін жұмысты қажет етеді: таза платформаға қойылған жүкті өзің бекітіп, жабуын жабуың керек, сосын ғана жолға шығасың.

Фото: жеке архивтен

F: Қазақстаннан келіп жатқан жүргізушілер көп пе?

- Бұл салада көптеген компаниялар бар. Қазақстаннан, Өзбекстаннан келетіндер өте көп. Әртүрлі саланың өкілдері келеді. Мысалы, қазақстандық бауырымыз Жандос Қалтаев Астанадағы режиссерлік жұмысын тастап келді, қазір бізбен бірге жұмыс істейді. Алғашында тіл білмей келген жерлесіміз осында білім алып, қазір әйелімен бірге қомақты табыс тауып жүр. Фурадағылардың 90%-ы ТМД елдерінен келгендер. Ер азаматтармен бірге әйелдер де көп келеді. Жүргізушілердің 5%-ы нәзік жандар, олардың ішінде қазақстандық қыз-келіншектер де бар. Бәсеке өте күшті. Бұл өте жақсы. Себебі, біз америкалық компаниялармен бәсекеге түсіп, тартысып жатырмыз. Мысалы, менің әкем Серік пен анам Дүрия да осында. Олардың да өз фуралары бар, олар да оwner operator, бірге жұмыс істейміз. Ата-анамның жасы 60-тан асса да, жолға шығып, өз фураларымен жұмыс істеп жүр. Негізі, демалғандары дұрыс еді, бірақ өмір бойы жұмыс істеп үйреніп қалғандықтан, бір орында отыра алмайды. Компания ағамның атында, інім, қарындасым, әйелім мен балаларым – отбасымызбен түгел осындамыз.

Олжас Ақтілеуов ата-анасымен бірге
Олжас Ақтілеуов ата-анасымен бірге
Фото: жеке архивтен

F: Алдағы жоспар қандай? Өзге салаларға инвестиция салу ойда бар ма?

- Алдағы жоспарымыз – әйгілі компанияға айналу. Біртіндеп соған келе жатырмыз. Менің инвесторларым – ата-анам. Олар мені өмірге үйретті, білім берді, оқуға жіберді, қаражат жағынан көмектесті. Бизнесте қалай ақша табу керек, қалай үнемдеу керек, қай бағытта жұмсау керектігін үйретті. Олардың еңбегі өте зор. Қазір жылжымайтын мүлік нарығында қатар жұмыс істеймін. Сонымен бірге «Software Engineering» саласына зерттеу жүргізіп, сол технологияға бет бұрудамын.

F: Америкалық арман орылады деуге бола ма?

- Әрине, қиналған кездер болды, көп сынақты еңсердік. Соның бәрінен тәжірибе жинақтап, қай бағытта жүру керектігін айқындап алдық. Қазіргі таңда өзіміздің фураларға арналған жеке жайымыз бар. Алдағы уақытта өз қоймамызды салсақ дейміз. Біздің көрсеткіштеріміз өте жақсы, бұл өз кезегінде банктер мен компаниялардың бізге деген сенімін арттырды. Олар бізді қолдап, жеңілдік беруге әзір. Қазір осылайша қанат жайып, жаңа белестерді еңсеруге дайынбыз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить