COVID-19: туризмге салынған тұсау

15357

Дүние жүзін әбден әбігерге салған COVID-19 кез келген мемлекеттің экономикалық ахуалын әлсіретіп үлгерді. Сарапшылар бірауыздан: «бұл дерттің салдары 2008 жылғы қаржы дағдарысынан да қиын болмақ» деп ескертуде

ФОТО: Alessandro Danchini / Pixabay

Әлемдік деңгейдегі дүрбелең

Короновирус тұтқиылдан соққы берген алғашқы сала туризм индустриясы. Қауіпті дертпен әлемдік күрес ішкі-сыртқы шекаралардың жабылуына алып келді: транспорт тасымалы, қызмет көрсету саласы өз жұмысын уақытша тоқтатып, мега жобалар мен жоғары деңгейдегі іс-шаралар кейінге қалды. Бұл шектеулер бірден туристік саланың жұмысына кері әсер етті.

Пандемия жария етілген тұста Халықаралық іскерлік туризм ассоциациясы (GBTA) коронавирустың іскерлік туризм индустриясына әсері туралы зерттеу жүргізген-ді. Оған әлем бойынша 1095 корпорация өкілдері мен қауымдастық мүшелері қатысқан. Сауалнамада респондент компаниялардың шамамен 41%-ы коронавирус қаупіне байланысты халықаралық сапарларды түгел тоқтатқаны анықталса, 73%-ы бизнес шаралардың  бірқатарын  қажетсіз деп тапқан.  

Мәселен, 290 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған әлемдегі ірі өндіруші компания Nestle, 800 мың қызметкері бар Amazon интернет-дүкені, L 'oreal, Unilever, Ford секілді басқа да танымал ұйымдар корпорация қызметкерлеріне бизнес сапар жасауға тыйым салған.

Жалпы, COVID-19 салдарында әлемдік туристік индустрия $80 млрд шамасында шығынға ұшырауы ықтимал деген де болжам айтылды. Бұл жайында британдық Economist Intelligence Unit (EIU) зерттеу компаниясының деректеріне сілтеме жасаған South China Morning Post жариялады. 2002–2003 жж. пневмонияның өршуі және таралуы туралы деректерді сарапқа салған сарапшылар, осындай  қорытындыға келген.

Қытай сарапшысы Дэн Ванның пікірінше, бұл тұрғыда, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына кіретін елдер айтарлықтай шығынға батуы ықтимал. Ал Еуропа мен АҚШ-тың туризм нарығында қытай туристерінің үлесі саяхатшылардың жалпы санының 4%-ын құрайды. Олай болса бұл елдерде туристік индустрия ішкі туризм үлесінен мейлінше оңала алады деген сөз.

Саяхат және туризм жөніндегі дүниежүзілік кеңестің (World Travel & Tourism Council, WTTC) пайымдауынша, пандемия салдарында әлемдік турбизнес саласындағы 50 млн жұмыс орнына қауіп төніп тұр.

Отандық турбизнес көмексіз қалмайды

Әлемдік турбизнес нарығындағы бұл жағдай Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Елде төтенше жағдай жария етілген мезетте Қазақстанның туристік қауымдастығы үкіметтен көмек сұрауға мәжбүр болды. Қауымдастықтың пандемияға дейінгі дерегіне сүйенсек, бұл салада бүгінде 80 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

ProTour компаниясының бас директоры Бахтиер Исхаковтың айтуынша, тұтас бір индустрияның өз жұмысын бір мезетте тоқтатуға мәжбүр болуы бұрын-соңды болмаған жағдай.

- Мен бұл салада 2001 жылдан бері жұмыс істеймін, мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет кездесіп отырмын. Туристік кезең саналатын жаз айларына қазір үміт жоқ, олай болса биыл отандық туризм саласы өз табысының 70%-нен қағылуы мүмкін. Әдетте бұл көрсеткіш сыртқы саяхат еншісі саналады, - дейді ол. 

Бахтиер Исхаков
Бахтиер Исхаков

Айта кету керек, бұл ретте Қазақстан үкіметі туроператорларға да, туристерге де қолдау білдіруге мүдделі екендігін көрсете білді. Қысылтаяң кезеңде шет елдерде қалып қойған туристерді лек-легімен елге жеткізу шарасы ойдағыдай іске асты. Оның сыртында, төтенше жағдайға байланысты салық және әлеуметтік төлемдерден босатылатын субъектілер қатарында қонақ үй, хостел және туристік қызмет нысандары да бар. Яғни, отандық шағын және орта бизнес  2020  ж. 1 қазанына дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылмақ. 

- Ел үкіметі тиісті шешімдер қабылдап, туристік саланы бей-жай қалдырмайды деген үміттеміз. Дағдарысқа қарсы жалпы шаралардың ішінде бюджетке аударылуы тиіс салықтар мен қызметкерлерге қатысты әлеуметтік аударымдар түріндегі төлемдердің кейінге қалдырылуы – оң шешім. Біз үшін жеңілдетілген кредит мүмкіндігі де тиімді әдіс, мықты қолдау болар еді. Сала ішіндегі көптеген компаниялар банктердің кредит өнімдерін барынша пайдаланып келеміз. Сол сияқты, отандық туризм нарығына технологиялық шешімдер әзірлеу, ішкі туризмді дамыту мақсатындағы мемлекеттік субсидиялар да артық болмас еді, - дейді бұл тұрғыда Бахтиер Исхаков.

Клиент таппай, нарық жоқ...

Бұл нарыққа тән өзекті мәселе – туристердің өтемақысы. Әлем бойынша туристік саланың дамуы бәсеңсіп қалған сәтте ақшаны кері қайтару механизмі басқа салаларға қарағанда өзгеше болатынын ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да мойындады. Оның айтуынша, төленген қаражатты қайтару үшін операторлар өз серіктестерімен келіссөздер жүргізеді әрі заң тұрғысынан рәсімдерді шешуге уақыт қажет.

- Сол себепті де азаматтардан қалыптасқан жағдайға түсінушілікпен қарап, күте тұруды сұраймыз. Туристік қызмет туралы заңның 17-бабына сәйкес, туристердің қаражатын туроператорлар іс жүзінде шығарған шығындарын шегере отырып, қайтарады, - деген болатын министр ханым. 

Отандық туризм саласы соңғы жылдары екпіндеп дамығаны баршаға мәлім. Жолдама құнын алдын ала төлеу туристер үшін тиімді мүмкіндіктің бірі. Бірақ бүгінгі жағдайда туристік компаниялар айтарлықтай абдырап қалғаны рас. Көптеген компаниялар бұған дайын болмай шықты. Бахтиер Исхаковтың айтуынша, бүгінде отандық турбизнес саласы өз клиенттеріне барынша оңтайлы мүмкіндіктерді ұсынып, тығырықтан шығудың жолдарын іздестіруде. Соның бірі, мысалға, қызмет көрсету мерзімін кейінге қалдыру. Яғни, алдын ала бронь қою талабы бойынша туроператорлардың біразы авикомпаниялар, қонақ үйлер сынды өзге де серіктестеріне төлем жасап қойған. Олай болса, айталық, көктем, жаз айларына демалыс жоспарлаған отандастарымызға туроператорлар жаз соңына, не күзге демалыс ұсынуда. Егер, әрине, әлемдік нарық бұған дайын болса.

Клиент төлемін қайтарып беру де ескерілген, бірақ кей жағдайларда айыппұл санкцияларынсыз бәрібір болмайды.

- Бұл шара тек нарық жандана бастағанда мүмкін болмақ. Өйткені келісілген бағыттар бойынша өзге де туристерді іздестіру керек. Егер біздің ұсынысымыз сол бағаға өтіп жатса, онда бастапқы клиент өз қаражатын 100% деңгейінде қайтара алады. Ал дисконт жағдайында, бастапқы төленген құнның белгілі бір бөлігі жойылады деген сөз, - деп түсіндіреді Бахтиер Исхаков.

2020 ж. 9 маусымында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан мен Түркия арасында халықаралық әуе қатынасы маусым айының соңында қайта жандануы әбден мүмкін деп мәлім етті.

- Әрі қарай, эпидемиологиялық жағдай жақсара бастаса, өзге де мемлекеттермен арада халықаралық әуе қатынасын қайтадан іске қосу жоспарланған, - деп атап өтті министр мырза.

Мамырдың соңында мәлім етілгендей, Қазақстан, бірінші кезекте Қытай, Оңтүстік  Корея және Әзірбайжанмен арада әуе қатынасын қалыпқа келтіруді қарастыруда. Екінші кезекте – Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Таиланд және Чехия елдері көрсетілген. Ішкі рейстер елімізде 1 мамырдан бері біртіндеп іске қосылуда.

Гүлмира Аймағанбет

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить