Веб-сериал: кино өндірісіндегі еркін жанр туындысы

57787

Көрермен қолдап та, сынап та жүрген жаңа контент туралы не білеміз?

ФОТО: JESHOOTS.com /pexels.com

Біздің бүгінгі әңгімеміз ғаламторда көрсету үшін түсірілген хронометражы қысқа ғана, яғни 15 не 20 минут, кейде одан да қысқа веб-сериалдар туралы.

Веб-сериалдар YouTube және стриминг платформаларда кең танымал. Негізгі көрермені жастар және орта буын өкілдері деп есептеледі.

Әдетте, шағын бюджетке түсіріліп, қоғамдағы өзекті тақырыптарды қамтиды.  

Цензурасыз. Веб-сериалдар авторларының айтуынша, бұл оларға өз ойын ашық та еркін жеткізуге, әрі жанрмен, сюжетпен және көрерменнің өзімен ойнауға мүмкіндік береді.

Мұнда жаңашылдық, батылдық, өзіндік серпін сезіледі, дегенмен, бұл жанр бізде толыққанды зерттеліп, игерілген дей алмаймыз. Әрі мазмұнға қатысты да бірқатар сұрақтар туындап жатады, мысалы, сериалда қолданылған тіл аясы, сөз әдебі деген тұрғыда.

Соңғы кездері бұл жанрды телеарналар да елеп-ескере бастаған. Бірқатар телепродюсерлердің пікірінше, телехикаяларға қарағанда қазір біртіндеп веб-сериалдарға деген сұраныс нығайып келеді.

2012 жылға қарай әлемде 200-ге жуық веб-сериал кинонарыққа шыққан. Алғашқылары АҚШ-та сонау1980 жылдары-ақ белгілі болған. Десе де, фото және бейне мазмұнды қамтитын «The Spot» интерактивті веб-сериалы 1995 жылы жарыққа шыққан.

2019 жылдан бастап қалыптаса бастаған қазақстандық веб-сериал индустриясына деген қызығушылық көрермен тарапынан, әсіресе, жаһандық пандемия тұсында арта түсті. Бұл жанрдағы алғашқы отандық туындылар қатарына Эльдар Шибановтың «Трезвоз» және Ерден Телемісовтың «Құдіретті» («Всемогущий») авторлық жобалары жатқызылады.

Ал ауқымды аудиторияға арналған жобаларды біздің елде Salem Social Media компаниясы қолға алуда. Олар түсірген «Suikimdi Stories» атты алғашқы веб-сериал 2019 жылы жарыққа шыққан. Аталған компанияның бірқатар веб-сериалдары халықаралық фестивальдарда аты аталып, жүлде де алып жүр. Мысалға, «Мыстан», «Serjan Bratan», «Өмір», т.б.

ФОТО: «Suikimdi Stories» веб-сериалы
ФОТО: «Suikimdi Stories» веб-сериалы
ФОТО: Salem Social Medіa сайтынан

Индустрия өкілдерінің айтуынша, қазақстандық веб-сериалдардың жалпы аудиториясының 30%-ға жуығын ТМД елдерінің көрермені құрайды.

Сонымен, авторға еркіндік сыйлайтын бұл жанр туралы біз не білеміз, веб-сериалдар біздің елде қаншалықты дамыған?

Forbes.kz сұрақтарына Salem Social Media компаниясымен бірлесіп түсірілген «Жайна+» веб-сериалының атқарушы продюсері Ерболат Әлқожа жауап берді.

Ерболат Әлқожа, продюсер
Ерболат Әлқожа, продюсер

Ерболат мырза, қазақстандық веб-сериалдардың көп қаралым жинауының сыры неде деп ойлайсыз?

- Веб-сериал хронометражы бойынша қысқа да жұмыр болып келетін кинотуынды. Көрерменнің уақытын «ұрламайды». Меніңше ол сонысымен қызықты аудиторияға. Қаралымның көп болуы да осыдан.

Веб-сериалдардағы диалогтар ауызекті тілде беріледі, қарапайым жұрттың күнделікті тірлігіне бейімделіп жасалады. Дәстүрлі кино индустриясы «әдептілік сақтап», қолдана қоймайтын тетіктердің бірқатары бұл жанрда еркін қолданыста, мысалы, темекі не ішімдікке қатысты дегендей, себебі бұл өмір шындығы, бүгінгі тіршілік болмысы. Осындай «тетіктер» арқылы жағымсыз, әдепсіз әдет-қылық пен келеңсіз көріністерді бояусыз көрсету мүмкіндігі бар. Шығармашылық индустриясында ащы шындықты қысқа да нұсқа етіп көрсете білу өзіндік өнер, сол себепті де бұл жанрда мұндай тетіктер еркін қолданылып жүр.

Дәл қазір Қазақстанда веб-сериал түсіру дәстүрі қалыптасты дей аламыз ба?

- Толық қалыптасты деуге әзірше ертерек, бірақ қалыптасып келеді дей аламыз. Қазақстанда түсірілген әр веб-сериалдың жанры мен табиғатына қарай, кадр құрылымы мен оқиға желісіне қарай өз стилі, өз түсіру әдісі бар. Мысалға, «Serjan Bratan» сериалындағы кадрлар бейнебақылау түрінде, бұл өзіндік ерекше де еркін стиль. Ал «Сәке» сериалындағы әр кадр мейлінше бай етіп түсірілген. Меніңше, бізде бұл жанрдағы түсірілім дәстүрі әдемі дамып келеді. Әрі осы жанрда сериал түсіріп бастаған режиссерлер кейінгі буынға керемет импульс беріп, жастарға жол ашып кетті.

«Serjan Bratan» веб-сериалы
«Serjan Bratan» веб-сериалы
ФОТО: Salem Social Medіa сайтынан

Веб-сериалдың режиссері болу үшін қандай мамандықты игеру керек, тек режиссер мамандығы жеткілікті ме?

- Режиссер мамандығын игерген дұрыс, әрине, бірақ, бұл арада, ең бастысы, суреткер бола білу керек. Веб-сериал түсіруші бүкіл фильмді алдын ала өз басында сомдап, әр кадрын көз алдына елестетіп, «суретін салып алуы» қажет. Веб-сериалдың хронометражы қысқа ғана, сол қысқа уақыт ішінде режиссер көп оқиғаны сыйғызып, көрерменді таңырқататындай қызықты да сапалы туынды ұсынып, бәрін нақышына келтіріп, әдемі етіп көрсете білуі тиіс. Жазылған сценарий де соған сай болуы керек, егер онда артық сөз көп болса, оны қысқартып, қиып, ықшамдап беруге тура келеді. Веб-сериалдың режиссері болу үшін техника тілін, жаңа технологияларды да жақсы меңгеру қажет, ол фантазиясы бай, жан-жақты, ұшқыр ой иесі бола білуі қажет.

Ал ондағы актерлар ше, олар кәсіби ме, әлде әуесқой ма?

- Актерлар тобы кәсіби де, әуесқой да, аралас та болуы ықтимал. Бірақ режиссерлердің біразы актерлардың білікті де танымал болғанын қалайды. Мәселе оның актерлік дипломында емес, мәселе оның кейіпкерді шынайы етіп сомдау қабілетінде, шынайы ойнау мәнерінде. Актердың танымал болуы да веб-сериалға қосымша ұпай береді. Қалай дегенмен, ғаламторда жүктелген дүниеге қызығушылықты арттыру тетіктерін де ұмытпау керек. Бірақ басты талап актердің кейіпкерді дұрыс түсініп, оның жан-дүниесін шынайы етіп жеткізу қабілетінде, өйткені веб-сериал кейіпкері, әдетте, өз арамызда жүрген, халық арасынан шыққан қарапайым адам. Жасанды ойынға құрылған веб-сериал көрерменді қызықтырмайды.

Қазақстанда түсіріліп жатқан веб-сериалдардың демеушілері кімдер? Бұл жанрды қолдап отырған нақты тұлғалар бар ма?

- Бұл арада нақты «ана кісі мына жобаға қаражат бөлді, мына кісі ақша берді» деп айтуға келмейді. Веб-сериалдар түсіруді мемлекет те, жеке демеушілер де қолдап жатыр дей аламын. Оның сыртында, авторлардың өз мүмкіндігімен, тырысып-тырмысуымен көрерменге жол тартқан дүниелер де баршылық, мысалы, «Миллион» тобының «Жездуха» атты веб-сериалы бір күнде миллионнан астам қаралым жинаған. Бұл жанрдың дамуына ұйытқы болып, өзіндік дем беріп отырған компаниялар да жоқ емес. Дегенмен, бұл салада қазір әркім өз мүмкіндігімен тірлік жасап жүр, кімнің қолынан не келеді, кімнің ойында қандай жоба бар – соны сомдап, шама-шарқынша жүзеге асыруда. Сондай-ақ, инста-сериал түсірушілер де бұл жанрды әрі қарай дамытуға үлес қосуда.

Веб-сериалдардың табысы өз шығынын ақтай ала ма?

- Бұл арада мәселе веб-сериалдың ауқымына, оны түсіруге кеткен уақытқа келіп тіреледі. Ол қандай стильде түсірілген? Жеңіл, яғни бір-екі адамның қатысуымен түсірілсе, көп ақша керек емес. Бірақ, әрине, техника мықты болуы тиіс, негізгі шығын осыған кетуі мүмкін, яғни камера, микрофон, түсіру обьектілері дегендей. Әрі түсіруші топқа жағдай жасау керек. Ал егер кәсіби деңгейдегі ауқымды веб-сериал болса, оған көп қаражат кетеді.

Веб-сериал түсіруші топ әдетте аса ауқымды емес, көбінесе шағын ғана топ жұмыс істейді. Бұл жанрдағы шығармашылық топ, негізінен, сапа мәселесіне көбірек мән береді. Өйткені, әлдебір белгісіз топтың ғаламторға жүктелген туындысын көрермен қызықтап көруі үшін, сол аудиторияның талғамын, сұранысын ескеру қажет. Веб-сериалдарға тән еркіндік олардың авторларына көптеген мүмкіндік беріп отыр, яғни бізде сценарист те, режиссер де, актер де өзін кең әрі еркін сезіне алады. Веб-сериалдың шығармашалық тобы, әдетте, жан рахаты үшін жұмыс істейді. Өйткені, дайын туынды дереу көрерменге жол тартып, кері байланыс та бірден қалыптасып жатады. Ал көрермен қауым ғаламторда қалдырған жылы лебіз – біз үшін тамаша сезім, ең басты награда.

«Өмір» веб-сериалы
«Өмір» веб-сериалы
ФОТО: Salem Social Medіa сайтынан

Веб-сериалдар отандық телеарналар көрсететін сериалдармен бәсекелесе ала ма?

- Веб-сериалдардың қаралымы көп, сондықтан олар кей жағдайда телесериалдарды басып озады дей аламын. YouTube-та «қырғын қаралым» жинаған веб-сериалдар мен отандық телеарна аудиториясының көрсеткіштерін салыстырып, талдап көруге болады. Мұндай зерттеулермен айналысып жүрген топтар, сарапшылар болса, соларға – ұсыныс: талдап көрсін, сонда веб-сериалдарға деген сұраныс көрсеткіші жоғары екендігі бірден көзге түседі деген сенімдемін. Жоғарыда айтқанымдай, телеарналарда, дәстүрлі кино индустриясында өзіндік талаптар, тыйым-шектеулер бар. Ал веб-сериалдар еркін шығармашылық туындысы. Оларға қатысты басты талап – қысқа да нұсқа, бірақ көрікті, тартымды болуы шарт.

Десе де, қысқа ғана кинотуындыда анайы сөздердің, оғаш, дөрекі қылықтардың бастырмалап өтіп жатқаны қаншалықты орынды?

- Веб-сериалдарда цензура жоқ, бұл, меніңше, шығармашылық тұрғыда керемет артықшылық. «Оғаш қылық» демекші, көрермен кез келген фильмде, сюжетте көрсетілген кейіпкердің бар болмысын, қимыл-әрекетін міндетті түрде қайталап, соның оқиғасын өз өміріне ықшамдап, бейімдейді деген сөз жоқ қой. Кез келген детектив, триллер, экшн жанрындағы дәстүрлі фильмдер мен сериалдарда да қанышер, қарақшы сынды кейіпкерлер толып жүреді. Бірақ сол фильмдердің көрермені түгелдей солардың өмірін өздеріне модельдеп, оғаш қылыққа бой береді деген үрей жоқ қой. Керісінше, солардың оқиғасынан өзгелер сабақ алады деп қабылдаудың жөні бар, меніңше...

Ия, кей веб-сериалдарда шектен тыс, артық кетіп жатқан тұстары жоқ емес, бірақ бұл да бір эксперименттік жол, бұдан біз әлі де сабақ аламыз деп ойлаймын және веб-сериал түріндегі контент көрерменінің жас ерекшелігіне қатысты өзіндік шектеулер бар, яғни 14+, 16+, 18+, 21+ деген сияқты. Бұл талаптарды біздің авторлар міндетті түрде елеп, ескеріп жүр.

Отандық веб-сериалдар шетелдік көрермендерді қызықтыра ала ма?

- Шетел көрерменін қызықтыру оңай емес, оларда барлық жанр толық қамтылған: ситком, ромком, фэнтэзи, триллер, мистика, зомбиана дейсіз бе, небір керемет дүниенің бәрі әртүрлі қырынан жан-жақты етіп түсіріліп қойған. Шетелдік көрерменді қызықтыру үшін біз олар естіп, көрмеген тың тақырыптар ұсынуымыз керек. Ал ол үшін аудиторияның сұранысын арнайы зерттеу керек. Кім білсін, мүмкін олар үшін бізге ғана тән өзіндік жергілікті проблемаларды ерекше жанрда түсіріп, ұсынуға болар. Оларға өздері бұрын-соңды көріп-білмеген тақырыптар қызық болуы ықтимал әрі біздің елдің ерекше тылсым табиғаты да шетелдік көрерменді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын. Әрі біздің проблемаларды кинодан көрген шетел жұрты талқыға салып жатса, біздегі лауазымды тұлғалар да қарап отырмайды деп ойлаймын. Ойлану керек, әрине (күледі).

«Жайна+» веб-сериалы
«Жайна+» веб-сериалы
ФОТО: Salem Social Medіa сайтынан

Ал қазақ көрерменіне қызықты тақырып қайсысы? 

- Бізде халық ауылдан қалаға қарай үдере көшіп жатқан соң, көпшілік, қазақ көрерменіне қала тақырыбы қызықты деп ойлайды. Жоқ, біздің көрерменге ауыл қызық. Ауылдың жасанды келбеті емес, ауылдағы қарапайым өмір қызық. Ауылдағы елдің ашық-жарқын болмысы, ондағы күнделікті өмір, күйбең тірлік, көрші-қолаң бәрі де кино түсіруге сұранып тұрған тақырыптар және бұл оқиғалар біздің көрерменді ешқашан бей-жай қалдырмайды.

Қазір бірқатар фильмдерде «ауыл» деп «гүлденген» өмірді, жалтырап тұрған даңғара сарай мен қорасында маңырап, жамыраған малды көрсетеді. Бұл келер ұрпақты өтірікші етіп тәрбиелеудің бір жолы. Көрерменді босқа алдаудың қажеті жоқ, көрерменге ауылдың нақты келбетін, ондағы шынайы өмірді, халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігін көрсету керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, ел ішіндегі проблемаларды өзіміз айтып, өзіміз мойындамасақ, ол сол қалпында қала береді.

Мысалы, қазір біздің қоғамда өте бай және өте кедей деген екі тап қана қалды, бірақ біз бәріміз өзімізді орта таптың өкіліміз деп есептейміз, солай көрінгіміз келеді. Содан да қарапайым халық қазір кредитке белшесінен батқан. Осы өмірді бояусыз көрсетіп, халықтың көзін ашу керек. Меніңше, кино жанрының, оның ішінде веб-сериалдардың бұл тұрғыда мүмкіндігі мол. Веб-сериалдар қысқа уақытта тұтас бір проблеманы жетесіне жеткізіп, баяндай алады. Көрерменді қызықтыратын да осы ерекшелігі деп ойлаймын.

Айнура Дайрабаева

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить