«Қыз жібек. Жаңа тарих»: Классикалық туынды қайта түсірілмек

32453

Қазақ киносының классикалық туындысы «Қыз-Жібек» қайта түсіріледі деген сөз былтырдан бері ақпарат кеңістігіне тарап кетті

Алмаз Малдыбаев, Kinopark & Kinoplexx компаниялар тобының басшысы
Алмаз Малдыбаев, Kinopark & Kinoplexx компаниялар тобының басшысы
Фото: жеке архивтен

Бұл жаңалықты көрермен әртүрлі қабылдады. Кейбіреулер классикалық «Қыз-Жібекке» тиісудің керегі жоқ десе, басқалары бұрмаланған тарихи шындық қалпына келуі тиіс деп санайды. 

Аңызға айналған кинотуындыны қайта түсірудің қандай қажетті бар? Жаңа фильм ең қымбат жобаның бірі болады деген рас па? Анығын білу үшін  Kinopark & Kinoplexx компаниялар тобының басшысы, жоба жетекшісі Алмаз Малдыбаевпен сөйлестік.  

Бекежанды «кісі өлтіруші» қылғаннан қазақ ештеңе ұтпайды

«Қыз Жібек» тек классикалық туынды емес, қазақ кино өнерінің құбылысы. Кеңес заманында ұмытылып бара жатқан дәстүрді тірілтіп алған фильм. «Бірақ тарих ешқашан өтірікті кешірмейді. Бұрынғы фильмнің бұрмаланған тұстары көп. Жырдың шынайы нұсқасы мен фильм желісі мүлде басқа. Ал мықты ел болу үшін алдымен тарихымызды түзеп алуымыз керек. «Қыз Жібек. Жаңа тарих» деген атпен түсірілгелі отырған мегафильмнің мақсаты осы», - деп түсіндіреді Алмаз Малдыбаев.

«Қыз Жібек» жырының бізге жеткен 16 нұсқасы бар. Ең алғашқы түпнұсқасы атақты Сегіз серіге тиесілі. Кейін XIX ғасырда туған ақын, қазақ әдеби мұраларын жинақтаушы Жүсіпбек қожа Шайхыисламұлы ел аузынан «Қыз Жібек» жырын жазып алып, Қазанда кітап етіп басып шығарады. Ғабит Мүсірепов те дәл осы Жүсіпбек қожаның нұсқасын алып, фильм сценарийін жазған. «Қыз Жібек» көркем фильмінің тұсаукесері 1970 жылы Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрында, ал бүкілодақтық тұсау кесері 1971 жылы Мәскеуде өтті. Фильм 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Режиссері Сұлтан Қожықов,  басты рөлдерді сомдаған актерлер Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Бірақ ең бастысы – халық ықыласы. Фильмде Жібек өзіне қол салып, Төлеген мерт болып қосыла алмағанымен,  Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков шынайы өмірде отбасын құрып, нағыз махаббат символына айналды. Ал Төлегенді өлтірген Бекежан отандық кино тарихындағыы ең жағымсыз кейіпкерлердің бірі атанды. Бірақ бұл үлкен тарихи қателік дейді Алмаз Малдыбаев.

Тарихи деректерге сүйенсек, Бекежан Айбекұлы тек кездейсоқ аңыз емес, өмiрде болған адам. 1667 жылы Ақтөбе облысының аумағындағы Мұғалжар тауының бөктерiнде дүниеге келген. Бекежанның үш ұлының бірі Тайлақ Аңырақай шайқасында қолбасшылық еткен. Лиро-эпостық жырдың халық арасында ауызша тараған алғашқы нұсқасында бастан-аяқ Бекежан жауыз емес, Төлегеннiң жанашыр ағасы ретiнде сипатталған екен. Фольклортанушы, филология ғылымының кандидаты Асқар Тұрғанбаевтың сөзінше, Төлегенді Бекежан емес, Кескентерек атанып кеткен қожаның қарақшы жігіті өлтіреді.  Бiрақ ХХ ғасырдың басындағы кейбiр жазбагерлердiң еңбектерiнде Кескентеректiң орнына Бекежан батырдың ауыстырылғаны айтылған. Асқар Тұрғанбаев Жүсіпбек қожа жырды кітап етіп басып шығарғанда, Кескентерек орнына Бекежан жазылып кеткен дейді. Бұрмаланған дүние бұл ғана емес. Фильм соңында Сансызбайдың, Шегенің тағдыры белгісіз күйінде қалады. Қалмақ-Қорен қайда кетті? Сарыбай кім болған? Осындай жауапсыз сансыз сұрақ, фильмде жырдың шынайы нұсқасы көрініс таппауы оның қайта түсірілуіне себепкер болған.

«Сізбен біз көріп өскен «Қыз Жібекте» идеологияның салдарынан өзгерген, өтірікке құрылған тұстар көп. Егер соны түзететін болсақ қазақтың сән-салтанатын, дәстүрін, қарым-қатынасын, батырлығын, татулығын да өзгеше түсінетін боламыз. Ескі заманда ұмыт болған әдемі дәстүрлерді қайта жаңғыртамыз. Алты Алаштың батыры болған Бекежанды «кісі өлтіруші» қылғаннан қазақ ештеңе ұтпайды. Немесе Жібекті өзін-өзі өлтіруші қылғаннан ешкім бақытты болмайды. Сондықтан осы үлкен тақырыпқа қорықпай барайын деп тұрмын», - дейді Алмаз Малдыбаев. Лиро-эпостық жырды қазіргі көрерменнің талғамына сай бейімдеп, римейкке айналдыру жоспарда бар.

«Фильмді тарихи шындық жағынан ешкім сынай алмайды»

Қазір жобаның синопсисі дайындалды, сценарийін Қанат Рамазан жазып жатыр. Жоба жетекшісі Алмаз Малдыбаевтың сөзінше, сценарийдің өзін бірнеше драфтпен сүзгіден өткізіп алады. «Үлкен жоба, үлкен тарихи дүние болғандықтан конвейердегі фильмдер сияқты емес,  уақытпен өлшенетін сапалы дүние дайындағамыз келеді», - дейді ол.

Бұрынғы фильммен салыстырғанда, бұл жолғы туындыға жаңа кейіпкерлер де қосылады. Солардың бірі – Төлегеннің туған інісі Сансызбай батыр. Жырдың түпнұсқасында Төлеген қайтыс болғаннан кейін Жібек әмеңгерлікпен Сансызбайға қосылады. Антагонист рөліндегі дала заңына бағынған жоңғардың қолбасшысы Қалмақ Хоренді де көреміз. Ең бастысы, Төлегеннің өліміне кінәлі Кескентерекпен танысамыз.

Халық жадына сіңіп қалған дүниенің өзгертілген нұсқасын барша көрермен бірдей қабылдай қоймауы да мүмкін. Сын болатыны анық. Фильм авторлары «оған да дайынбыз» дейді. «Тарихи шындық жағынан ешкім сынай алмайды.  Сценарий жағынан да кемшілік жібермейміз деп ойлаймын. Мұндағы ең үлкен мәселе – бейне. Қазақ даласының сән-салтанаты. Жауынгерлері мен сұлулары. Осы тұрғыда біз өзгешелік жасаймыз. Басына үкі таққан Төлегенді көрмеулеріңіз мүмкін, біздің Төлеген өзгеше шығар. Мүмкін Бекежанның белінде қару-жарақтың көпшілікке беймәлім түрі жүретін шығар. Ал Жібек жай ғана сұлу емес, қылыштасудың һас шебері шығар. Үлкен өзгерістерге барамыз және сын міндетті түрде айтылады.  Біз оны жауапкершілікпен көтереміз», - деп сендіреді Алмаз мырза.

Қазір сценарийден бөлек актерлер құрамына да аса мән беріліп жатыр. «Жаңа тарих» жасайтын актерлерді іздеу үстінде. Кастинг тек Алматыны ғана емес, бүкіл ел көлемін қамтиды. Осы тұрғыда аймақтардағы драма театрлары мен өнер ошақтарындағы қыз-жігіттерге құлаққағыс: тарихи жобаға қатысуға үлкен мүмкіндік туып тұр. Әзірге түсірілім уақыты бекітілген жоқ. Команда барлық тәуекелді ескергеннен кейін ғана жұмысқа кіріспек. Алмаз Малдыбаевтың сөзінше, егер барлығы сәтімен басталса, премьера 2025 жылы болуы керек.

Фильм 2,5 сағат деп жоспарланған, басым бөлігі экшн сахналар болады. Тіпті қазақ киносында бұрын-соңды көрінбеген «массовка» болады дейді авторлар. Әзірге фильм бюджеті 2 млрд теңге деп жоспарланып отыр, барлығы сценарий масштабына қарай белгілі болады. «Бұл фильмге жай ғана коммерциялық жоба деп қарамаймыз. Тарихтың алдындағы аманат деп білемін. Әрине, барлық тетік, барлық маркетинг, барлық сараптау кассалық фильм 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить