Қазақстанның опера әншісі Зарина Алтынбаева Италия сахналарында өнер көрсететін болады

19077

Абай атындағы опера және балет театрының солисті балалар шығармашылығын дамытуды қолға алды

Классикалық музыка әлемінде кеңінен танылған әншінің алдағы жоспары қандай, Италия тарапынан қандай ұсыныстар жасалды, балалар байқауын ұйымдастырудағы мақсаты қандай? Бұл туралы Зарина Алтынбаева Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтады.  

F: Зарина, Абай атындағы опера және балет театрының жетекші солисті екеніңізді білеміз. Мемлекеттік театрда істегеніңізге қанша уақыт болды, тарихи сахнаға қалай келдіңіз, қандай қойылымдарға қатысып келесіз?

- Опера және балет театрының солисті атанғаныма 7 жылдың көлемі болды. Осы уақыт ішінде көптеген театр қойылымдарына қатысып, көрнекті дирижерлар мен режиссерлермен жұмыс істедім. Мені театр өнерінің өркендеп келе жатқаны, сонымен қатар біздің, әртістер қауымының онымен бірге өсіп, шығармашылық тұрғыда бірге дамып келе жатқаны қуантады. Жақында театрда «Дон Паскуале» (Доницетти) операсының премьерасы өтті, оны сахналауға Италиядан арнайы қоюшылар командасы шақырылды. Қойылым Матэо Маццони деген көрнекті режиссердың қолынан шықты. Біз оның жұмысынан ғаламат әсер алдық, әлгі күнге солай және көрермен қауым да керемет күйге бөленді деп ойлаймын. Себебі, онда декорация мен 3D форматындағы жарықтандырудың соңғы жетістіктері пайдаланылды, сонымен бірге спектакль барысында үш дәуірдің өзара алмасуы ерекше қарқынмен жеткізіледі, бұл әсіресе костюмдер мен декорацияларда айрықша көрініс тапты. Жалпы, осындай қызықты режиссерлік қадамдар жасалып, тіпті көрерменмен өзінше бір интерактивті байланыс болды. Бірақ, қызықтың бәрін алдын ала айтып қойған дұрыс болмас. Сондықтан, театрға келіп, барлығын өз көзіңізбен көргеніңіз жақсы.

F: Қазақстандық көрермен сізді негізінен эстрада арқылы танып білді. Ал бағыт қалай өзгерді, бұл шешім қалай қабылдады? Операны қалай меңгердіңіз?

- Шын мәнінде, «Адажио» (Альбинини) атты алғашқы клипім жарық көрген кезде мен консерваторияда оқып жүрген болатынмын, яғни туынды студенттік шағымда шығып үлгерді. Мен опералық вокал бойынша еліміздің көрнекті қайраткері Мариямгүл Ахметқызы Төлегеновадан тәлім алдым. Ол менің бойыма театр өнеріне деген сүйіспеншілікті дарытты. Әлі есімде, ол мені үнемі спектакльдер басталмас бұрын өзімен бірге грим бөлмесіне алып барып, өзінің кейіпкерлері туралы айтып, өз білімі мен тәжірибесімен бөлісетін. «Адажио» клипіне арналған алғашқы әнімді сол ұстазыммен бірге жазған болатынбыз. Сондықтан, мен музыка бағытын өзгерттім деп айта алмаймын,  мен тек эстрада мен классиканы біріктіруге тырыстым. Бірақ, нәтижесінде оларды қатар ұстау мүмкін емес екенін түсіндім және таңдау жасау керек болды. Сол кезде мен жаңа білім алу үшін Англияға аттанып кеттім,  онда лондондық Голдсмит университеттің қызыл дипломын алып, музыка магистрі деген дәрежеге қол жеткіздім. Сондықтан, классикалық музыкада қандай да бір жетіспеушілік болған емес. Керісінше ол әрдайым маған жақын болды. Себебі, бала кезімде балетті жақсы көрдім, классикалық хореографиямен айналыстым. Мысалы, телеарнадан «Аққулар көлі», «Щелкунчик» немесе «Жизель» туындыларының үзінділерін көрсеткен кезде экран алдын бермей, бір сәт қатып қалатынмын.   Балалық шағымда мені симфониялық музыканың құпиясы мен жанды орындаудың сұлулығы баурап алатын. Менің ойымша, біз бәріміз сұлулыққа ұмтыламыз, оған ерекше құштармыз. Ал ондай әдеміліктің бір бөлігін біз классикалық театр сахнасынан тамашаламасақ, басқа қайдан көруіміз мүмкін? Сондықтан, мен үшін театр сахнасына бағытталған жолдама сол жылдары берілген болса керек.

F: Сіз консерваториядан бөлек Англияда оқығаныңызды айттыңыз. Шетелдік білім  шығармашылығыңызға қалай ықпал етті?

- Англияда мен Вестминстерлік университетте оқыдым, онда өнер бакалавры дәрежесін алып, кейіннен Лондондық Голдсмит университетінде оқып, музыка магистрі атандым. Мен білім негізін осында, Қазақстанда қалғаныма өте қуанамын. Себебі, мен көптеген әйгілі өнер шеберлерімен жұмыс істеп үлгердім және ең алдымен менің қалыптасуыма отаным ерекше ықпал етті. Сонымен қатар,  жаңа білім алу үшін әлем елдеріне саяхаттау өте маңызды деп ойлаймын. Опералық әншінің ішкі жұмыс ерекшеліктерін ескере отырып, мысалы, бельканто сияқты (Италияда пайда болған) музыкалық бағытты аздап болса да «ішінен» зерттеу өте маңызды болды. Бұл үшін ең алдымен Италияның мәдениетімен, адамдармен және тілімен тікелей байланыста болу керек. Опералық театр әртісінің міндеті  құр ноталарды орындау ғана емес, бұл жерде атмосфераны, эмоция мен сезімді жеткізе білу маңызды. Сондықтан, маған саяхаттауға, түрлі адамдармен араласуға және олардың әрқайсынан үйренуге мүмкіндік берген Жаратушыға алғысым шексіз.

F: Өткен жылы сіз Италиядағы Montecatini Opera Competition халықаралық опера байқауының лауреаты атандыңыз? Бұл қандай конкурс, онда кімдер қатысты? Сізге байқау нәтижесі бойынша ұсыныс жасалды ма?

- Иә, мен 2019 жылы мен Италиядағы Халықаралық вокалистер байқауына қатыстым. Аталған шараға бүкіл әлемнен: Америка, Жапония, Ресей, Италия, Қытай, Болгария, Украина, Германия және т.б. елдердің әншілері қатысты. Әрине, байқау оңай болған және оның ауқымы өте кең болды. Сондықтан, мен қатты толқыдым! Дегенмен, нәтижесінде финалға дейін жетіп, екінші орын алдым. Менің өнерімді лайықты бағалады, байқады, сондықтан осы жазда Итальяның Парма қаласында «Махаббат сусыны» атты операның бас партиясында өнер көрсетуге  шақырды. Сонымен қатар, мен 2020 жылдың тамыз айында Монтекатинидегі халықаралық фестивальге шақырту алдым, онда Қазақстан атынан қатысатын боламын.

F: Сіз Жапонияда өткен «16-th Tokyo Music Competition» халықаралық байқауында жеңіске жеттіңіз. Бірінші орыннан бөлек, «көрермен көзайымы» сыйлығын иелендіңіз. Жапон халқы қазақстандық әншіні қалай қабылдады? Сі оларды қалай тәнті еттіңіз?

- Бұл Жапониядағы және жалпы әлемдегі классикалық орындаушылық өнердегі ең беделді және ауқымды конкурстардың бірі болып табылады. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірақ мен әрбір кезең сайын және одан әрі өтіп жатқаныма сене алмадым. Бірақ, осылай финалға дейін жетіп, нәтижесінде жеңіске жеттім! Мен шынымды айтсам, алдыма ешқашан көпшілікті «таңқалдырамын» деген міндет қойған емеспін. Себебі, сахнада вокал, техника және әртістіктің арқасында тыңдаушыға ой мен композиция идеясын жеткізу маңызды деп ойлаймын. Жапон көрермені ерекше. Оларда әртісті сезінетін нәзік қасиет бар сияқты. Өйткені мен сахнаға шыққан кезде ерекше бір қолайлы атмосфераны, айрықша назарды және ыстық ықыласты сезіндім. Әрине, олар өте байсалды, бірақ осы бір ұстамдылық арқылы олдардан өнерге деген ерекше жылылықты,  олардың бойындағы осы бір қасиет арқылы өнер деңгейін терең түсіне білетінін аңғару қиын емес. Сондықтан, Жапонияда өнер көрсеткенді өте жақсы көремін! Бұл маған әрдайым қуат береді, ол жақтан телегей теңіздей жағымды әсер алып қайтамын.

F: Еуропада операға деген қызығушылық өте жоғары екенін білеміз. Қазақстандағы жағдай қалай, сіздің көрермендерңіз кімдер, қазақстандық опера қандай аудиторияға бағытталған?

- Мен ойымша кәсіпте ең бастысы-өзіңді таба білу және әрқашан сүйікті іспен айналысу маңызды. Егер тек табыс, қаржылық пайда туралы ойласаңыз, онда опералық әнші мамандығын бір жола және мәңгіге тастап кеткен дұрыс. Себебі операда ең алдымен табыс емес, әуестік бірінші орында тұрады. Бұл мамандықта негізінен ерекше төзімділік, табандылық, тынымсыз еңбек және өзіңе деген берік сенім қажет. Егер әрдайым көрермен талғамына  қарай төселе берсеңіз, онда өзіңізді жоғалтып алуыңыз мүмкін. Өнер бәрінен де жоғары. Еуропаға келетін болсақ, онда опера театрларының дәстүрі көптеген ғасырлар бойы қалыптасты және классикалық өнер еуропалық өркениеттің мәдениетімен терең байланыста екенін, олардың өзара үйлесім тапқанын ескеру керек. Қазақстанда да опера, балет, симфониялық музыканы жоғары бағалаушылар бар. Қазіргі уақытта біз адамдардың рухани құндылықтарға қарай көбірек ұмтылып жатқанын байқаймыз және кейінгі кездері көрермен арасынан көптеген жаңа тұлғаларды көруге болады. Мүмкін, дәл қазір біз өнер мен шығармашылық саласындағы қайта өрлеу кезеңін бастан өткеріп жатырмыз немесе сол бағытта келеміз.

F: Абай атындағы опера және балет театры гострольдерге қаншалықты шығып тұрады? Қазақ операсын өзге елдер қалай қабылдайды?

- Біздің театр гастрольдық сапарларға жиі шығады. Театрдағы спектакльдердің репертуары өте кең, Верди, Пуччини, Доницетти және басқа да көптеген композиторлардың шығармаларынан бөлек, қазақстандық композиторлар: Жұбанов, Хамиди, Брусиловский және т.б. жазған әйгілі опералар қатар орындалады. «Абай» операсымен Грузияға барып, Палиашвили (Тбилиси) атындағы опера және балет театрының сахнасында өнер көрсеткеніміз есімде. Көрермен қауым қазақ халық әндерінен бастау алатын музыканы ерекше қызығушылықпен тыңдады. Сюжеттің қалай өрбігенін мұқият қадағалап отырды және спектакль соңында біздің әртістер мен оркестрге аяқтарынан тік тұрып, ұзақ уақыт бойы қол соғумен болды. Бұл бір ұмытылмас күн болды! Сол кезде мен қазақстандық музыкамен, қазақ өнерімен ерекше мақтандым, сол сәтте бойымды ерекше сезім биледі.

F: Операдан басқа немен айналысасыз? Сіздің басқа жобаларыңыз бар ма?

- Қазір мен операдан басқа, жас музыканттарға арналған «Prima Nota Fest» атты балалар байқауын дамытуға көп көңіл бөлемін. Бұл классикалық орындаушылық өнер саласындағы жас дарындар арасындағы таланттарды қолдауға және анықтауға бағытталған фестиваль. Өткен жылы біз Қазақстанның 12 қаласы мен ауылдарынан 45 бала жинадық. Конкурсқа келесі мамандықтар қатысты: фортепиано, скрипка және академиялық вокал. Осы 2020 жылы біз қатысушылардың өтініштерін жинай бастадық, себебі қызығушылық өте үлкен және бізге бүкіл Қазақсатаннан өтінімдер келіп түсті. Биылғы жылы бізді Алматы қаласының әкімдігі мен «LG electronics Kazakhstan» компаниясы қайта қолдады. Мен жүз рет айтқан шығармын және тағы да қайталаймын, бірақ біздің болашағымыз балаларда. Осылайша Қазақстандағы классикалық орындаушылық өнердің дамығанын, балалардың кішкентай кезінен бастап өсіп-өркендегенін, өзін-өзі танытуына және шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға мүмкіндіктері болғанын қалаймын.

F: Көрермендер сізді Алматыда өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың ашылуында Димаш Құдайбергеновпен бірге өнер көрсеткеніңізді көрді. Димашпен байланыстасыз ба? Оның шығармашылығы туралы не ойлайсыз?

- Бұл менің орындауыма бұйырған және мен үшін ең сүйікті дуэттердің бірі болып табылады. Мен Димашты сыйлаймын және оның жетістіктеріне өте қуаныштымын! Әрине, біз онымен байланыстамыз. Әсіресе, мен «Абай» операсынан Ажар ариясына музыкалық бейне шығарған кезде, Димаштың мені қолдағанына және бұл бейнені инстаграмда орналастырғанына өте қуаныштымын.

F: Біз эстрада жұлдыздарының қалай табыс табатынын білеміз. Ал опера әншілерінің табысы қалай беліленеді, бұл неге байланысты ? Қазақстандағы және шетелде шығармашылық еңбек қалай бағаланады?

- Мен негізінен классика әлемінің өкілімін, сондықтан маған гонорар туралы айту орынсыз деп есептеймін. Иә, опера театрларының әртістеріне белгілі бір жалақы белгіленген, сонымен қатар жеке өнер көрсетулерден түсетін табыстары бар. Жақында, мысалы, мен Токиода өнер көрсеттім, онда Бетховеннің 9 симфониясын орындадым. Айта кететін жәйт, ол жақта классикалық орындаушылар жоғары деңгейде бағаланады, тиісінше олардың еңбекақылары да жоғары. Ал Еуропадағы қазіргі жағдай мүлде басқаша. Бірақ, мен тағы да қайталаймын. Операда ең алдымен табыс емес, әуестік маңызды және онда әрдайым шығармашылық бірінші орында тұрады.

F: Сіздің күніңіз қалай өтеді? Бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз?

Мен бос уақытымды отбасыммен: қызыммен және сіңліммен өткіземін. Біз тауға жиі барамыз, жазда атқа мініп, қыста шаңғы тебеміз. Сонымен бірге, қызым Тамиристі өзіммен бірге гастрольдерге алып барамын. Сондықтан, мен жұмыс пен отбасыны өзара үйлестіре аламыз деп сенімді түрде айта аламын. Менің қызым музыкаға өте жақын, ол менің барлық партияларымды жатқа біледі, қазір фортепиано сабағына барады және бұл аспапта керемет әуендерді орындай алады. Ол анасының ізімен, шығармашылық саласымен жүреді деп ойлаймын, бірақ қазір қай саланы таңдайтынын нақты кесіп айту қиын. Ең бастысы, мен оны кез келген жағдайда қолдаймын, бастысы бақытты болып, өзін таба білуі тиіс.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить