Фортепиано ханшайымы: Қазақстандық музыкант шетелде қалай танылды

60565

Дина Дүйсен білім мен өнердегі өз жолы туралы әңгімелеп берді

Кристиан Ли, Дина Дүйсен және Робин Уилсон
Кристиан Ли, Дина Дүйсен және Робин Уилсон
Фото: жеке мұрағат

Дина Дүйсен Ұлыбритания, Шотландия, Италия, Қытай, АҚШ, Румыния, Ресей және Украинаның беделді халықаралық сахналарында өнер көрсетіп, тыңдарманын талантымен баурап жүрген танымал пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты, Лондондағы Корольдік музыка академиясының магистрі. Оның орындауындағы шығармалардың дискілері Amazon-да сатылады. Шетелде оны «қазақтың фортепиано ханшайымы» деп таниды, ал отандастары оның жетістіктерін мақтан тұтады.

Патшайым атағы Дина Дүйсенге бірнеше жыл бұрын берілді. Өз шолуында бір журналист ол туралы: «Қазақтың пианино патшайымы» деп жазды. Содан бері бұл атақ әрқашан Динамен бірге. «Әрине, мен бұл атақ үшін өз басым ризамын, одан бас тартпаймын да», - дейді пианист күліп.

Қазақстан

Қазақстандық-британдық пианист Дина Дүйсен Алматыда музыкалық отбасында дүниеге келген: әкесі Орынбай Дүйсен – домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, анасы Сәуле Сағымбаева – пианист, ал екі ағасы Ордабек пен Ілияс скрипкашылар.

Әрине, оның өмірінде музыканың орны әрқашан бөлек еді. Бірақ пианист болуды Динаға отбасы таңып берген жоқ, бұл оның өз шешімі болатын. «Ата-анама өзімнің пианинода ойнауды қалайтынымды айтқанда, мен бар болғаны төрт жаста едім. Бұл аспапты сол кезде өзім таңдадым», - деп еске алады Дина.

Дина Дүйсен
Дина Дүйсен
Фото: жеке мұрағат

Ата-анасы, керісінше, өздері таңдаған жолды Дина мен оның ағалары жалғастырғанын қалаған жоқ. «Біріншіден, бұл – ауыр еңбек, екіншіден, біздің отбасымызда музыкамен шұғылданамын десең, ол тек хобби болып қалмауы керек, ол нағыз мамандық болуы тиіс. Бірақ, біз сонда да шығармашылық жолға түсуді таңдадық, ал ата-анамыз бізді қолдады. Мен отбасында бір ғана музыкант болатын мысалдарды жақсы білемін, әдетте олар үшін бұл қиынға соғады, соңында кейбіреулері музыка жолынан мүлдем бас тартса, енді біреулері жылдар өткен соң өмірінің мәні ретінде оған қайта оралады».

Сөйтіп, бес жасында Дина өзінің скрипкашы ағалары Ордабек және Ілияспен бірге, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектеп-интернатының табалдырығын аттайды. «Сол кездегі бойымдағы сезім толқынысы күні бүгінге дейін есімде. Мектептің ауласына шығып, ішімнен, «мен мектепте оқимын, болды, мен енді үлкен болдым», - деп ойладым», - дейді Дина.

Бірақ ол сүйікті мектебін аяқтай алмады. 1998 жылы ата-анасы елордалық Қазақ ұлттық музыка академиясына жұмысқа орналасып, Динаның отбасы Астанаға көшеді. Елордада Дина оқуын Қазақ ұлттық музыка академиясында (2009 жылдан бастап «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университеті) жалғастырып, 2005 жылы оны үздік бағамен тәмамдайды.

Дина жаңа жерге қоныс аударудың өзі үшін оңай болмағанын айтады: «Қала, мектеп, мұғалім және мүлдем басқа климат – мен үшін бәрі жаңа болды. Оның үстіне мен өтпелі кезеңді бастан кешкен жасөспірім едім. Тіпті сол кезде Алматыға оралғанымды түсімде көретінім кездерім де әлі есімде».

Дегенмен, арада біраз жыл өткенде, Дина осының бәрі кездейсоқ емес екендігін түсінеді. Ол енді шетелдік делегацияларға арналған концерттерде жиі өнер көрсетіп, отандық және шетелдік классикалық музыка орындаушыларының байқаулары мен шеберлік сабақтарына қатыса бастайды.

«Сол жылдары Алматыдағы музыка мектебінде концерттік іс-шаралар аса көп емес еді. Мен тек бір рет қана Орталық концерт залында өткен концертте симфониялық оркестрмен бірге өнер көрсеттім. Бұл менің дебютім еді. Ал жаңа елорда атанған Астанада сол тұста іс-шаралар бірнеше есе көп өтетін, біз апта сайын әр жерде өнер көрсеттік. Осылайша мен Италияның Сенигаллия қаласында өткен XXIX халықаралық пианистер байқауына алғаш рет ұшып барып, үшінші орынды иелендім», - деп еске алады Дина.

АҚШ

Музыкалық академиядағы оқуын аяқтаған соң Дина Форт-Уэрттегі Техас Христиан Университетінің «Artist Diploma» бағдарламасына толық стипендиямен оқуға түсіп, оны 2008 жылы бітіріп шықты.

«Университетті таңдап, оған оқуға түсуім де өздігінен болды, - дейді Дина. - Сол кезде Американың Даллас қаласында Эдуард Шмидердің скрипка класында білім алып жүрген ағам маған жергілікті университетке оқуға түсіп, бағымды сынау жөнінде кеңес берді. Ойымда ештеңе жоқ, қабылдау емтиханына қажет болатын шығарманы дискіге жазып, жібере салдым және тек осы университетке ғана. Университет маған үш жылдық бағдарламада оқуға толық стипендия берді. Кейінірек білгенімдей, бұл оқуға түсуге бәсекелестік өте жоғары болған екен».

Нұржамал Үсенбаева, Төлеген Мұхамеджанов және Дина Дүйсен
Нұржамал Үсенбаева, Төлеген Мұхамеджанов және Дина Дүйсен
Фото: жеке мұрағат

Дина АҚШ-тағы оқудан бас тартқан жоқ. Курста орысша сөйлейтін бес-алты адам ғана кездескенін, ал оның ішінде өзінің Қазақстаннан келген жалғыз студент болғанын есіне алады. «Дина, сен біз білетін алғашқы қазақ қызысың!» дегенді жиі естимін. Мен оларға: «Ендеше, сіз ең жақсысын кездестірдіңіз!» деп жауап қатамын». (Күледі).

Америкада оқыған жылдары Дина көптеген жақсы адамдармен танысып, өзіне бірнеше адал дос тапты, өзінің айтуынша, олар оны әлі де өз өнерлерімен шабыттандырады. Сол достарының қатарында белорустық фортепиано мектебінің көрнекті өкілі, Чайковский атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Андрей Поночевный, сондай-ақ аса жоғары санатты музыкант, ұстаз әрі тәлімгер Сергей Бабаян да бар. Сергеймен және оның жұбайы Маргаритамен достығын Дина ерекше мақтан тұтады.

Пианистің айтуынша, Сергей Бабаянмен танысуына – оның университеттегі оқытушысы тарапынан кәсіби тұрғыда жеткілікті қолдау таппауы алып келсе керек. Бірақ Дина оны арнайы іздеп бармайды. Бір күні ол жергілікті газеттегі Бабаянның сұхбатын оқып, рухы және музыканы қабылдауы мен орындауы бойынша оның өзіне жақын екенін түсінеді. Онымен танысудың ретін кейінге қалдырғысы келмеген ол, оған – сол кезде Бабаян сабақ беретін Кливленд музыка институтының оркестрімен өзі орындаған Рахманиновтың концерті жазылған DVD мен хатын жолдайды.

«Екі айдан кейін маған қоңырау шалып: «Сәлеметсіз бе, бұл Сергей Бабаян. Мен сіздің видеоңызды көрдім. Сіз толық қалыптасқан әртіссіз. Менімен не туралы сөйлескіңіз келді? - деп сұрады». Содан бері біз достасып кеттік және оның музыкант ретіндегі маған ықпалы әлі де орасан зор. Ұстазыңды табу өте маңызды, мен оған сенімдімін», - дейді Дина Дүйсен.

2007 жылы болған бұл кездесу Динаға шығармашылық серпін береді. Ол екі рет Кливленд музыка институты жанындағы Сергей Бабаян атындағы фортепиано академиясындағы, кез келген музыкантқа бұйыра бермейтін, екі апталық курстарға қатысады. Университетті ойдағыдай аяқтаған соң, Дина Техас Уэслиан университетіне музыка мұғалімі ретінде жұмысқа шақырылады. Бірақ ол Еуропадағы үздік он институттың бірі саналатын Лондондағы Корольдік музыка академиясына оқуға түскендіктен, бұл ұсыныстан бас тартады.

Ұлыбритания

Динаның айтуынша, 2006 жылы Оксфордтағы фестивальге қатысу үшін Лондонға екінші рет келгенінен-ақ, ол осы қалаға ынтық болған.

«Менің кеткім келмеді, бірақ сонымен бірге мен Ұлыбритания астанасында жай ғана өмір сүргім келмеді, мен мұнда өз саласының кәсіби мамандарынан сабақ алып, үйренгім келді. АҚШ-тағы оқуымның үшінші жылында Корольдік музыка академиясының деканы, болашақ ұстазым Кристофер Элтонмен байланысқа шықтым», - дейді пианист.

Динаны академияға жалпы негізде оқуға түсуге шақырады. Бірақ декан оны алдын ала тыңдап (кеңес беру сабағы – бұл әдеттегі тәжірибе), оқуға қабылданған жағдайда, оны өз сыныбына алатынын айтады және солай болды да. 2008 жылдың қыркүйегінде Дина Корольдік академиясының орындаушылық бойынша өнер магистрі дәрежесіне түсіп, оқуын 2011 жылы үздік бітірді. Кристофер Элтон, Хэмиш Милн және Кэтрин Стотт оның ұстаздары болды. «Мұндай музыканттардан сабақ алу лотерея ұтып алумен бірдей», - дейді Дина. Академия оған құрметпен қарап, оның кез келген бастамасын үнемі қолдап отырады.

Әрине, оқу барысында қиындықтар кездеспеді десек, артық айтқан болар едік. «Басында негізінен қаржы жағынан қиындықтар туындап жатты. Лондон өте қымбат қала. Оқуыма стипендия алдым, бірақ баспана жалдауға ақша табуым керек болды», - деп еске алады пианист.

Бірақ ақша мәселесі күтпеген жерден өздігімен шешілді. Академияда Дина дайындалу және бірлесіп орындау үшін пианист іздеп жүрген скрипкашы студент қызбен танысады. Олар концерттерде бірге өнер көрсетіп, пәтердің жалдау ақысын тұрақты төлеуге табыс табады. Алайда, бұл шығармашылық одақ тек екі жылға созылады, студент қыз академияны бітіріп, өз отаны — Жапонияға қайтып кетеді. Сол кезден бастап Дина фортепианодан жеке сабақ бере бастайды.

2011 жылы магистратураны тәмамдаған Дина Англияда қалады. Ол фортепианодан жеке сабақ беруді жалғастырып, кейбір колледж студенттерінің өтініші бойынша, олардың репертуарын тым жақсы білетіндіктен, оларды сүйемелдеумен айналысады.

«Мен тек пианинода ойнаймын, бірақ егер мен екінші аспапты таңдайтын болсам, таңдауым виолончельге түсер еді!» - дейді Дина. Шамамен сол уақытта оған Корольдік музыка колледжінің сүйемелдеуші-пианисті болуды ұсынады.

Академияға Дина кейінірек шақыру алады. Оған бірден ішекті аспаптарды қабылдау емтиханында пианинода сүйемелдеуші болу жөнінде ұсыныс түседі, ал екі айдан кейін академияның ішекті аспаптар кафедрасының деканы оны жұмысқа шақырады.

«Бұл 2020 жылы болатын. Бірақ мен 2021 жылдың қараша-желтоқсан айларында ғана толыққанды жұмысқа кірістім, өйткені мен ұсыныс алған сәтте коронавирус пандемиясы жарияланып, барлығымызға үйде отыруға тура келді, - деп еске алады Дина Дүйсен. - Қазір мен екі жерде – колледжде де, академияда да жұмыс істеймін, бұл оқу орындары барлығына бірдей мұндай рұқсат бере бермейді, сондықтан менің жағдайым ерекше деуге болады».

Динаның міндеттеріне ішекті аспаптар студенттерімен олардың репертуарын қайталап, емтихандарға дайындық жасау кіреді. Ол студенттерге жоғары талап қоятынын, бірақ өзіне де оны кем қоймайтынын айтады. «Мен үнемі ізденіс үстіндемін және ешқашан тоқтамаймын. Тоқтау көп ретте деградацияны білдіреді. Маған әрқашан бір нәрсеге беріліп жұмыс істейтін адамдар ұнайды. Бұл қай кезеңде болмасын тартымды», - дейді ол.

Динаның өзі де шәкірттерін қолдап, мақтап отыруға тырысады, өйткені шығармашылық адамы үшін бұның қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді: «Былтыр Сергей Бабаян Рахманинов концертін орындап, Ливерпуль оркестрімен концерті алдында оркестр партиясын орындауымды сұрады. Концерттен кейін ол менің орындауымды мақтағанда өзіме қанат біткендей бөлек сезімде болдым, себебі мақтауды есту әрқашан жағымды әрі жақсы, ал тәлімгердің мақтауы одан да күшті».

Қазір Дина сабақ берумен қатар, түрлі музыканттармен бірлесіп танымал сахналарда белсенді өнер көрсетіп жүр.

Никола Бенедетти және Дина Дүйсен
Никола Бенедетти және Дина Дүйсен
Фото: жеке мұрағат

Ол скрипкашы Никола Бенедетти, сондай-ақ пианист Мартин Джеймс Бартлетт, Крис Ричардс, виолончельші Роберт Коэн және басқалармен бірлесіп сахнаға жиі шығады. Ағасы Ордабекпен бірге «Дүйсен» дуэтінің құрамында Ұлыбритания, Италия, АҚШ және Қазақстанда камералық музыканы орындайды.

«Негізінен маған камералық музыка жанры қатты ұнайды. Менің Вячеслав Өзбеков деген тамаша ұстазым болды. Өкінішке орай, ол бірнеше жыл бұрын дүниеден өтті. Соңғы кездесуімізде ол менің көптеген шығармаларды әртүрлі скрипкашылармен және виолончелшілермен бірге орындайтынымды естіп, қатты қуанды. Неге екенін білмедім, бірақ ол мені жалғыз өзі ғана орындайды деп ойлапты», - дейді пианист.

Кез келген дарынды адамның өміріндегідей Динаның да бай шығармашылық өмірінде елеулі оқиғалар аз емес. Әлбетте, олардың біріне Динаның 13 жасында берген бірінші жеке концерті жатады.

«Мен Алматыдағы Орталық концерт залында симфониялық оркестрмен Прокофьевтің №1 концертін орындадым. Репетиция, «жұмсарта айтқанда», ойдағыдай өтті дей алмаймын, дирижер басқа темп беріп ойнағысы келді де, бұл маған ұнамады, сонда мен ашуланып, сахнадан кетіп қалдым... Әрине, одан кейін бәріміз де басылып, керемет концерт қойдық. Көрермендер бізді жақсы қабылдап, ұзақ қол соғып, көп гүл шоқтарын сыйлады. Кешке анам мен әкем үйде мерекелік дастархан жайды», - дейді пианист.

Динаның шығармашылық өміріндегі маңызды оқиғалар қатарына оның 2002 жылы Оксфордта, Еуропадағы ең көне ғимараттардың бірінде орындаған үлкен концертін жатқызуға болады. «Сол кезде мені, Қазақстаннан келген қызды қалай қабылдайды екен деп қобалжығаным есімде. Бірақ соңында жақсы орындап шыққан соң, ду қол шапалақ соғылып, тыңдармандардың зор қошеметіне бөлендім. Мен көпшіліктің сүйіспеншілігін сол кезде сезіндім деп ойлаймын», - дейді ол.

Сондай-ақ, Динаның 2018 жылдың қазан айында атақты актер Саймон Рассел Бил және Роб Хипспен бірге «Байрон: періште және қуылған» атты театрландырылған концертіндегі дебютін атап өткен жөн. Ағылшынның атақты ақыны Джордж Байрон және оның өлеңдері туралы әңгіме Динаның орындауындағы музыкамен сүйемелденді. Бір қызығы, дәл осы концерт бір жылдан кейін Астанада да көрсетіледі.

«Идея авторы Натали Спир, режиссері Ричард Спир, продюсері Майя Эллис, жарықтандырушы дизайнер Джеффи Хенс және актерлермен жұмыс істеу өзіме үлкен ләззат әкелді. Олар нағыз кәсіпқойлар. Ал Роб Хепспен тіпті жақсы дос болып кеттік, біз Лондон мен Торонтода «Музыка және поэзия» атты екі бірлескен концерт өткіздік», - дейді пианист.

Сонымен қатар, Дина King Place-те Грэмми сыйлығының иегері, продюсер Эндрю Кинермен жазылған «Шопеннен Адеске дейінгі мазуркалар» атты жеке дебюттік альбомын шығарды. Ал 2023 жылы ол камералық музыка шырқалған өзінің үш күндік «Дина және достар» фестивалін ұйымдастырды. Фестиваль үлкен аншлагпен өтті.

«2023 жылдың басында скрипкашы Юн-Кун Шинмен бірге біз Венецияға және оның маңындағы қалаларға концерттік турмен барып, екеуіміз тіпті бірлескен диск жазып үлгердік. Бұл сапарымыздағы жалғыз ғана жағымсыз нәрсе ол біздің он күн ішінде төрт бірдей қонақ үйді ауыстырғанымыз болды. Бірақ Венеция мені елітіп алды!», - деп мойындайды Дина Дүйсен.

Қазақстандық-британдық пианист өзінің алдағы жоспарлары туралы: концерттерге қатысып, өнер көрсету, музыканттарға сабақ беруді жалғастыру деп, өзінің сүйікті істерін алға тартады. Ал оның таяу келешектегі асқақ арманы – Нью-Йорктегі Карнеги Холлда концерт беру. Біз Динаның бұл арманы міндетті түрде орындалады деген сенімдеміз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить