Әлемдік пандемия Astana International Exchange қызметіне және әлемдік қор биржаларына қалай әсер етті

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген Astana International Exchange (AIX) Басқарма басшысы Тим Беннетт айтып береді

F: Құрметті Тим Беннетт Мырза, әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты AIX-тың жұмыс тәртібі қаншалықты өзгерді? Бұл сауда жүйесіне қаншалықты ықпал етті? Жалпы әлемдік пандемия қор биржаларына қалай әсер етті, бұл құбылыс әлі қаншаға созылуы мүмкін?

- Пандемия әлемдік нарықтардың барлығына да өз әсерін тигізді. Биржалық индекстердің көбі, тіпті барлығы дерлік, орташа алғанда 30%-ға құлдырады. Алайда соңғы үш аптада біз айтарлықтай «кері серпілісті» байқап отырмыз, бұл пандемия салдарынан туындаған хаостың негізгі әлемдік нарықтарда бірте-бірте ретке келе бастағандығының куәсі. Дегенмен де, пандемияның экономикаға әсер етуі әлі де бірталай уақытқа, нарықтардағы белгісіздіктің жоғары дәрежесін сақтай отырып, созылады. Бұны VIX (құбылмалылық индексі) көрсеткіші де растайды. Сондықтан мен құбылмалылық бірталай уақыт өткеннен кейін ғана төмендейді және де осы себепті алдағы үш-тоғыз айдың ішінде біз нарықтың жоғары-төмен айтарлықтай ауытқуын байқайтын боламыз деп ойлаймын.

АІХ карантин кезінде сауда платформасының әдеттегі сағаттарда жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыр. Қызметкерлердің денсаулығы үшін тәуекелдерді барынша азайту және сауда жүйесінің үзіліссіз жұмысын кепілді ету мақсатында биржа бұдан бұрын бірқатар шаралар қабылдады.

AIX – бұл белсенді даму сатысындағы биржа, сондықтан біздің жұмысымыздағы басымдық - компаниялардың бағалы қағаздарын листингтеу және олардың өсуі үшін капитал тарту. Біз қызғылықты жаңа қаржылық өнімдермен жұмыс істеуді жалғастырып келеміз және нарықтағы сұраныс қалпына келген кезде оларды іске қосатын боламыз. Көптеген биржалардағы жағдай көрсетіп отырғандай, бүгінгі таңда бүкіл әлемдегі компаниялар бастапқы жария орналастыруға (ІРО) сақтықпен қарайды. Біз Қазақстанда да жергілікті бизнестің әзірге оқиғалардың даму барысын қауіптене бақылап отырғанын және биржаға щығуға асықпайтындығын көріп отырмыз.

F: AIX құрылған сәттен бастап қандай нәтижеге қол жеткізді? Қазір онда қандай компаниялардың құнды қағаздары саудалануда? Жақын аралықта тағы қандай ойыншыларды көруіміз мүмкін?

- Соңғы екі жыл ішінде біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Біз басынан жоғары технологиялар мен сараптама ғана емес, шетелдік инвестициялық қауымдастық үшін түсінікті реттеу ортасын да ұсынатын сауда платформасын құрдық. Біз қазақстандық бизнес үшін $217 млннан аса капитал тарттық. АІХ-тің сауда мүшелері - дамушы нарықтардағы Wood & Co жетекші инвестициялық банкін, фронтирлік және дамушы нарықтардағы жетекші тәуелсіз инвестициялық компаниялардың бірі «Ренессанс Капиталды», ҚХР аса ірі брокері CITICS-ті, бүкіл Қазақстан бойынша бөлшек сауда инвесторларының көлемді қорына қолжетімділігі бар «Қазпошта» АҚ, сонымен қатар Freedom Finance және Halyk Finance бөлшек сауда инвесторларымен жұмыс істеуге маманданған қазақстандық инвесторларды қоса, 20-дан аса брокер болып табылады. АІХ-те акцияларды, биржа қорлары мен ноталарды қоса алғанда 50-ден аса бағалы қағаз линстингтелген.

2019 жылы Биржа $217 млн-ға жуық акционерлік капитал тартты - – бұл Қазақстандағы қор нарығында соңғы үш жыл ішінде тартылған қаражаттан бірнеше есе көп. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Halyk Bank, Polymetal, Ferro Alloy, Кселл сияқты ірі эмитенттердің акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттарын табысты орналастыру жүзеге асырылды. Бұдан басқа, қазақстандық инвесторларға таныстығы аз қаржылық өнімдер – 2 биржа қоры (ETF) мен қазақстандық қор нарығында алғаш рет 5 биржа нотасы (ETN) орналастырылды. Биылғы жылы исламдық қаржыландыру талаптарына сәйкес келетін бағалы қағаздар – Катар халықаралық ислам банкінің сукукі және Қазақстанда юаньмен көрсетілген бірінші облигациялар – Қытай Құрылыс банкі Астана филиалының облигациялары алғаш рет орналастырылды.

F: 2019 жылдың ақпан айында AIX алаңында «Кселл» компаниясының  листингтен өткенін білеміз. Компания қандай құнды қағаздарын шығарды, сауда нақты қай кезде бастау алды, акциялардың теңге бағамымен көрсетілуінің себебі мен артықшылығы неде?

- Кселл – бұл қызықты мысал. Кселл акциялары Қазақстан қор биржасында бірнеше жылдан бері айналымда болып келді, бірақ сатып алушылар тарапынан қажетті сұраныс болмағандықтан, компанияның қосымша капитал тарту мүмкіндігі, ал олардың негізгі компаниясы - «Қазақтелекомның» Кселл акцияларын сату мүмкіндігі болмады. Лондон қор биржасында компанияның жаһандық депозитарлық қолхаттары орналастырылды, бірақ оларға айтарлықтай қызығушылық тағы да бола қоймады, өйткені Кселл Қазақстандағы ірі және жақсы компания болғанымен, Лондонда ол осындай жүздеген немесе мыңдаған компаниялардың бірі ғана. Акциялардың өтімділігі төмендеді және қайсыбір мезетте инвестиция талдаушылары компанияны өздерінің шолуларына енгізуді доғарды – Кселл инвестициялық қорлардың назарынан тыс қалды. Дәл осы себепті де біздің Кселл сияқты компанияларға өз бизнестерін дамыту үшін инвестициялар тартуға мүмкіндік бере отырып, капитал нарығын осында, Қазақстанда дамытуымыз өте маңызды.

АІХ-тегі Кселл листингі – бұл біздің нарығымызды қалыптастырудағы тағы бір кішкене қадам. Кселл басшылығы нарық қатысушыларын өз компаниясының табысты екендігіне сендіруде және біз сауда-саттықтың жандануы арта бастайды деп күтеміз. Біз Кселлді инвестициялық қорларды талдаушылардың шолуларына енгізуді қолдадық, өтімділікті қамтамасыз ету үшін бізде маркет-мейкерлеріміз бар, алайда инвесторлардың жақсы қорын дамыту уақытты керек етеді. Жергілікті инвесторларды тарту үшін Кселл акциялары теңгемен орналастырылды. Сонымен бірге біз АІХ-те құрған сауда-саттық және есеп айырысу экожүйесі сауда-саттыққа шетелдік инвесторлардың да қатысуына мүмкіндік береді.

F: 2019 жылдың наурызындағы сауда-саттық көлемі 1,6 млрд теңгеге дейін жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артыпты? Бұл немен байланысты болды?

- Шынында да, қазіргі уақытта АІХ-те біз сауда-саттық белсенділігінің елеулі түрде – өткен жылғымен салыстырғанда 30%-ға дейін артуын байқап отырмыз. Мұнда таңқаларлық ештеңе жоқ – бұл әлем нарықтарының барлығында болып тұрады. Трейдерлер қандай да болмасын жаңалықтардың немесе жаңа трендтердің нарыққа әсер етуінен ақша табу үшін сауда-саттықты жандандыра түсті.

F: Осы ретте жуырда AIX биржасында алғаш исламдық облигациялардың орналастырылғаны хабарланды. Бұл қандай институт, серіктес кім? Олар орналастырған сукук құралдарының қаржы нарығындағы орны мен өзгешелігі неде?

- Соңғы 5 немесе 10 жыл ішінде инвестициялық қоғамдастық анағұрлым сегменттелді. Шариғат қағидаттарына сәйкес келетін бағалы қағаздарға ғана бағытталған қорлар (ислам қаржылары) немесе, мысалы, жасыл қағидаттарға немесе ESG қағидаттарына (әлеуметтік инвестициялау) бағытталған қорлар пайда болды. Біз инвесторлардың кең спектрі үшін нарық құрамыз, сондықтан әртүрлі сұраныстарға жауап беретін бағалы қағаздар мен қаржылық өнімдер листингіне мүдделіміз. Катар банкінің сукукін листингтеу алғашқы қадам әрі жергілікті және халықаралық инвесторлардың АІХ-те ислам қаржыларын сатып алуға қаншалықты мүдделі екендігін қайсыбір дәрежеде тестілеу болды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің бір бағыты ислам қаржыларын дамыту болып табылады, бұл облигацияларға да (сукуктерге), сол сияқты әртүрлі жобаларды қаржыландыруға арналған жеке орналастыруларға да қатысты.

F: 2019 жылдың соңында қазақстандық инвесторларға жаһандық нарықтағы компанияларға салым жасауға мүмкіндік беретін биржалық ноталар (ETN) енгізілгені айтылды. Бұл қатысушылар үшін не береді, қандай мүмкіндіктерге жол ашады, бұл арқылы қандай алаңдарға шығуға болады?

- Капитал нарығы қалыпты жұмыс істеу үшін инвесторлардың түрлі топтары керек. Осындай топтардың бірі- бөлшек сауда инвесторлары болып табылады. Инвестициялау үшін ақшалары және жеткілікті тәжірибесі бар қазақстандықтардың көбі әдетте Қазақстаннан тысқарыда инвестициялайтыны тарихи қалыптасқан. Біздің талпынысымыз – орташа статистикалық қазақстандық үшін анағұрлым қолжетімді болатын қаржы өнімдерінің кең ассортиментін ұсыну. АІХ-те сатылатын биржалық ноталар – дәл осындай өнім. Олар түсінуге жеңіл, шетелдік компаниялар акцияларының немесе облигацияларының қоржыны, не болмаса нарықтық индекстер болып табылады немесе, мәселен, олардың бірі шикізат нарығымен байланысты және мұнай бағасын көрсетеді. ETN-нің көбі АҚШ долларымен немесе еуропалық валюталармен номиналданған кірісті активтері бар халықаралық қорларға негізделеді. Сонымен, биржалық ноталар – бұл банк депозиттерінің қолжетімді баламасы және өз қаржысын басқару үшін нұсқаларды әртараптандыру мүмкіндігі.

F: Әлем елдеріндегі инвесторлардың, оның ішінде АҚШ, Еуропа, Азия елдеріндегі азаматтардың қаржы нарығындағы белсенділігі туралы дерек бар ма? Біздегі көрсеткіш қандай?

- Қазіргі уақытта, егер Қазақстанды халықаралық инвестор тұрғысынан бағалайтын болсақ, онда ол фронтирлік (шекаралық) нарыққа жатады. Нью-Йоркте немесе Лондонда орналасқан инвестициялық қордың кез келген менеджері Қазақстанға инвестициялауға үлкен қызығушылық танытатындығын айтады, алайда мұнда инвесторлар үшін мүмкіндіктер өте аз. Мұнда Кселл, Halyk, Қазатомөнеркәсіп акцияларын сатып алуға болады және, жалпы алғанда, осымен бітеді де. АІХ-тің міндеті инвесторлар тарапынан болған қызығушылықты қанағаттандыру үшін бұл тізімдегі компаниялардың санын көбейту болып табылады. ЕҚДБ деректері бойынша, халықаралық қорлардың менеджерлері Қазақстанға $250 млн-ға жуық инвестициялаған. Бұл небәрі тоғыз басқарушы қор. Еуразиялық өңірде олар басқаратын активтер $10 млрд құрайды. Ойлап көріңізші: Қазақстанға ықтимал 10 млрд инвестициядан небәрі 250 млн келген. Қазақстанға құйылатын шетелдік инвестициялардың әлеуетін ашу үшін біздің ұзақ жол жүріп өтуіміз керек. Бірақ ол үшін жекешелендіру бағдарламасын жалғастыру қажет, жаһандық инвесторлардың қызығушылығын «ширықтыру» үшін мемлекеттік емес компаниялардың да акционерлік капиталды биржа арқылы тарта бастауы керек.

F: Қазіргі күні AIX алаңындағы сауда-саттық қатысушылары кімдер? Құнды қағаздар нарығындағы белсенділік қандай, олардың мәртебелері белгілі ме? Қарапайым азаматтар ма, әлде іскер орта ма?

- Біздің нарыққа қатысушыларымыз – бұл, казақстандық брокерлер арқылы сауда жасайтын бөлшек сауда инвесторлары мен АІХ-те тіркелген шетелдік брокерлер арқылы сауда жасайтын институционалды инвесторлар миксі. Сауда-саттық белсенділігінің көп бөлігі – бұл әдетте бөлшек сауда инвесторлары жүзеге асыратын кішігірім мәмілелер. Алайда аракідік халықаралық инвестициялық қорлардың ірі транзакциялары өтіп тұрады.

F: Еліміздегі көптеген азаматтар қаржы пирамидаларына мыңдаған, миллиондаған қаржыларын салып, ақырында ақшаларынан айырылды. Қалай ойлайсыз, бұл ненің белгісі? Азаматтардың қор биржаларына емес, алаяқтарға салым жасауларының себебі неде?

- Мұның себебі екеу деп ойлаймын. Біріншіден, жинағаныңды сақтау үшін тартымды инвестициялық мүмкіндіктердің жоқтығы. Қазіргі таңда қандай баламалар бар? Ақшаны көрпенің астына тығып қою, алтынға салу, АҚШ долларын сатып алу немесе банкте депозит ашу. Бұл нұсқалардың барлығы инвестиция ретінде бәлендей қызығарлық немесе пайда әкелетіндей емес. Сондықтан да өз болашағына инвестициялағысы келетіндер осы нұсқалардың арасынан таңдай келе, өкінішке орай, қаржы пирамидаларының немесе басқа да криминалдық сызбалардың пайдасына бет бұрады. Екінші себеп – ол қаржылық сауаттың жоқтығы. Мен нормативтік ортада үлкен олқылық бар деп білемін, мұны жою қажет, атап айтқанда – қаржылық кеңес беру қызметтері реттелмеген. Қазақстанда халықтың қаржылық сауаттылығын жоғарылату тәсілдерінің бірі – Қазақстанда жақсы реттелген кеңес беру желісін құру. Мұны өз азаматтары үшін мемлекет қамтамасыз етуі тиіс.

F: Қарапайым халық қор нарығы тек қалталылар үшін деп ойлайды. Шын мәнінде қалай? Сіздерде сауда-саттықты қандай көлемдегі қаражатпен бастауға болады. Мысалы акциялар құны қанша теңгеден басталады (акция түрлері және бағаларына мысал). Тәуекел деңгейі қандай?

- Біз бүкіл әлемде соңғы екі айдың ішінде акцияларға инвестициялағысы келген адамдар ашқан миллиондаған жаңа шоттардың пайда болуы феноменін көріп отырмыз. Және де бұл тренд байлар мен атақты адамдар арасында емес, өздерінің қаржылық келешегін бақылағысы келген миллиондаған қарапайым адамдар арасында орын алып отыр. Халықаралық брокерлер, әртүрлі қаржылық-техникалық компаниялар азғантай сома – айына $10 немесе $20 шамасында инвестициялау нұсқасын ұсынады. Бағалы қағаздардың қаржылық қолжетімді болуы АІХ үшін басымдыққа ие мәселе. Біздің өткен жылы биржалық нота (ETN) шығаруымыздың бір себебі қолында азғантай сомасы бар адамдардың әртүрлі бағалы қағаздарға инвестициялай алатын болуы. Apple немесе Facebook компанияларына ғана емес, бұл әлдеқайда тәуекелді, құрылымданған портфельдерге, мысалы индексі S&P 500 құрайтын аса ірі америкалық компаниялардың 500 бағалы қағазына инвестициялау. Біз биыл жаңа ETN іске қосуды жалғастырмақпыз және қазір брокерлерімізбен бірлесіп қымбат емес акцияларды немесе биржалық ноталарды мобильдік телефон арқылы сатып алуға мүмкіндік беретін платформаны әзірлеп жатырмыз.

F: Дағдарыс көптеген мүмкіндіктерге жол ашады деген бар. Қазіргі жағдай қор биржаларына, инвесторларға, құнды қағаздар нарығына қандай жаңашылдық әкелуі мүмкін?

- Біз соңғы бес жылда байқаған үрдістер, көптеген салалардағы сияқты, қор нарықтарында да үдейе түседі. Біз сауда-саттық көлемінің өсуін, алайда мәміле сомалары анағұрлым аз кезде өсуін, сонымен қатар адамдардың бағалы қағаздарды лезде сатып алуы және сатуы үшін мобильдік құрылғылар арқылы биржалық операцияларға тікелей қолжетімділіктің артуын көретін боламыз деп ойлаймын. Институционалдық инвесторлар үшін трейдингтен кейінгі дәстүрлі Т+2 жүйесінен бірте-бірте кету өзекті болады. Әзірге біз компаниялар ІРО-сының баяулауын немесе кейінге шегерілуін байқап отырмыз, экономика тұрақтана бастаған кезде бұл өзгереді. Сонымен, жаһандық биржалар капитал нарықтарының тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру үрдісін жалғастырылады. Қазақстанда біз біршама басқа жағдайдамыз. Біздегі капитал нарығы әлемдегі ең кенже дамыған нарықтардың бірі. Экономикалық құлдырау бүкіл бизнесте көрініс табатын болады әрі шетелдік және отандық инвесторлар тарапынан күрделі қаржы жұмсалымын қажетсінудің өсуіне әкеледі. Қазақстандық бизнес бұдан былай банк жүйесі мен мемлекетке тәуелді бола алмайды және көріп отырғанымыздай, соңғы үш немесе төрт жыл ішінде бизнесті несиелеу айтарлықтай қысқарды. Сондықтан да бүгінгі таңда кәсіпорындардың жұмысын жандандыруға, жұмыс орындарын қалпына келтіруді қолдауға және жалпы ел экономикасының өсуіне көмектесу мақсатында биржалардың тиімді, кәсіпорындарға капитал тартуға қабілетті жұмыс атқаруы үшін барлық жағдайды жасау Қазақстан үшін маңызды.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
12778 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
4 декабря родились
Бейбит Исабаев
руководитель представительства президента в парламенте
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить