Тауар биржалары: сауда алаңдарына деген талап күшейтілмек

10742

Тауар биржаларының Қазақстан экономикасына шоғырлануы үдей түсті, деп хабарлайды Finprom.kz зерттеу орталығы. Сарапшылардың мәліметінше, бүгінде сауда алаңдарындағы сауда айналымы 2,4 трлн теңгеге жеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда біржарым есе жоғары көрсеткіш

ФОТО: © pixabay

Соңғы ақпараттарға сәйкес, елімізде бүгінгі таңда ресми тіркелген 17 биржа бар, олардың ішінде 14 биржада сауда-саттық белсенді түрде жүргізіледі.

2021 жылы тауар биржаларындағы сауда айналымы, сала тарихында алғаш рет 2 трлн теңгеден асты. Әйтсе де биржалардағы сауда-саттық әлі де тұрақсыз негізде дамуда: сауда айналымында ел экономикасындағы өзгерістерге қатыссыз да тербелістер орын алуда.

Десек те тауар биржаларындағы мәмілелер саны өсіп келеді. Айталық, 2021 жылы биржалардағы сауда алаңдарында 53 мыңдай мәміле жасалған, 2020 жылы – 47,9 мың болатын.

Тауар биржасындағы бір мәміленің орташа сомасы былтыр 44,8 млн теңгені құраған, 2020 жылы – тек 29,3 млн теңге шамасында-тын.

Былтыр, сондай-ақ биржалардағы тауар айналымы барлық тауар топтары бойынша шамамен біржарым есе артқан. Химия өнеркәсібі өнімдері бойынша өсім көрсеткіші 2 есе, негізінен, тыңайтқыштарға деген сұраныс есебінен.

Алдағы жылдары сауда мәмілелерінің саны мен тауар айналымының көрсеткіші одан әрі еселеп өседі деген пайым бар. ҚР сауда және интеграция министрлігінің жоспарларына сай, 2025 жылға қарай, тауар биржаларындағы тауар айналымы 5,6 трлн теңгеге жетуі тиіс, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары көрсеткіш.

Сарапшылардың тұжырымынша, экономика сегменті ретінде тауар биржалары ұдайы өзгеріске ұшырауда. Салалық заңға түзетулер енгізілген соң, сауда жүргізу тәртібі айтарлықтай өзгеріп, биржалық тауар номенклатурасы ұлғаяды деген де жоспар бар.

Оның сыртында, 2024 жылдан бастап сауда алаңдарына қатысты күшейтілген талаптар қолданысқа түсуі тиіс. Айтқандай, 17 тауар биржасының ішінде тек үш биржа ғана жүйеқұраушылар болып табылады, олар: «Каспий», «Астана» және ЕТС. Биржалардағы сауда айналымының үштен бірі осы үш биржаның үлесі деуге болады.
Биржалардың басым бөлігі, негізінен, «өздерінің» сатып алушылары мен, сатушыларына арнап сауда жүргізеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл тұрғыдағы «мәмілелер саны мүлдем ұтымсыз» деуге тұрады – жекелеген операциялар бойынша «жылына ондаған шақты» сауда өткізіледі әрі «барлық ақпарат жабық негізде».

Биржа саласын жетілдіру тұрғысындағы мемлекет тарапынан ұсынылып отырған өзгерістерді сала ішіндегі ойыншылар биыл жазда талқыға салуы тиіс. Алдағы 2 маусымда «Каспий» тауар биржасының базасында жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алу операцияларына қатысатындарға арнап электрондық сатып алулар бойынша мамандандырылған форум өткізу жоспарланған.

Бүгінгі таңда сауда биржаларының көтерме сауда айналымына қосар үлесі айтарлықтай төмен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша бар болғаны 8%-ды құрайды.

Ел үкіметі тауар биржаларының саудадағы салмақ үлесін кем дегенде 14%-ға дейін көтеруді ойластыруда. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа моделінде тауар биржалары – баға белгілеуде өзара келісімге жол бермеудің негізгі құралы ретінде қарастырылуда.

Айта кету керек, тауар биржаларын дамыту мәселесі еліміздің Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ел саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында да ескерілген.

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить