50 қазақстандағы ең дәулетті бизнесмендер – 2022

Қазақстандық топ-50 капиталын көбейтті, бірақ оның бір бөлігін келесі рейтингке дейін жоғалтуы мүмкін

Пандемиядан кейін экономика қайта қалпына келіп, аңсаған қалыпты өмірге ораламыз деп бәріміз күткен жыл одан да зор түбегейлі өзгерістерді әкелді. Украинадағы соғыс, оған жауап ретінде Батыс елдерінің (шығыстағы елдердің де бір бөлігінің) Ресей мен Беларусьқа салған санкциялары Қазақстанның халықаралық саудадағы логистикасының және ЕАЭО ішіндегі сауда-шаруашылық байланыстарының құлдырауына әкеп соқты. Десе де, осы жолғы рейтингте бұл аса қатты білінбеді, өйткені бизнесмендердің қаржылық жағдайы негізінен, қазір белгілі болып отырғандай, салыстырмалы түрде сәтті болған 2021 жыл қорытындысы бойынша, жекелеген түзетулерді ескере отырып, бағаланды. Бірақ халықаралық биржаларда саудаланатын компанияларға қарасақ, мұны бірден байқаймыз. Kaspi.kz акцияларының ауытқуына байланысты Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе екеуі бір жыл ішінде 1,9 млрд доллар жоғалтты. Соғыс топ-50 рейтингінің барлық қатысушыларының дәулетіне қалай әсер ететінін біз толығымен тек келесі жылы ғана көре аламыз. Дегенмен қазірдің өзінде, біздің дәстүрлі анонимді сауалнамамызға (оның қорытындысын алдағы беттерден оқи аласыз) жауап берген тізімге енген бизнесмендердің басым көпшілігі – 90%-ға жуығы Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыс олардың кәсібіне теріс әсер еткенін немесе алдағы уақытта теріс әсерін тигізетінін айтты.

Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан кейін және оның артынан болған ішкі саяси турбуленттіліктен кейін рейтингтің кейбір тұрақты қатысушылары редакцияға хабарласып, оларды Forbes Kazakhstan тізіміне қоспауын өтінді. Оларды түсінуге болады, біздің рейтинг пайда болған уақыттан бері президент әкімшілігі мен үкімет түрлі «ерікті-мәжбүри» түрде болатын ақшалай алымдар мен әлеуметтік-экономикалық бастамаларды ұйымдастырғанда рейтингтің қатысушыларын «заңды олжа» ретінде арагідік пайдаланып тұрады. Биыл да оларға жұмылып жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорының тұрақты демеушілері болуды ұсынды. Бұл жерде қазақстандық Forbes тізімінің қатысушыларының әрқайсысында дерлік жеке қайырымдылық қорлары бар екенін айта кету керек. Осы жерде топ-50 қатысушыларының есімдерінің көпшілігінің жанында тұрған сан автоматты түрде олардың депозитінде немесе ағымдағы шотында тура сол сома жатыр дегенді білдірмейді. Ол тек қазірге мәлім болып отырған, жұмыс істеп тұрған бизнестің бағалануы ғана. Десе де, қатысушылардың бұл рейтингтен (кез келген басқа да рейтингтен) шығарып тастау туралы өтінішін біз қанағаттандыра алмаймыз әрі қатысушыны оған қосу үшін заң бойынша бізге одан рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Тізім расталған ашық деректер негізінде қалыптасады. Біздің БАҚ ретінде сәйкесінше ақпаратты таратуға құқығымыз бар, ал бұған кедергі жасау заңсыздық болып табылады.

Жаңа топ-50 тізімінен елеулі өзгерістерді байқайсыз. Миллиардерлер саны сегізге дейін өсті және бұл – рекорд. Бұған металдарға бағаның шарықтай қымбаттауына байланысты Ибрагимовтар отбасына тиесілі компаниялардың капитализациясының өсуі себеп болды.

Тізімге Қайрат Боранбаев (2021 жылдың рейтингінде 14-орында) пен Қайрат Сатыбалды (2018-де 47-орында) кірген жоқ, өйткені рейтинг дайындалып жатқанда аталғандар тергеуде болды, соған байланысты олар бақылайтын активтер едәуір азайып кетуі мүмкін. Атап айтқанда, Сатыбалды Skyline Investment Company S.A. және «Alatau Capital Investment» ЖШС-ға тиесілі «Қазақтелеком» АҚ ұлттық байланыс операторының 28% акциясын мемлекетке ақысыз қайтарып берді.

Сондай-ақ жаңа қатысушылар пайда болды: Болат Назарбаевтың ұлы, 38 жасар Нұрбол Назарбаев; 52 жастағы Александр Дериглазов, «Меломан»/Marwin/Booking желілерінің иесі (2012–2013 жылдары ең беделді бизнесмендер тізіміне енген); 51 жастағы Серік Толықпаев, Aitas KZ тобының мажоритарлық акционері және 62 жастағы Ерлан Баймұратов, «KazFoodProducts» ЖШС иесі (бұл компания арқылы оған кондитерлік өнім шығаратын «Баян Сұлу» АҚ және «АзияАгроФуд» АҚ-дағы мажоритарлық үлестер тиесілі). Соңғы аталған кәсіпкер биыл тізімнің ақырында тұр, осылайша топ-50-ге «кіру билетінің» бағасы өткен жылмен салыстырғанда 80 млн доллардан 82 млн долларға дейін көтерілді.

Рейтингке мемлекеттік қызметін тоқтатқаннан кейін 59 жастағы Дариға Назарбаева (2013 жылы №13 болған) және Дінмұхамед Ыдырысов пен Бахаридин Аблазимовтың кіші серіктесі, 48 жастағы Ержан Достыбаев (2018 жылы №39) қайтып оралып отыр.

Осы және басқа да өзгерістерден кейін тізімге қатысушылардың орташа жасы 51-ден 52,2-ге дейін, орташа дәулеті – 676 млн доллардан 774 млн долларға дейін, жиынтық капиталы – 37,5 млрд доллардан 38,7 млрд долларға дейін өсті. Бірақ бұл жиынтық капиталы мен Қазақстан ЖІӨ-нің арақатынасы ЖІӨ жағына қарай сәл ығысты: егер 2021 жылы ол 21,9%-ды құраса, осы жылы 20% болды.

Рейтинг қатысушыларының дәулет көлемі тек аталған тұлғалардың меншіктерін сараптамалық және журналистік бағалау деп есептеледі және ресми ақпарат үшін қолданылмауы керек.

Қатысушылардың 2021 жылы 1 мамырдағы жасы көрсетілген.

Forbes Kazakhstan зерттеу тобына Grant Thornton аудиторлы-консалтингтің компаниясының бағалау бөлімі көмектесті.

Әдістеме

Рейтингке қатысушылар иелігіндегі активтердің жиынтық құны бойынша бағаланды. Компанияларды бағалау «мынаған қарағанда кемінде» консервативтік қағидаты бойынша жүргізілді, аудиттелген қаржылық есептерін жарияламайтын компаниялардың құнынан 10% шегерілді. Лоң-тізімге барлығы 75 бизнесмен енді, шорт-тізімге жоғарғы 50-і таңдап алынды.

Экономикалық секторларға байланысты компаниялар:

  • нарықтық капитализациясы, меншік капиталы бойынша;
  • дисконтталған ақша ағымы (discounted cash flow) бойынша;
  • қосу/қосылу мәмілелері немесе компанияның нарықтық капитализациясының таза кіріс немесе табысына қатынасын білдіретін P/E немесе P/S коеффициенттерін пайдалану бойынша;
  • EV/EBITDA мультипликаторы бойынша бағаланды.

Рейтингке арналған бастапқы деректер жария дереккөздерден және рейтингке қатысушылар ұсынған қаржылық ақпараттан құралды. Алынған баға дөңгелектелді.

Рейтингке қатысушылар дәулетінің мөлшері – көрсетілген тұлғалардың меншігіне иелік ету көлемін сарапшылық және журнаслистік бағалау ғана және ресми ақпарат ретінде пайдаланылуы мүмкін емес.

Қатысушылардың 2022 жылғы 1 мамырдағы жасы көрсетілген.

   1. Владимир Ким

$5 000 000 000
Металдар / 61

Владимир Кимнің дәулеті бір жыл ішінде $300 млн-ға ұлғайды. 2022 жылғы 20 сәуірдегі Forbes-тың жаһандық real-time-рейтингінде бизнесмен 569-орында тұр.

2021 жылы Владимир Ким мен Олег Новачук (рейтингте №16) KAZ Minerals Plc акцияларын сатып алуды аяқтады. Ол қайта тіркеуден өтіп, Лондон қор биржасымен болған делистинг шеңберінде атауы KAZ Minerals Limited деп өзгертілді. Оның жалғыз құрылтайшысы – Нидерландыда тіркелген Nova Resources B.V. Ал Nova Resources B.V. иесі де – Нидерландыда тіркелген Vostok Cooper B.V. Соңғысының меншік иесі – Мальтада тіркелген, компанияның 36,5% үлесіне ие Vostok Holdings Ltd және Лихтенштейнде тіркелген, 63,5% үлеске ие Folin Universal Trust компаниялары. Олардың бенефициарлары сәйкесінше Олег Новачук пен Владимир Ким. Nova Resources B.V. ВТБ Банктан кредит лимитінің жалпы сомасы $5,75 млрд болатын қарыз тартты. Бұл тұста KAZ Minerals Limited акцияларын сатып алу лимиті $3,75 млрд дейінгі соманы құрады.

2021 жылғы төртінші тоқсандағы KAZ Minerals Ltd өндірістік есебінің мәліметтері бойынша компания өткен жылы 298,7 мың тонна мыс өндірген. Бұл 2020 жылғы 305,7 мың тоннадан 2,29%-ға кем. Бұл Бозшакөл (Павлодар облысы) кен орнынан алынатын кеннің құрамындағы металдың орташа көрсеткіші 0,51-ден 0,46%-ға төмендегенімен байланысты. Бозшакөл кен орнындағы мыс өндіру 11,88%-ға – 2020 жылғы 122 мың тоннадан 2021 жылы 107,5 мың тоннаға азайды.

Өткен жылы қазанда Ақтоғай (ШҚО) кен орнында сульфид кенін қайта өңдеу бойынша екінші кен байыту фабрикасы іске қосылды.

2021 жылы тамызда «Специальная финансовая компания DSFK (ДСФК)» ЖСШ-нен Владимир Кимге тиесілі «Алма Телекоммуникейшнс Казахстан» АҚ (Alma TV сауда маркасы) акцияларының 93,84%-ын сатып алу бойынша мәміле аяқталды. Сатып алушы – «AT Acquisition Corp» ЖШС, оның құрылтайшылары – Әнуар Үшбаев, Мәлік Төлегенов, Данат Тұңғышбаев және «Tengri Partners (Kazakhstan)» ЖШС, соңғысының жалғыз қатысушысы – Tengri Partners (International) B.V. Мәміле құны жарияланған жоқ.

Владимир Ким «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің 70%-на ие, KAZ Minerals Limited атқарушы емес директоры лауазымын атқарады.


   2. Тимур Құлыбаев

$3 900 000 000
Әртарапты бизнес/ 55

Forbes миллиардерлерінің жаһандық real-time-тізімінде 2022 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша Тимур Құлыбаев 780-орында. Өткен жылмен салыстырғанда бизнесменнің дәулеті $1 млрд-қа ұлғайды.

Құлыбаевқа сингапурлық Steppe Capital Pte Ltd компаниясындағы үлес тиесілі. Оның құрылымына KazStroyService Infrastructure BV және Asset Minerals Holdings кіреді. Ол – «Joint Resources» АҚ-ның жалғыз иесі. Компанияның құрылымына «Кристалл Менеджмент» АҚ-ның 51%-ы, «Каспий мұнай» АҚ-ның 100%-ы, «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның 67%-ы және басқалары кіреді.

2021 жылы желтоқсанда Құлыбаев «ҚазАзот» АҚ-ның 50%-ын сатты. Сату құны шамамен $91 млн. Сатып алушы – «Kazakhstan Petrochemicals» ЖШС. Компанияның 11 қатысушысы бар: Бахаридин Аблазимов (рейтингте №28), Олжас Кемалов, Дидар Бекбауов, Рүстем Аязбаев, Арман Мәулешев, Әлфараби Мәдижан, Айжан Балабатырова, Аркадий Кудабаев, Нұрбек Сейітқалиев, Ермек Мырзаш, Тахмина Нагуманова. «ҚазАзот» АҚ-ның 15%-ы Аблазимовқа тікелей тиесілі. Компания ауыл шаруашылығына арналған минералды тыңайтқыштар шығарады, тау-кен жұмыстары үшін аммиак пен селитра жеткізеді.

Құлыбаев – «Кипрос» ЖШС-ның негізгі иесі; сол арқылы «Viled Group» ЖШС-да, «Emdeu Group» ЖШС, «PetroRetail» ЖШС-да (ҚМГ бұрынғы жанармай құю бекеттері желісі) үлестері бар және «Joint Technologies» ЖШС-сын бақылайды. Сондай-ақ, оған ҚТЖ-ға қызмет көрсететін «Қамқор Менеджмент» компаниялар тобындағы үлес тиесілі. Топтың құрамына сонымен қатар, әскери ұшақтарды жөндеуге мемлекеттік тапсырыстардың басты орындаушысы «Қазақстандық Авиациялық Индустрия» ЖШС кіреді. Бизнесмен қазақстандық «Prime Aviation» АҚ авиакомпаниясының 100%-на ие.

Сондай-ақ, Құлыбаевқа Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент пен Дубайдағы жалпы аумағы 800 мың шаршы метрден астам коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын «Mercury Properties» ЖШС-тегі бақылау үлесі тиесілі.

Жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге тепе-теңдік негізде «Алмэкс Плюс» фирмасы» ЖШС және «Алмэкс» холдинг тобы» АҚ-на ие.

2020 жылғы қыркүйекте «Кипрос» компаниялар тобының құрамына кіретін «К-Агро Холдинг» ЖШС Яков Цхайға (рейтингте №33) тиесілі «Компания Достар-Инвест» ЖШС-нен «Бахус» АҚ-ның 36,36% акциясын сатып алды. Мәміле сомасы жарияланған жоқ.


   2. Динара Құлыбаева

$3 900 000 000
Әртарапты бизнес/ 54

Динары Құлыбаеваның қаржылық жағдайы бір жылдың ішінде $1 млрд өсті. 2022 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша Forbes миллиардерлерінің жаһандық real-time-тізімінде ол 780-орында тұр.

Өткен жыл ішінде Лондон қор биржасында (LSE) ерлі-зайыпты Құлыбаевтар «Алмэкс» холдинг тобы» АҚ арқылы тепе-теңдік негізде 69,52%-на ие Halyk Bank («Қазақстан Халық Банкі» АҚ) жаһандық депозитарийлік қолхаттарының құны (GDR) 2021 жылғы 22 сәуірдегі 14,5 доллардан 2022 жылғы 20 сәуірдегі 10,94 долларға азайды. Банктің нарықтық капитализациясы £2,2 млрд ($2,8 млрд) құрады.

2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Халық Банкінің активтері 11,28 трлн теңгені, меншік капиталы – 1,61 трлн теңгені, төлем мерзімі 90 күннен асқан кредиттер үлесі – 4,1%-ды құрады. Өткен жылы банк қарапайым акцияларға 211,6 млрд теңге дивиденд төледі.

Динара Құлыбаева Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қорының жалғыз құрылтайшысы, қор құрамына «Astana IT University» ЖШС, «Инновациялық және ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС, «Private clinic Almaty» ЖШС, сондай-ақ «SOS Қазақстанның балалар ауылы» корпоративтік қоры кіреді.


   4. Вячеслав Ким

$3 200 000 000
Әртарапты бизнес/ 52

Өткен жылдан бері Вячеслав Кимнің дәулеті $1 млрд-қа азайды. 2022 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша Forbes миллиардерлерінің жаһандық real-time-рейтингінде ол 975-орында тұр.

Бұл Лондон қор биржасындағы (LSE) Kaspi.kz жаһандық депозитарийлік қолхаттарының (GDR) құнының төмендегенінің нәтижесі болды. Бір жыл ішінде GDR құны 2021 жылғы 22 сәуірдегі 84,03 доллардан 2022 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша 66,7 долларға дейін, 21%-ға төмендеді.

Қаңтардағы белгілі оқиғалардан кейін айдың басында Kaspi.kz акцияларының бағасы күрт арзандады, 4 қаңтардағы бір данасына 118 доллардан 5 қаңтарда 82 долларға дейін немесе 30,5%-ға төмендеді. Ақпанның соңында құнды қағаздар бағасы тағы құлдырады – 23 ақпандағы 78,5 доллардан 24 ақпанда $54,4 дейін, 30,7%-ға төмендеді. 8 наурызда ең аз құны – акцияның бір данасына $35 тіркелді. Ол уақытта Кимнің үлесі $1,62 млрд тұратын, алайда наурыз-сәуірде Kaspi.kz акцияларының құны өсіп, 20 сәуірде Кимнің үлесінің құны $3,09 млрд болды.

KASE деректеріне сәйкес 2021 жылы 1 тоқсанда бизнесменнің иелігіндегі акциялар саны 655 740 данаға азайды. Осы кезеңде LSE-дегі бір дана акцияның құны 61 доллардан $80 дейінгі аралықта болды. Осындай акциялар пакетінің сатылымынан Вячеслав Ким 40 млн доллардан $52,46 млн дейін пайда табуы мүмкін еді.

Вячеслав Ким – Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша компанияның 24,07%-ын бақылайды. Компанияның жалпы капитализациясы $12,7 млрд құрайды. 2021 жылғы 9 ай бойынша қаржылық есепке сәйкес, осы кезең ішіндегі компанияның жиынтық кірісі 298,28 млрд теңгені құраған.

Сондай-ақ бизнесмен «Алсеко» АҚ 90%-на ие, сол арқылы «Астана-ЕРЦ» ЖШС-да үлесі бар. Сонымен қатар Кимнің «ELTOP Soft» ЖШС және «ПОЗИТИВ Инвест» ЖШС-де үлестері бар.


   5. Михаил Ломтадзе

$3 000 000 000
Қаржы технологиялары/ 46

Михаил Ломтадзенің қаржылық жағдайы бір жыл ішінде $900 млн азайды. Forbes миллиардерлерінің жаһандық real-time-рейтингінде 2022 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша ол 1043-орында тұр.

Ломтадзе – «Kaspi.kz» АҚ акционері, директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма төрағасы. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша акциялар пакетінің 23,24%-ның иесі.

Компанияның 2021 жылғы төртінші тоқсан бойынша есебінде Kaspi.kz қосымшасын ай сайын белсенді пайдалушылардың саны 11,2 млн адамға (өткен жылғы орташа деңгеймен салыстырғанда 23%-ға өскен), ал күн сайынғы белсенді қолданушылардың саны 7 млн адамға (сәйкесінше, өсім 42%) жеткенін көрсетеді.

Компания бизнестің үш бағытын: төлемдер, электронды сауда алаңы және финтехті дамытуды жалғастырып отыр. 2021 жылы сауда алаңында (GMV) сатылған барлық тауардың жиынтық құны 1,8 трлн теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 115%-ға ұлғайды. Өз алаңын ұлғайту үшін Kaspi.kz меншік жеткізу сервисін және тапсырыстарды өз бетімен алуға арналған постаматтар желісін дамытуды қолға алған. Компанияның ақпаратына сәйкес, сервис барлық тапсырыстың 84%-на қызмет көрсетеді.

Өткен жылы Kaspi.kz Magnum-мен бірлесіп, дербес жарнама кампаниясы, Kaspi ұсынған сату алаңы, Magnum ұсынған жеткізу және қойма басқару қызметтері бар dark store үлгісі бойынша жобаны іске қосты.

Михаил Ломтадзе PwC халықаралық консалтинг компаниясы және Forbes Kazakhstan өткізген СЕО Survey 2022 сауалнамасының нәтижесі бойынша Қазақстандағы үздік компания басшысы болып танылды.


   6. Болат Өтемұратов

$2 800 000 000
Әртарапты бизнес/ 64

Болат Өтемұратовтың қаржылық жағдайы бір жыл ішінде $700 млн-ға азайды. Оның негізгі себебі пандемия салдарынан отель бизнесі құнының төмендеуі. Әлемдік Forbes миллиардерлерінің real-time-рейтингінде ол 2022 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша 1123-орында тұр.

Бір жыл ішінде Өтемұратовқа 1,16%-ы тиесілі трансұлттық Glencore Plc акцияларының Лондон қор биржасындағы (LSE) құны 2021 жылғы 22 сәуірдегі бір данасына 2,92 фунттан, 2022 жылғы 20 сәуірде 5,19 фунтқа, 77,4%-ға ұлғайды. Компанияның нарықтық капитализациясы 90,1 млрд долларға жетті.

Өтемұратов 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдайға сәйкес «ForteBank» АҚ-ның 89,32% ие. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банктің меншік капиталы 277,7 млрд теңгені, активтері 2,42 трлн теңгені құраған. Бұл ретте банктің 2021 жылғы жиынтық кірісі 62,99 млрд теңгені құраған, бұл 2020 жылғы 56,3 млрд теңгеге қарағанда 11,88%-ға көп.

Өтемұратовқа «КаР-Тел» ЖШС-ның 25% және «Sky Mobile» ЖШҚ-ның 49,9%-ы (сәйкесінше, «Билайнның» Қазақстан мен Қырғызстандағы байланыс операторлары), алтын өндіруші RG Gold компаниясының 65%-ы, Нұр-Сұлтандағы, Вена мен Мәскеудегі Ritz-Carlton отельдері, Ақмола облысындағы Rixos Borovoe отелі (100%), Қазақстандағы Burger King фастфудының франшизасы, Global Development девелопер компаниясы, Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайындағы, Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық интернет-порталындағы үлес, «31 канал» ТРК-дегі мажоритарлық үлес (80%), Video International Kazakhstan медиажарнама нарығындағы оператордың ірі үлесі (50%) тиесілі. Сондай-ақ, бизнесмен қазақстандық «Media Management Systems» ЖШС, «Direct Technology Company» ЖШС, «Нархоз университеті (Narxoz University)» КЕАҚ 100%-на ие. Бұдан басқа оған Болат Өтемұратовтың жеке қоры (бұрынғы «Асыл Мирас» Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры) тиесілі. Қор арқылы ол «Haileybury Astana School» КЕАҚ 61,99%-ын және «Haileybury Almaty» КЕАҚ 32,64%-ын бақылайды.


   7. Тимур Турлов

$2 200 000 000
Қаржы технологиялары/ 34

Тимур Турловтың қаржылық жағдайы бір жыл ішінде $200 млн-ға ұлғайды. Ол 2022 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша Forbes миллиардерлерінің жаһандық real-time-рейтингінде 1411-орында тұр.

Бизнесмен – АҚШ пен Қазақстанда тіркелген және қызметін еншілес құрылымы «Фридом Финанс» АҚ арқылы жүргізетін Freedom Holding Corp. (FRHC) ивестициялық тобының негізін қалаушы және мажоритарлық (71,22%) иесі. Холдинг, сондай-ақ, операциялық қызметін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Германияда және Кипрда жүргізеді.

Бір жыл ішінде FRHC акцияларының құны 6,9%-ға – 2021 жылғы 21 сәуірдегі 48,96 доллардан 2022 жылғы 20 сәуірдегі жағдайға сәйкес 52,34 долларға өсті.

Осы жылдың басында бизнесменнің AdTech және SmartCity саласында өнімдер жасайтын Citix компаниясының 30% үлесін сатып алатыны жайлы хабарланды. Мәміле сомасы жарияланған жоқ. Алайда компания тіркелген АХҚО заңды тұрғалар тізімінде компанияда шығарылған акциялардың (А және В классы) үш пакеті бар екені көрсетілген. Жалпы 1500 акция шығарылған. Осы пакеттердің бірінде 450 акция бар, бұл капиталға қатысудың 30% үлесін құрайды. Осы пакет үшін 1,5 млрд теңге төленген, оны инвестициялаған Турлов сияқты. Citix Алматы мен астанадағы өзі құрған смартбордтар желісін (компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес 70 данадан астам) басқарады. Олар қала инфрақұрылымында және көшедегі жарнамаға пайдаланылады.

Бизнесмен, сондай-ақ, «БАСТ» АҚ, «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы» АҚ, «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ ірі үлестерге, Chocofamily Holding, Arbuz Group, Naimi.kz, Relog, Cerebra компанияларындағы үлестерге ие. Freedom Holding Corp. 2022 жылғы үшінші тоқсан бойынша есебіндегі деректерге сәйкес компания «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы» және «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-н Турловтан 6 млрд және 5,4 млрд теңге қолма-қол ақшаға сатып алу жөнінде алдын ала келісімге келген.

Миллиардер «СПБ Биржа» ЖАҚ (Санкт-Петербург биржасы) акционері. Сонымен қатар ол смартфондар мен аксессуарларды бөлшек сататын Freedom Mobile World дүкендері желісінің иесі.

Турлов – Freedom Holding Corp. басқармасының төрағасы, «Фридом Финанс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Aqniet Group бақылау кеңесінің мүшесі, «Kcell» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Freedom Finance Insurance және Freedom Finance Life директорлар кеңесінің төрағасы, НАУФОР (Қор нарығына қатысушылардың ұлттық қауымдастығы) директорлар кеңесінің мүшесі, «Московская биржа» ЖАҚ қор нарығы жөніндегі комитетінің мүшесі, YPO Kazakhstan мүшесі, IQanat білім беру жобасына қатысушы.


   8. Ибрагимовтар отбасы

$1 290 000 000
Әртарапты бизнес

Өткен жылы марқұм Алиджан Ибрагимовтың жұбайы (Мукадасхан Ибрагимова) және төрт ұлына (Достан, Даврон, Шухрат и Фурхат) Eurasian Resources Group-тағы 20,7% (басқа акционерлері: ҚР үкіметі – 40%, Александр Машкевич – 20,7%, Патох Шодиев – 18,6%), «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, «Еуразиялық өнеркәсіптік компания» АҚ және «Еуразиялық өндірістік компания» АҚ-ның 33%-ы мұраға қалды.

ERG тобындағы отбасының өкілі 36 жасар Шухрат Ибрагимов, ол директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарып отыр. Сонымен қатар ол «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ (Еуразиялық банк және «Еуразия» сақтандыру компаниясы») директорлар кеңесінің мүшесі. Бұдан басқа бизнесмен Қырғызстандағы алтын өндіретін кәсіпорын «Альянс Алтын» ЖШҚ (Жерүй кен орны) атқарушы емес директоры лауазымын атқарады. Түркиямен іскери байланыстарды жақсарту үшін ұйымдастырылған халықаралық инвесторлар қауымдастығы YABİAD шетелдік инвесторлар мен бизнесмендер одағының вице-президенті.

Қазақстанда ағайынды Ибрагимовтардың меншік кәсіпорындары, сонымен қатар бірлескен активтері де (мысалы, «СТК Sokol» ЖШС) бар.


   9. Кеңес Рақышев

$960 000 000
Әртарапты бизнес/ 42

Кеңес Рақышев «Fincraft инвестициялық үйі» АҚ-ның 50%-на, сол арқылы Amanat сақтандыру компаниясындағы үлеске, «Fincraft Resources» АҚ (бұрынғы SAT & Company) 97,85%-на, «Fincraft Group» ЖШС (бұрынғы «Novacom Corporation» ЖШС) ие. Соңғы топтың құрылымына Қазақстан, Ресей, Кипр, Украина, Беларусь, Румыния және Мэн аралында қызмет ететін компаниялар кіреді. Оның ішінде БТА Банк, алтын өндіруші Romaltyn Mining S.R.L. және Romaltyn Exploration S.R.L. компаниялары бар.

«Fincraft Resources» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің құрылтайшысы.


   10. Сәрсеновтар отбасы

$897 000 000
Әртарапты бизнес

Сәрсеновтар отбасына «Нұрбанк» АҚ («JPFinance Group LLP» ЖШС және «Кастинг» ЖШС арқылы) акцияларының 90,8%-ы, «Виктория» сақтандыру компаниясының 100%-ы, «Француз үйі BSB» ЖШС («Француз үйі», Beautymania, Imperial Home, «Планета красоты» сауда желілері), «Oil Real Estate» ЖШС (СОСО, СО басқару), Caspian Riviera отелі, Vita су өндіру және сату компаниясы, Түркістан облысындағы Chateau Silk Alley шарап шаруашылығы кешені, KSP Steel және «Кастинг» зауыттарындағы үлестер тиесілі.

Сондай-ақ оларға Helios жанармай құю бекеттері желісі, «AltynEx Company» АҚ алтын кенішіндегі үлес, «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС, «Shahar телерадиокомпаниясы» ЖШС, Каспий қоғамдық университеті және Алматы құрылыс және менеджмент колледжі, «Көкше-Цемент» өндіріс бірлестігі» ЖШС, «Мұнайхимия LTD компаниясы» ЖШС тиесілі.

Рашит Сәрсенов – «Виктория» СК директорлар кеңесінің төрағасы, «BSB Қаржы-өнеркәсіп корпорациясы» ЖШС президенті.


   11. Нұрлан Смағұлов

$750 000 000
Авторетейл, машина жасау, девелопмент/ 56

Нұрлан Смағұлов – Astana Group холдингінің негізін қалаушы және президенті, оған «Астана Моторс» (14 әлемдік автомобиль бренді, Алматыдағы Hyundai жеңіл және коммерциялық техникасын шығаратын екі зауыт), MEGA СОСО желісі (Алматыдағы MEGA Alma-Ata, MEGA Park және астанадағы MEGA Silk Way), «Алматы» қонақ үйі кіреді.

2021 жылы Нұрлан Смағұлов MyVentures венчурлық қорын ашты. Қор жұмысының негізгі бағыты – e-commerce, медициналық технологиялар, финтех, жасанды интеллект және т.б. бағыттар бойынша қазақстандық және шетелдік стартаптарға бағдарланған.

2014 жылдан бері Forbes Kazakhstan рантье рейтингінде бірінші орында тұр.


   12. Беловичтер отбасы

$705 000 000
Құрылыс, девелопмент

Александр Белович ұлы Павелмен бірге Bazis-A құрылыс корпорациясына ие.

Александр Белович Bazis-A корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, Bazis-A басқарма төрағасы, «Атамекен» ҚР ҰКП президиумының мүшесі әрі Құрылыс және ТКШ комитетінің төрағасы лауазымын атқарады.


   13. Дариға Назарбаева

$584 000 000
Әртарапты бизнес/ 59

Дариға Назарбаева ұлы Нұрәлі Әлиевпен (рейтингте №26) бірге «Европа плюс Казахстан» ЖШС-не ие. Сол арқылы «Телерадиокомпания Радиосити» ЖШС және «Независимый Телевизионный Канал» (НТК телеарнасы) ЖШС үлестері бар.

Сонымен қатар оның «Регион-Медиа» ЖШС және «Холдинговая компания DLS Group» ЖШС үлесі бар, сол арқылы «A-Service Management» ЖШС-де (Нұр-Сұлтандағы төрт жұлдызды «Думан» отелі) үлесі бар.


   14. Эдуард Огай

$583 000 000
Металдар/ 52

Эдуард Огай – «Кazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы.

Бизнесмен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-дегі 30%-ға ие және ұлдарымен бірге «Қаражыра» АҚ-да 70% басқарады.

Бизнесмен «Вираж Сервис Караганда» ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы.


   15. Александр Клебанов

$580 000 000
Әртарапты бизнес/ 59

Александр Клебанов «ОАОЭК» АҚ 50%-на және «ОАЭК» АҚ 47,1%-на иелік етеді, мұндағы оның негізгі серіктесі – Сергей Кан (рейтингте №20 ). ОАОЭК арқылы ол «Павлодар Водоканал-Северный» ЖШС, «ОАОЭК-Энергоинвест» ЖШС бақылайды. ОАЭК арқылы оның «Павлодарэнерго» АҚ-да және «СевКазЭнерго» АҚ-да үлесі бар. «ОАОЭК» АҚ және «ОАЭК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.

Оның ұлы, Яков Клебанов, Сергей Канмен бірге, яғни әрқайсысы «Circle Maritime Invest» АҚ кеме қатынасы компаниясының 50%-на ие. Сол арқылы және тікелей Rixos Almaty («Solis Ltd» ЖШС) отелінің үлесінің иегері. Бұдан басқа Astana Aviation Services және «Теңіз Star» ЖШС үлестері бар. Сондай-ақ, ол Degevol UK LTD компаниясындағы 49% үлеске ие, бұл тұста оның серіктесі, ресейлік миллиардер Василий Анисимовқа 51% тиесілі. Бұл компания Қазақстанда уран мен молибден өндіретін «Степногорск тау-кен химия комбинаты» АҚ-ның 100% бақылайды.


   16. Олег Новачук

$520 000 000
Металдар/ 51

KAZ Minerals Ltd (бұрынғы KAZ Minerals Plc) акцияларының 60% сатып алғаннан және Лондон қор биржасындағы делистингіден кейін Олег Новачук Nova Resources B.V. арқылы KAZ Minerals Ltd компаниясының 36,5% бақылайды.

KAZ Minerals Ltd. директорлар кеңесінің төрағасы.

 

   17. Айдын Рақымбаев

$510 000 000
Құрылыс/ 49

Айдын Рақымбаев – BI Group холдингінің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. 2021 жылғы тамызда BI Group жыл сайынғы ENR Top-250 Global Constractors әлемдегі ең ірі құрылыс компанияларының рейтингінде 19 орынға жоғары көтеріліп, 180 орынға ие болды.

Рақымбаев – YPO Kazakhstan мүшесі.


   18. Дінмұхамет Ыдырысов

$415 000 000
Әртарапты бизнес/ 57

Дінмұхамет Ыдырысов Шымкентте, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында қызмет ететін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясының меншік иесі. Ол, сондай-ақ, Ordabasy Group иесі және «Горнорудная компания «Керегетас» ЖШС-да, «Үшқұю» АҚ, «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ, «Kundybai Mining» АҚ, «Триасмұнайгаз» ЖШС үлестері бар.

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы.


   19. Ғалымжан Есенов

$408 000 000
Қаржы/ 40

Ғалымжан Есенов «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның 20,11%-на ие.

Өткен жылғы мамырға дейін ол Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыштар өндіретін «Қазфосфат» ЖШС-ның жалғыз меншік иесі болатын. Аудиттелген есепке сәйкес 2020 жыл ішінде компания 22,55 млрд теңгеден астам мөлшерде (сол жылғы орташа бағам бойынша $53 млн астам), 2019 жылы – 68 млрд теңге (сәйкесінше $177,9 млн) дивидендтер төлеген. 2019 жылы компания дивидендтер төлеу мақсатында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан жеті жыл мерзімге $142,5 млн мөлшерінде кредит алды.


   20. Сергей Кан

$374 000 000
Әртарапты бизнес/ 54

Сергей Кан – «ОАОЭК» АҚ және «ОАЭК» АҚ бойынша Александр Клебановтың серіктесі. Бұл компаниялардың сәйкесінше 50 және 47,1%-ын бақылайды. Яков Клебановпен бірге «Circle Maritime Invest» АҚ кеме қатынасы компаниясының жартысына, Rixos Almaty отелінің және «Теңіз Star» ЖШС-дегі үлестерге ие. Сондай-ақ «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ-ның 50%-на ие, бұл компанияның жартысын Яков Цхай (рейтингте №33) бақылайды. Бұдан басқа «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ 50%-ына иелік етеді, оның жартысын Яков Цхай (рейтингіде №33) бақылайды.

«ОАОЭК» АҚ, «ОАЭК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. «ҚазЭнергоөнеркәсіптік ҒЗЖІ институты» АҚ президентінің кеңесшісі, «Каспиан оффшор констракшн» ЖШС атқарушы директоры, «Circle Maritime Invest» АҚ президенті, «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. IQanat білім беру жобасына қатысушы.


   21. Еркін Тәтішев

$335 000 000
Әртарапты бизнес/ 46

Еркін Тәтішев – Қазақстан, Канада, Қытай, Грузия, Израиль, Ресей, Сингапур, Түркия, Вьетнам мен Украинада қызмет ететін Kusto Group-тың мажоритарлық акционері.

Бизнесмен, құрамына «Қостанай минералдары» АҚ және «Оренбургские минералы» ААҚ кіретін United Minerals Group Limited компаниясының бақылау пакетіне және Цинандалидегі (Грузия) Radisson Collection отелінің 50%-на ие.

Алматыдағы High Tech Academy мектебіне ие.

Биыл ақпанда Тәтішев Ernst & Young компаниясы өткізген халықаралық «Жыл кәсіпкері» байқауының ұлттық сегментінде жеңіске жетті.


   22. Сейітжановтар отбасы

$331 000 000
Әртарапты бизнес

Сейітжановтар отбасы «Оңтүстік» ҚСӨК бақылайды. Сол арқылы олар «Саутс Ойл» ЖШС мұнай-газ компаниясының 57,16%-на, «Smart-Oil» ЖШС бұрғылау компаниясына, «Стандарт Цемент» зауытына, «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС құрылыс компаниясына, «Ақ-жол ТрансСервис» ЖШС-не ие.

Отбасының Standard Petroleum&Co компаниясында, «КАС-бетон» ЖШС-де және Talas Investment Company цианидтер зауытында үлестері бар.

Сейітжановтарға Rixos Khadisha Shymkent және Rixos Turkestan отельдері, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы мен Инновациялық-технологиялық колледжі тиесілі.


   23. Владимир Джуманбаев

$323 000 000
Металдар/ 48

Владимир Джуманбаев «Алтыналмас» АҚ акцияларының 22%-на және «Бенкала» тау-кен компаниясы» АҚ акцияларының 30%-на ие.

Сондай-ақ, ол «Ronson-2000» ЖШС мен «VertexHolding» ЖШС жалғыз өзі иелік етеді, соңғысы арқылы «Goldstone Minerals» АҚ-дағы мажоритарлық үлесті басқарады. Сонымен қатар «Корпорация Наурыз» ЖШС, «Алмалы корпорациясы» ЖШС, «Интерфакс-Қазақстан ақпараттық агенттігі» ЖШС-де үлестері бар.

Сондай-ақ бизнесменге «Қаражыра» АҚ-ның 20% тиесілі, бұл ретте оның серіктестері ұлдарымен бірге Эдуард Огай (рейтингте №14) және Ерлан Нығматуллин.

«Алтыналмас АК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Kazakhmys Holding» ЖШС отын-энергетикалық кешенін басқару жөніндегі директоры.


   24. Қайрат Итемгенов

$298 000 000
Фармацевтика, девелопмент/ 51

Кайрат Итемгенов – Қазақстан бойынша 280-тен астам дәріхананы қамтитын Europharma және ArzanPharm брендтерімен дәріханалар желісін басқаратын «Aqniet Group» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы және жалғыз акционері.

Бизнесменге, сондай-ақ, Greenhouse-Qaztomat жылыжайлар кешені, Мәскеудегі Mövenpick және Holiday inn Express отельдері, Алматыдағы Novotel Living және Ibis Style брендтерінің қонақ үй кешені тиесілі.


   25. Данияр Әбілғазин

$285 000 000
Әртарапты бизнес / 52

Данияр Әбілғазин «ADD Trade» ЖШС және «Arion Invest Commerce» ЖШС-не ие, «Jibek Joly Cargo» ЖШС (контейнерлік тасымалдар), «Gas Energy Trade» ЖШС, «Prime Case» ЖШС-де үлестері бар.

Оның жұбайы Айдан Сүлейменоваға «ADD Invest Properties» ЖШС тиесілі, сол арқылы ол Құлыбаевтар отбасымен бірге (екеу де рейтингте №2) Нұр-Сұлтандағы «Keruen city Astana» және «Keruen» сауда ойын-сауық орталықтарын, «Keruen city Aktobe» СОСО, Атыраудағы «Baizaar» СОСО басқарады. «Mercury Service Company» ЖШС-де үлесі бар, оның құрылымына «Petroleum (Петролеум)» ЖШС, «Batys Petroleum» ЖШС, «Премиум Ойл Транс» ЖШС кіреді. «Petrolex Group» ЖШС және «Brent Invest» ЖШС («SinoOil» ЖШС иелерінің бірі), «Premium Beauty» ЖШС, «SilkwayTransit» ЖШС, «Compass Astana Company» ЖШС, «Kazmeal» ЖШС және Viled Group компанияларында үлестері бар.


   26. Нұрәлі Әлиев

$263 000 000
Әртарапты бизнес/ 37

Нұрәлі Әлиев – инвестициялық «Capital Holding» ЖШС және «Darmen Holding» ЖШС иелерінің бірі, «Транстелеком» АҚ мажоритарлық акционері.

Сондай-ақ ол «Европа плюс Қазақстан» ЖШС, «Независимый Телевизионный Канал» ЖШС-дегі үлестерге, Дубайдағы (БАӘ) Donatello Hotels and Resorts отеліндегі, Алматыдағы Donatello boutique hotel-дегі үлестерге, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы бірқатар мейрамханаға иелік етеді.

Zhanartu қайырымдылық қорының және халықаралық Snow Leopard Foundation-ның құрылтайшысы.


   27. Мұқашевтар отбасы

$254 000 000
Девелопмент

Мұқашевтар отбасы Eurasia RED девелопер компаниясына иелік етеді. Компания портфелінде «Апорт» СОСО желісі және SAT Business бизнес орталықтары бар.

Оларға, сондай-ақ, «AsTrade Co» ЖШС, «East Land» ЖШС, «Agro Land Co» ЖШС, «Строй Альянс Групп» ЖШС, «Аквапарк Гавайи» ЖШС, «Funky World» ЖШС, «Жаубасар Security» ЖШС тиесілі.


   28. Бахаридин Аблазимов

$253 000 000
Мұнай және газ/ 53

Өткен жылы Бахаридин Аблазимов Қазақстанда аммиак және аммиак селитрасын шығаратын жалғыз кәсіпорын «ҚазАзот» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы болды. Ол компанияның 15% үлесіне тікелей иелік етеді. Сол жылы осы актив бойынша серіктестері сәйкесінше 50-, 30- және 5% үлестерге ие Тимур Құлыбаев (рейтингте №2), Дінмұхамет Ыдырысов (сәйкесінше №18) және Ержан Достыбаев үлестерін «Kazakhstan Petrochemicals» ЖШС-не сатты. Компания құрылтайшыларының қатарында Аблазимов бар.

Бизнесменге «Матен Петролеум» АҚ-ның 5%-ы, «Үшқұю» АҚ-ның (бұрынғы «Аңсаған Петролеум» ЖШС) 30%-ы, «ТриасМұнайГаз» ЖШС, «KazAeroSpace» ЖШС және «Sunrise Development» ЖШС-дегі ірі үлестер тиесілі.

«Үшқұю» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 


   29. Бақытбек Байсейітов

$250 000 000
Банктер, инвестициялар, мұнай сервисі/ 63

Бақытбек Байсейітов «Банк ЦентрКредит» АҚ дауыс беруші акцияларының 48,47%-на ие.

Оған сондай-ақ «Oil Gas Project» ЖШС, «BRB Invest» ЖШС және «БРБ АПК» ЖШС жылыжайлар кешені кіретін «Orient Invest Group» АҚ-ның 100% тиесілі.

«Green Invest» ТИАИҚ» АҚ, «Future Capital Management» ЖШС, «International Jet Tour» ЖШС-де үлестері бар.

2022 жылы сәуірде ЦентрКредит Банкі Украина мен Ресей соғысына байланысты санкциялар салынған Альфа-Банк Қазақстан ЕБ қарапайым акцияларының 100%-ын сатып алу жайлы мәлімдеді.

«ЦентрКредит Банк» АҚ директорлар кеңесінің және бақылау кеңесінің төрағасы.


   30. Владислав Ким

$242 000 000
АӨК/ 47

Владислав Ким «Энигма Инвест» ЖШС (көкөніс, тұқым өсіру – Алматы облысы, Шонжы ауылы) және «КазМясо» ЖШС (ірі қара мал өсіру, Алматы облысы) үлестеріне ие.

Бұрын бизнесмен KAZ Minerals Plc (қазір KAZ Minerals Limited) миноритарлық акциялар пакетіне ие болған. Шарықтау кезінде компаниядағы үлесінің көлемі 2016 жылы 7%-ға дейін жеткен.


   31. Эдуард Ким

$240 000 000
Ретейл / 56

Эдуард Ким «Technodom Оperator» АҚ негізін қалаушы және иесі, оның құрамына Қырғызстандағы осы аттас компания да кіреді.

Сондай-ақ оған «Технодом Сервис» ЖШС және «Компания Фаэтон» ЖШС-дегі (меншік немесе жалға алынатын жылжымайтын мүлікті жалға беру және пайдалану) үлестер тиесілі.


   32. Айдан Кәрібжанов

$236 000 000
Инвестициялар, энергетика / 50

Айдан Кәрібжанов – «Visor Kazakhstan» ЖШС мажоритарлық иесі.

Hydrophilus Holding B.V компаниясы арқылы Жамбыл облысындағы Сhina Power International Holding Limited-пен бірге салған Жаңатас жел электр станциясын басқарады.

Waterford International Holdings Ltd. арқылы «ТеңізСервис» ЖШС-дегі үлес тиесілі.


   33. Яков Цхай

$216 000 000
Әртарапты бизнес / 71

Яков Цхай – «Достар» компаниялар тобының иесі. Топ арқылы оған «Жетісу шарап зауыты» ЖШС, «Достар-Коммерц» ЖШС, «Есік» сауда компаниясы» ЖШС, «Dostar Motor Company» ЖШС, Dostar Fresh Market ЖШС-дегі үлестер тиесілі.

Сондай-ақ оған «Бахус» АҚ 36,36% және құрамына «Казгипронефтетранс» инжиниринг компаниясы» ЖШС кіретін «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ-ның 50%-ы тиесілі.

«Достар компаниясы» ЖШС президенті.


   34. Марат Сәрсенов

$208 000 000
Көлік / 54

Марат Сәрсенов теміржол операторы «Исткомтранс» ЖШС-дегі мажоритарлық үлеске ие, компанияның меншігінде және лизингінде 12 мыңнан астам вагон бар.

Сонымен қатар бизнесмен «Будан» ЖШС (дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдас дақылдарды өсіру), «Продресурс» ЖШС мен «Тоболтранс» ЖШС-дегі (көлік-экспедициялық қызметтер) ірі үлеске иелік етеді.


   35. Александр Гарбер

$205 000 000
FMCG / 59

Александр Гарбер – Қазақстан мен Қырғызстанда жұмыс істейтін, халық тұтынатын тауарлар дистрибуциясы саласындағы аса ірі компаниялардың бірі «Прима Дистрибьюшн» ЖШС-нің мажоритарлық иесі.

Бизнесменге сондай-ақ, «Прима Кус» ЖШС, «Прима-Мороженое» ЖШС, қазақстандық-үндістандық шай өндіруші компания «Tea House» ЖШС, «Best Start» қойма ЖШС, меншік жылжымайтын мүлкін басқаратын «REA» ЖШС-дегі үлестер тиесілі.


   36. Бауыржан Исабаев

$194 000 000
Құрылыс / 49

Бауыржан Исабаев – Айдын Рақымбаев (рейтингте №17) және Асхат Омаровпен (№44) серіктестік негізде BI Group құрылыс холдингі иелерінің және негізін қалаушылардың бірі. Қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыстар және ірі инвестициялық жобалар бойынша бас мердігерлік сегментін қадағалайды.

BI Group директорлар кеңесінің мүшесі.


   37. Алмас Сұлтанғазин

$187 000 000
Ретейл, ИТ / 57

Алмас Сұлтанғазинге тұрмыс техникасын және электроника сатумен айналысатын Sulpak және Alser сауда желілеріндегі, электроника дистрибьютері «ST Networks» ЖШС-дегі мажоритарлық үлес тиесілі.

Бұдан басқа бизнесменнің Warner Bros, Universal және Paramount Pictures халықаралық компанияларының Қазақстандағы өкілі – «Sulpak Cinema» ЖШС-да үлесі бар.


   38. Қайрат Мәжібаев

$182 000 000
FMCG / 54

Қайрат Мәжібаев Ресей мен Қырғызстанда еншілес кәсіпорындары бар «RG Brands» АҚ 98,05%-на ие.

RG Brands директорлар кеңесінің төрағасы, «Атамекен» ҚР ҰКП президиумы сауда комитетінің төрағасы.

 

   39. Қанат Көпбаев

$168 000 000
Әртарапты бизнес / 45

Қанат Көпбаев – Еркін Тәтішев (рейтингте №21) пен Дәулет Нұржановтың (№39) Kusto Group бойынша серіктесі. Топтың Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Вьетнам, Қытай, Тайланд, Украина, Түркия, Грузия мен Израильде активтері бар.

Көпбаев топта құрамына Tambour лак-бояу өнімдерін шығаратын израильдік зауыт және Вьетнамдағы Coteccon құрылыс компаниясы кіретін құрылыс материалдары сегментін қадағалайды.

Қазақстанда топ «Kazpetrol Group» ЖШС мұнай компаниясын, Compass жанармай құю бекеттері желісін, «Kusto Home» ЖШС құрылыс компаниясын, Семейдегі «Semey Tannery» ЖШС тері-былғары комбинатын, Павлодардағы «KazCenosphere’s» ЖШС зауытын және «ВьетКафе» ресторандар желісін (Алматы мен Мәскеудегі) бақылайды.

Kusto Group PTE Ltd басқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі.


   39. Дәулет Нұржанов

$168 000 000
Әртарапты бизнес / 50

Дәулет Нұржанов – Kusto Group бойынша Еркін Тәтішев (рейтингте №21) пен Қанат Көпбаевтың (№39) серіктесі.

Ол топ бизнесінің ауыл шаруашылық бағытын қадағалайды. Винница, Житомир, Хмельницкий облыстарында жұмыс істейтін украиналық Kusto Agro-ны басқарады. Аталған облыстарда 24 мың га жерді жалға алған және фарминг, трейдинг және логистикамен айналысады.

Топ Қазақстанда «Кусто Агро» ЖШС-не ие, сол арқылы «KazGrain Feeders» ЖШС, «KazBeef Processing» ЖШС, «Щучинский гормолзавод» ЖШС, «Кокшетауский элеватор» ЖШС-де үлестері бар.

Нұржанов – Kusto Group басқарма мүшесі, Kusto Agro бас директоры.


   41. Нұрбол Назарбаев

$160 000 000
Әртарапты бизнес / 38

Нұрбол Назарбаев – «Prime Capital Invest» ЖШС және «Корпорация Үш Қоңыр Инвест» ЖШС иесі.

«PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы» ЖШС, «PLS-TM» ЖШС («Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ мажоритарлық акционері) иелерінің бірі.


   42. Серік Төлбасы

$155 000 000
Құрылыс, девелопмент / 56

Серік Төлбасы TS Development компаниялар тобының иесі. Оған Dostyk Plaza және Shymkent Plaza сауда ойын-сауық орталықтары, Алматы мен Шымкенттегі Cinemax кинотеатрлар желісі тиесілі.

Сонымен қатар бизнесмен Smart Technologies Solutions IT компаниясының және Start Time краудфандинг платформасының иесі.

2020 жылдан бастап TS Property Management коммерциялық жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі компанияның мажоритарлық қатысушысы.


   43. Ерлік Балфанбаев

$150 000 000
Құрылыс материалдары / 58

Ерлік Балфанбаев – Alina компаниялар тобының негізін қалаушы, оның құрамына AlinEX, Alina Paint, «НАШИ», NORMA, Decorex, G-EX брендтері, «Домовой» еден жабындары орталығы желісі, үйге және бақшаға арналған тауарлардың DOMSAD электронды гипермаркеті, «Таза Отан» әлеуметтік жобасы, қазақстандық Doctor Green экологиялық тұрмыс химиясы бренді кіреді.

Сондай-ақ бизнесменге Алматы маңындағы Oi-Qaragai отбасылық курорты тиесілі.


   44. Асхат Омаров

$146 000 000
Құрылыс / 48

Асхат Омаров – Айдын Рақымбаев (рейтингте №17) және Бауыржан Исабаевпен (№36) серіктестік негізде BI Group құрылыс холдингі иелерінің бірі. Ол мұнай-газ, энергетика және өнеркәсіпік инжиниринг пен құрылыс, оның ішінде ЕРС (жобаларды толық іске асыру) бағыттарын қадағалайды.

BI Group директорлар кеңесінің мүшесі, YPO Kazakhstan мүшесі.


   45. Алмас Мыңбаев

$140 000 000
Сақтандыру, фосфориттер / 48

Алмас Мыңбаев Nomad Life және «Номад Иншуранс» сақтандыру компанияларының иесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы.

Ақтөбе облысындағы Шилісай фосфат кенішін игеріп жатқан Sunkar Resources Plc компаниясына иелік етеді.

Сонымен қатар оның «Nomad Digital Financial Services» (бұрынғы Bloomzed.kz) ЖШС және «Ba Pharmaceuticals Ltd» ЖШС-де үлестері бар.


   46. Ержан Достыбаев

$130 000 000
ТКМК, мұнай / 48

Ержан Достыбаев серіктестері Дінмұхамет Ыдырысов (рейтингте №18) және Бахаридин Аблазимовпен (№28) бірге «Үшқұю» АҚ (бұрынғы «Аңсаған Петролеум») 10% және «Триас-МұнайГаз» ЖШС 8% үлестеріне ие.

Өткен жылы желтоқсанда үш акционер: Ержан Достыбаев, Тимур Құлыбаев (рейтингте №2), Дінмұхамет Ыдырысовтан «ҚазАзот» АҚ-ның 85%-ын сатып алу жайлы мәлімденді. Сатып алушы – «Kazakhstan Petrochemicals» ЖШС, компания қатысушыларының құрамында 11 адам бар, оның бірі – Бахаридин Аблазимов. Достыбаевтың үлесі 5%-ды құрады.


   47. Сайдолла Қожабаев

$120 000 000
Машина жасау / 62

Бизнесмен Alageum Group-тың мажоритарлық иесі, оған «Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Ақтау трансформаторлық зауыты» ЖШС, «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «Электромонтаж» АҚ, «ПромЭнерго» жобалау институты және Шымкенттегі жоғары кернеулі трансформатор жабдығын өндіруші зауыт Asia Trafo кіреді.

Қожабаев – Alageum Group бақылау кеңесінің төрағасы.


   48. Александр Дериглазов

$102 000 000
Дистрибуция, ретейл / 52

Александр Дериглазов «Меломан»/Marwin/Booking желісіндегі, «Комфорт» үйге арналған тауарлар гипермаркеттер желісіндегі, «Первое казахстанское музыкальное издательство» ЖШС, Нұр-Cұлтандағы «Арсенал» сауда ойын-сауық кешені мен кинотеатрындағы үлестерге ие.

 

   49. Серік Толықпаев

$101 000 000
Құс шаруашылығы / 51

Серік Толықпаев – Aitas KZ тобының мажоритарлық акционері. Топтың негізгі кәсіпорындары – «Кус&Вкус» брендімен өнім шығаратын Өскемен және Макинск құс фабрикалары.

Бизнесменнің Алексей Ли және Тимур Турловпен (рейтингте №7) бірге Arbuz.kz онлайн-супермаркетінде ($2 млн инвестициялаған) үлесі бар.

«Іскерлік аумақтарды тұрақты дамыту» қорының құрылтайшысы.


   50. Ерлан Баймұратов

$85 000 000
FMCG, сақтандыру / 62

Ерлан Баймұратов «KazFoodProducts» ЖШС-ның негізгі иесі. Компания арқылы оған «Баян Сұлу» АҚ (кондитерлік өндіріс) және «АзияАгроФуд» АҚ-дағы мажоритарлық үлестер тиесілі. Сондай-ақ оған «Dostyk Leasing» ЖШС-ның 25%-ы тиесілі, бұл компания арқылы ол «Лондон-Алматы» сақтандыру компаниясына иелік етеді.

Бизнесменнің «КапиталИнвест» ЖШС, «EMC Agro» ЖШС-де, дәнді дақылдарды өсірумен айналысатын «ТастөбеАгроФуд» және «Көктал-Агро» компанияларында, «Самал Финанс» кредиттік серіктестігінде, «Sweet City» ЖШС, «Bioline KZ» ЖШС мен «BioOperations» ЖШС-де (биоэтанол, бидай клейковинасын, крахмал, ұн және малға арналған жем өндіретін зауыт) үлестері бар.


Рейтинг редакторы: Ардақ Бөкеева

Зерттеу тобы: Арайлым Әуелбекова, Айдын Шағиев, Алма Омарова

Фотографтар: Андрей Лунин, Иван Беседин, Владимир Шаповалов, Никита Басов, Резеда Небогова, Вадим Соловьёв, Руслан Мазунин, Валерий Аяпов, Андрей Шевелёв, Мақсат Байкенов, Жанарбек Аманқұлов, Роман Дементьев, Тимур Эпов және баспасөз қызметтерінің мұрағаты

Рейтинг Grant Thornton аудиторлық-консалтингтік компаниясының атсалысуымен дайындалды

Все материалы по теме «Рейтинги и ренкинги» вы можете посмотреть по этой ссылке.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
90520 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторах:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить