Серік Толықпаев басқа кәсіпкерлермен бірге ауыл-аймақты қалай дамытып жатыр?

Аitas компаниялар тобының жанында құрылған Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының негізін оның мажоритарлық акционері Серік Толықпаев қалаған

Ашылғаннан бергі үш жылдағы жұмыс нәтижесін таныстырды. Өткен жылы Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында ол бұл бастама әдеттегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайында емес екенін атап өтті: «Әлеуметтік жауапкершілік дегеніміз – сен жолай істей беретін нәрсе, ал бізде бұл нақты мақсат, бизнеспен бірге қызметіміздің бір бөлігі».

Әзірге бағдарламаға Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы алты ауыл-аймағы, сондай-ақ Семей және Курчатов деген екі қаласы, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті және Үржар деген сегіз ауданымен жаңа Абай облысы да қосылды.

Қордың жобалары алты бағытты қамтиды: білім беру, денсаулық сақтау, ауылдық аумақтарды кеңістіктік дамыту, туризм, экология және өңірлік даму. 2022 жылы білім беру бағыты Білім беруді тұрақты дамыту қоры болып жеке бөлініп шықты.

Білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан тірек жоба – «Ауыл мектебі рowered by NIS». Оның мақсаты – ауыл мектептерін Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты бойынша жабдықтай отырып, сондай-ақ білім беру процесін әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету әрі НЗМ тәжірибесін тарату арқылы қала және ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының айырмашылығын азайту. Қазіргі уақытта жоба бес мектепте жүзеге асырылып жатыр, 1 млрд теңге жұмсалды. 2022 жылы «Билайн Қазақстан» және «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры Білім беруді тұрақты дамыту қорының серіктесі атанды. Әріптестік аясында елдің 17 аймағындағы 17 мектептің әрқайсысы 250 млн теңгеге қаржыландырылады. «Билайн Қазақстан» жалпы сомасы 4,25 млрд теңгенің 2 млрд теңгесін «Қазақстан халқына» қоры арқылы бөледі. Ал, мәселен, «Меломан»/Marwin дүкендер желісі (иелерінің бірі – Александр Дериглазов) ауыл мектептерінің кітапханаларына көмектесіп жатыр.

Медицина саласында Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорында «Ауыл зертханаларының ашылуы» деген бағдарлама жұмыс істейді. Ол Қазақстанның барлық ауыл-аймақтарында жеке диагностикалық зертханаларды ашуға бағытталған. Қор мәліметіне сүйенсек, тіптен пандемия басталғаннан кейін де елдегі елуден астам аудан орталығында ондай қызмет қолжетімсіз, ал аудандық ауруханалардың зертханалары медициналық сынамалардың тек шектеулі түрін ғана жүргізеді. Бағдарлама «Олимп» КДЛ және Invivo компаниялары арқылы жүзеге асырылады. Қор жергілікті кәсіпкерлерге жобадағы екі серіктестің бірінің франшизасы бойынша жеке зертхана ашуға көмектеседі. Қолдау ретінде жабдық, жиһаз, техника сатып алуға 3 млн теңгеге дейін грант беріледі. Өз кезегінде «Олимп» және Invivo франшиза рәсімдеу үшін 1 млн теңге көлеміндегі төлемақыны алмайды. Аталған бағдарламаның 50 зертхана ашу үшін жалпы бюджеті – 100 млн теңге. Бүгінде Қазақстанның жеті облысында 14 зертхана ашылды, берілген гранттың жалпы сомасы – 20,8 млн теңге, 725 мың адамды қамтиды. Сондай-ақ, қор Ақмола облысы Бұланды ауданында Arzan Pharm дәріханасын ашып (Europharma брендімен қатар «Aqniet Group» ЖШС-мен басқарылады, оның негізгі акционері – Қайрат Итемгенов), аудан орталығында стоматологиялық клиника ашу үшін 5,65 млн теңге көлемінде грант бөлді.

«Ауылдық аумақтарды кеңістіктік дамыту» бағыты – ауыл-аймақтарда жайлы өмір сүру үшін заманауи әлеуметтік инфрақұрылым мен орта қалыптастыру. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін қор ауылдық жерлердегі инфрақұрылымдық нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларын (ЖСҚ) дайындау бойынша шығындарды өз мойнына алады, ары қарай қайтарымсыз негізде жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Осы әдіс арқылы әкімдік бюджет қаржысын үнемдеп қана қоймай, белгілі бір инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын жылдамдатады. Қор үш жылда жалпы құны 111,6 млн теңге болатын 13 жобаны іске асырды. Мысалы, Макинск қаласының (Ақмола облысы Бұланды ауданының аудан орталығы) бас жоспары жаңартылып, мамандар демографиялық болжам жасап, қаланың жаңа орталығын жоспарлап, қоғамдық зоналарды қалыптастырды. Құжатты ауданның қоғамдық кеңесі мен мәслихаты бекітті. Сондай-ақ, қор екі микроавтобус сатып алып, қайтарымсыз негізде қала ішінде жолаушылар тасымалын жолға қою үшін грант ретінде жергілікті кәсіпкерге берді. Қор қамқорлыққа алынған аумақтарды абаттандырумен де айналысады, мысалы ШҚО-дағы Қатон-Қарағай, Үлкен Нарын ауылдарында және Қасым Қайсенов атындағы ауылда құны 32 млн теңгеден асатын балалар алаңқайлары салынып, жабдықталды.

Туризм саласында экологиялық туризм сегментінде табиғи ресурстарды рационалды пайдалану (Leave No Trace) қағидаларына сай, қоғамдастыққа (Community Based Tourism) негізделген жобалар іске асырылып жатыр. Қор жанында «Қонақжайлылық мектебі» жұмыс істейді, оның аясында қонақтарға арналған үйлер иелері туристік бизнес жүргізудің халықаралық негіздері мен стандарттарын, заңдық және салықтық аспектілерін үйренеді. ШҚО-дағы Қатон-Қарағай ауданының туристік бизнесінің түрлі бағыттарын жүргізетін 50 қатысушыға арнап 12 курс өтті. Қонақтарға арналған 15 үй жалпы құны 50 млн теңгеден асатын гранттарға ие болды. Сондай-ақ 10 қызмет көрсету субъектісіне 10 млн теңгеден асатын сома көлемінде жәрдем берілді. 15-тен астам туристік маршрут қалыптастырылып, елдің ең ірі 10 туроператоры үшін ақпараттық тур ұйымдастырылды. Осыған ұқсас туризм бағдарламасын қор Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданында да жүргізеді. Ол жерде үш грант бөлініп, мәдени-тарихи туризм бағыты аясында «Көктау» өнімі әзірленді, ол онға жуық трекинг-маршрут пен алты велобағытты қамтиды.

Қор жергілікті қоғамдастықтармен белсенді түрде жұмыс істеп, атқарушы билікпен, бизнеспен, азаматтық қоғаммен диалог құрады. Осының арқасында кейбір жобаларды еш шығынсыз дерлік, асар арқылы жүзеге асыру мүмкін болуда.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
21481 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить