Қос Кореяның жаңа байланысы аймақ экономикасын қалай өзгертеді

Инвестициялық климатқа қалай әсер етеді, Еуразия құрлығындағы көліктік-логистикаға және Қазақстанға қалай ықпал етуі мүмкін

Ким Дэсик
Фото: Архив пресс-службы
Ким Дэсик

Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэсик айтып берді.

F: Елші мырза, ең алдымен Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы байланысқа тоқталсақ. Қазірде біздің елде қанша Корей компаниялары жұмыс істейді. Инвестиция қай салаларға бағытталған?

- Жалпы Қазақстанда 200 астам кореялық компания жұмыс істейді. Бұл біздің дерек. Ал Қазақстан мәліметі бойынша олардың саны бұдан жоғары. Ал ең көп инвестиция негізінен мұнай саласына бағытталған және бұл Кореяның Ұлттық мұнай компаниясы (KNOС ) болып табылады. Бұл компания Қазақстанға $1 млрдқа жуық инвестиция салды, бірақ әлі кіріс келген жоқ, бірақ жұмыс істеп жатыр. Үлкен инвестиция салған компаниялардың бірі «Lotte», олар Қазақстандағы «Рахат» фабрикасына инвестиция салды және үлкен көрсеткіштерге жетіп отыр. LG компаниясы Қазақстан нарығында біраздан бері істеп келеді. Сонымен қатар, келісім негізінде Алматыдағы БАКАД айналма жолы құрылысына «SK Group» компаниясы қатысып отыр. Дәл қазір Ақтаудағы Қарабатанда жаңа энергетикалық жоба қолға алынуда, ал «Daewoo» компаниясының ауыр өнеркәсібі Теңіз кенішінде үлкен жобаны жүзеге асырып жатыр, ашық теңізде мұнай өндіруді кеңейту бойынша және бұл ең үлкен жобалардың бірі саналады. Жоба құны. 2,2 млрд. Highvill құрылыс компаниясы жемісті жұмыс істеуде және бұдан бөлек көліктік-логистикадағы бірқатар компаниялар бар.

F: Жалпы арадағы экономикалық көрсеткіш қалай артты? Инвестиция көлемі қандай?

- Екі ел 1992 жылы дипломатиялық байланыс орнатқаны белгілі. Мәселен, 1993 жылы арадағы тауар айналымы небары $87 млн көлемінде болды. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш $1,5 млрд жетті, бұл 18 есеге өскенін көрсетіп отыр. Ал 2018 жылы тамыз айындағы тауар айналымы $1,4 млрдқа жетті. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш әлі де өседі және өткен жылдан асып кетеді деген болжам бар. Бір айта кетері, биыл Корея Қазақстаннан $890 млнға бағалататын тауар алса, ал Қазақстан $480 млнның затын сатып алған. Яғни, Корея тарапынан сұраныс екі есеге жоғары болып тұр. Бұған Қазақстаннан жеткізілетін мұнай көлемінің артуы себеп. Біз негізінен қара алтынды Таяу Шығыс елдерінен жеткізетінбіз, қазір Қазақстандық мұнайдың көлемі артуда. Жалпы, тәуелсіздік жылдары Корея тарапынан салынған жалпы инвестиция көлемі $4 млрдқа жетті.

F: Қазақстан компаниялары Кореяда қаншалықты белсенді? Бірлескен немесе жекелеген бизнес жобалар бар ма?

- Негізінен Қазақстанда корей компанияларының белсенділігі жоғары. Ал Қазақстанның Кореядағы ірі компаниялары туралы нақты дерек жоқ. Бірақ, шағын кәсіпкерлікпен, саудамен айналысатындар көп. Олар негізінен киім саудасы, косметика, медициналық туризм бойынша істейтіндер. Қазақстан азаматтары және жергілікті корей ұлтының өкілдері заңды түрде жұмысқа барып, табыс тауып жақандар көп, оларға жыл сайын 2 мың квота берілген болса, қазір бұл шектеу алынып тасталды.

F: Енді қос Кореяның байланысына келсек. Егер Солтүстік Корея жойқын қарудан бас тартып, арада байланыс орнаған жағдайда қандай өзгерістер болуы мүмкін? Инвестиция,экономика жəне тағы басқа салаларда.

 

- Бұл өте күрделі мәселе. Солтүстік Корея 30 жыл бойы ядролық қаруды дамытып, сынақтан өткізіп келді. Ал бұл қатерді сейілту үшін Жапония, АҚШ, Ресей, Қытай барынша асталысып, төрт жақты кездесу болды, араға уақыт салып алты жақты кездесулер өтті, соның нәтижесінде екі үлкен келісім жасалды, екі кездесу болғанын білесіздер. Бірақ, бұл шарттар өкінішке орай орындалмады, іске аспады. Ал енді жуырда үшінші кездесу өтті, келісім жасалды, жалпы аймақтағы атом жобасына бүкіл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері, ядролық клуб мүшелері қарсы, әлемдік қоғамдастық қарсы. Әрине, Оңтүстік Корея Америкамен ынтымақастықта болғандықтан Солтүстік Корея одан қауіптенеді,күмәнмен қарайды, сондықтан олар ең алдымен тараптардан кепіл беруді сұрауда. Білесіздер, екі Корея арасында соғыстан кейін ресми түрде бейбіт келісім әлі күнге жасалған жоқ, тек уақытша татуласу туралы келісім ғана бар. Ал олар бейбіт келісім жасауды, АҚШ –пен дипломатиялық байланыс орнатуды сұрап отыр. Оның үстінде әр мемлекеттің Корей түбегіне қатысты мүдделері бір- бірімен тоғыспайды, ұстанымдары әртүрлі. Сондықтан, бұл күрделі мәселені шешу оңай болмай тұр. Ал тараптар ымыраға келген жағдайда, мемлекеттер шарттарын өзгертсе, ядролық қару қатері сейілсе, тек сонда ғана екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыс, инвестициялық жобалар туралы айтуға болады.

F: Егер арадағы байланыс жақсарған жағдайда Оңтүстік Корея ресми Пхеньянға қандай көмек беруі мүмкін? Инвестиция салуға əзір ме,қай салаларға басымдық берілуі мүмкін?

- Шыны керек, биыл мемлекет басшыларының 3 кездесуі болды, одан біраз жыл уақыт бұрын бұрынғы мемлекет басшылары 2 рет кездесті. Сол кезде көптеген жобалар әзірленген болатын және олар дайын, тек саяси мәселелер шешімін тапса болғаны. Сонымен қатар, Солтүстік Корея осыдан бір жыл бұрын зымырандарды сынақтан өткізуді үдеткен болатын және бұл БҰҰ тарапынан санкциялардың қолданылуына әкеліп соқты. Санкциялардың күші жойылған жоқ, онсыз қандай да бір байланыс орнату мәселелері туралы айту әлі ерте. Дегенмен, жобалар туралы айтатын болсақ, Солтүстік Кореяда кезінде электр қуатының тапшылығына байланысты ормандар жаппай оталған болатын. Алғашқы жобалардың бірі өзара бірлесу арқылы таулы аймақтағы жасыл желекті қалпына келтіру болатын, екінші бір жоба тұрғындарға жаппай екпе егу арқылы түрлі ауруларды алдын алу, денсаулық сақтау саласын жақсарту болып табылады. Үшінші жоба бұл арадағы темір жол тораптарын түйістіру, бірақ бұның бәрі санкциялар шешілмей жүзеге аспайды.

F: Қос Корея арасындағы байланыстың жақсаруы көлік дəлізіне, теңіз бағыттарына, көліктік-логистикаға, жалпы аймақ үшін не береді?

- Қазір Корей түбегінде «Н» әріпі іспеттес жоба бар. Қос Кореяның қалай орналасқанын білесіздер, Солтүстігінде Ресей, Батыс жағында Қытай, жанында Цинтау, Ляньюньгань порттары бар, бұл арқылы Қазақстанмен байланыс орнатуға болады, Моңғолия жақын аймақта, Қытай мен қос Корея арасындағы теңізде бірлескен экономикалық аумақтар бар. Қазір біз Қазақстанға тауар жіберетін болсақ, теңіз арқылы кемемен жөнелтеміз. Бүгінгі таңда Солтүстік Кореяның Қытаймен ғана қатынасы жақсы, экономикалық байланыстың бәрі Қытай арқылы жүзеге асады. Біз үшін ең алдымен Солтүстік Кореямен ынтымақтастықты жақсарту керек және бұған тараптардың барлығы мүдделі. Егер, арадағы шекара ашылып жатқан жағдайда, онда Қытай Пхеньянға инвестиция салу мүмкіндігіне ие болады, Ресеймен байланыс орнайды, себебі барлық ресурстар Қиыр Шығыста өндіріледі. Қазір аталған аймақтан шығатын шикізат Оңтүстік Кореяға кеме арқылы келеді, ал егер жол ашылса,темір жолы байланысы жолға қойылса қос Кореяның арасы жалғанады, құрлық арқылы газ, мұнай құбырлары тікелей қосылады және Солтүстік Корея арқылы Еуропаға шығатын Трансібір дәлізіне жол ашылады. Яғни, осы магистраль арқылы бізге ғана емес, Жапонияға Еуропаға тікелей шығуға мүмкіндік туады. Бұл аймақ үшін, қос Корея үшін, жалпы әлем экономикасы мен көлік қатынасына жаңа серпін береді. Оның үстіне Солтүстікте, яғни екі ел шекарасының түйіскен жерінде Кымгансан таулы қыраты сынды керемет туристік аймақтар бар, ал бұл жерлерге 1953 жылдан кейін, яғни соғыс өрті сөнгеннен соң адам аяғы баспаған. Егер, арадағы мәселе шешілсе, аталған аймақта бірлескен жобаларды, экотуризмді дамытуға мүмкіндік туатын еді. Сонымен қатар, шекараға жақын жерде Кесон деген қала бар, онда өндірістік қала болды, осының бәрін қайта жандандыруға болар еді. Тағы бір айта кетері, Оңтүстік Корея инвестицияны өзге елдерге емес, тілі бір бауырлас мемлекетке салуға мүдделі болар еді. Бұл біріншіден арзан жұмыс күші, екіншіден екі мемлекет үшін тиімді болады және барлық сала бойынша ынтымақтастықты арттыруға сеп болар еді.

Новая экономическая карта Корейского полуострова
Фото: Архив пресс-службы
Новая экономическая карта Корейского полуострова

F: Қазақстанға қандай әсері болуы мүмкін?

- Қытайда Ляньюньган порты бар, онда Қазақстанның порты жұмыс істейді. Егер, темір жол Қытайға шығатын болса, онда Қытай арқылы тікелей Қазақстанға, Еуропаға тауар жөнелтуге мүмкіндіу туады. Қазір Оңтүстікте 50 млн тұрғын, Солтүстікте 25 млн халық бар. Егер қос мемлекет түбі қосылатын болса, өзара ымыраға келетін болса, онда жағдай түбегейлі өзгереді, ал Солтүстіктің дәрежесін Оңтүстіктің деңгейіне дейін жеткізу үшін 30 жылдай уақыт кетеді. Ал олай болса Қазақстан үшін одан пайда келмесе, зиян келмейді. Қазақстан пайдалы қазбаларға бай мемлекет,сондықтан бұл бағыттты пайдалану арқылы біздің байланысымыз одан әрі нығаяды. Оның үстіне Қазақстан Корея үшін маңызды, қауіпсіз әрі тұрақты серіктес саналады. Қазір Үкімет «Жаңа Солтүстік саясат» және «Жаңа Оңтүстік саясат» жобасын жүзеге асыруда. Ал бұл жобалар іс жүзінде орындалған жағдайда инвестициялық климатта, саяси, әлеуметтік-экономикалық картада елеулі өзгерістер болатыны анық. Бұл барша үшін экономикалық тұрғыдан тиімді болмақ.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
3355 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
25 мая родились
Данияр Акишев
помощник первого президента Казахстана
Хроники бизнесменов. Владимир Ким

На чём зарабатывает своё состояние №1 списка 50 богатейших бизнесменов Казахстана по версии Forbes Kazakhstan

Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить