Отандық банк нарығы кезекті stress testing қарсаңында

Шілдеде өткен үкімет отырысының бірінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қаржы саясатын сынға алғаны есімізде

ФОТО: © Depositphotos/marketing.lasers

Мемлекет басшысы, бүгінде отандық банктер тарапынан берілетін тұтынушылық кредиттер ауқымы қаулап өсіп, корпоративтік кредиттеу үлесі азайып бара жатқанын алға тартты.

Экономиканың нақты секторындағы отандық банктердің кредит үлесі қандай? Олардың кредит қабілетін арттырып, ынталандыру үшін қандай шаралар тиімді болмақ? Қазақстан банктері сыртқы факторлардың кері әсеріне әзір ме? Осы және өзге де сұрақтарды Forbes.kz Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) сарапшылары мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚР ҚНРД) мамандарына жолдаған болатын.

Кредит нарығында құлдырау сипаты бар

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, құлдырау сипаты қазір тек экономиканың нақты секторын кредиттеуді ғана қамтып отырған жоқ, соңғы уақытта тұтынушылық кредит көрсеткіштері де бәсеңси түскені байқалуда.

«2021 жылы тұтыну кредиттері бойынша көрсеткіштер шынында да жоғары болды: алдыңғы жылмен салыстырғанда 38,6% деңгейінде. Бұған септік еткен факторлар – кейінге қалдырылған сұранысты жүзеге асыру (дәл қазір болмаса да кейін сатып алуға негізделген тұтынушылық сұраныс – F.) және нарық ішіндегі жаңа ойыншылардың белсенділігі. Алайда, биылғы динамика айтарлықтай төмен: 2022 жылдың бірінші жарты жылдығындағы жағдай бойынша портфель ауқымы бар болғаны 8,2%-ға ғана өскен. Бұл арада, сондай-ақ бөлшек сауда желілері тарапынан айтылып жатқан ескертулер де бар, олар тұтынушылық сұраныс төмендеп барады деп алаңдаулы», - дейді ҚҚҚ сарапшылары. Олардың пікірінше, тұтынушылар сұранысындағы құлдырау салдары жалпы сауда секторына да, тауар және қызмет түрлерін өндірушілерге де әсер ететіні анық.

Ал корпоративтік портфель бойынша ҚҚҚ сарапшылары, жаңа кредит беру динамикасы «тұрақты оң қалыпта» дегенді айтады.

«Соңғы бес жылда банктік емес заңды тұлғаларға берілген кредиттердің жылдық өсімі, орташа есеппен алғанда, 11%-ды құрады (2021 жылы – 20% болатын). Ал корпоративтік портфель болса осы кезең аралығында тіпті де өспеген. Бұған септік еткен салдарлар арасында ірі ойыншылар есептен шығарып тастаған елеулі ауқымдар мен Проблемалық кредиттер қорына сатылған проблемалық портфельдер үлесін мысал етуге болады. Сондай-ақ, активтер сапасын тексеру нәтижелері бойынша жұмыс істемейтін қарыздарды төмендету жөніндегі жекелеген жұмыстар да ықпал етуі мүмкін. Әйтсе де биыл біз корпоративтік портфель жалпылай алғанда 4,8%-ға өскенін байқап отырмыз», - дейді ҚҚҚ сарапшылары.

Олардың айтуынша, AQR, яғни активтердің сапасын тексеру процедурасы аясында нарық ішіндегі реттеу шаралары күшейтіліп, неғұрлым қатаң талаптар енгізілді, осылайша, кредиттердің құнсыздануының жаңа триггерлері көрініс беруде. Сол сияқты, былтыр қабылданған түзетулердің ішінде кредиттерді өндіріп алу бойынша кредиторлардың құқына айтарлықтай ықпал ететін талаптар да бар. Бұлар, әрине, кредиттеу ауқымын кеңейту мүмкіндіктеріне әсер етпей қоймайды, дейді ҚҚҚ сарапшылары.

«Десек те, биылғы макроэкономикалық жағдайды есепке ала отырып, белгілі бір стандарттарды ептеп болса да жеңілдету туралы келісім бар, бұл, әсіресе, экономиканың нақты секторын кредиттеу қарқынын арттыру үшін қажет. Қазір, сондай-ақ шағын және орта бизнесті кредиттеуге ерекше көңіл бөлінуде. Банктердің кредиттік портфелінде шағын және орта бизнес үлесі өсе түскені соның дәлелі: корпоративтік кредиттердің 56%-ы», - деп қосады ҚҚҚ сарапшылары.

Дегенмен, олардың пікірінше «бұл шаралар әлі де жеткіліксіз». Қаржыгерлер қауымы сарапшыларының айтуынша, бұл тұрғыда орындап, атқаруды қажет ететін қыруар шаруа жатыр. Оның ішінде, салық жүйесінен бастап, кредиттерді сот арқылы өндіріп алу барысын, атқарушылық және банкроттық процедураларын, стресті активтермен жұмыс істеу жолдарын жетілдіре отырып, кредиторлардың құқықтарын қорғау мәселесіне де түпкілікті көңіл бөлу қажет.

Банк секторының капитал қоры жеткілікті

Өз кезегінде, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары мемлекет басшысының елдегі қаржы саясатына қатысты сынына жауап ретінде, «2022 жылдың бірінші жарты жылдығында Агенттік ел экономикасын ынталандыруға негізделген кешенді реттеу шараларын қабылдады» дегенді айтады.

Олардың түсіндіруінше, бұл тұрғыда, біріншіден, банктерді пруденциялық реттеуде шағын және орта бизнеске берілетін кредиттердің тәуекел мәнін бағалау шараларын уақытша жеңілдету шешімі бар, бұл, әсіресе, шағын және орта бизнесті кредиттеуді ынталандыруға септік етуі тиіс.

Екіншіден, ликвидтілік коэффициенттерінің нормативтік мәндері уақытша төмендетіліп, банктерді тұрақты қорландырушы көздер деп танылған активтер қатары кеңейген. Бұл экономиканың нақты секторына жаңа кредит беруде қосымша ресурстарды қамтуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, отандық банктердің кредит беру қызметіне сыртқы факторлардың, атап айтқанда көрші Ресейге қарсы санкциялардың кері әсерін жеңілдетуге негізделген шаралар енгізілуде. Мысалға, банкке қатысы жоқ жағдайларда жекелеген пруденциялық нормативтер талаптары бұзылып жатса, бұл тұрғыда оларды орындаудың ерекше тәртібі ескерілген.

Мамандардың айтуынша, қабылданған шаралар банк секторының кредит берудегі белсенділігін қолдап, бизнесті кредиттеу қарқынын арттыруға мүмкіндік бермек. Агенттік мәліметінше, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында экономиканы кредиттеу көрсеткіші 8,5%-ға өсіп, 20,1 трлн теңгеге жеткен. Мұндағы корпортивтік кредиттер үлесі 8,1 трлн теңге, яғни өсу көрсеткіші 4,2% деген сөз.

Айта кету керек, сыртқы факторлар аясында орын алған белгісіздік жағдайында, отандық банк секторы мен қаржы нарығының тұрақтылық деңгейі бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Бұл тұрғыда елімізде банк нарығындағы ірі ойыншыларды кең ауқымды стресс-тестілеуден өткізу жоспары бар.

Екінші деңгейдегі банктердің қызметін қадағалап, реттеу барысында ҚР ҚНРД стресс-тестілеу құралын былтырдан бері қолдануда. Бұл үшін банктердің тәуекелдерін бағалау модельдері мен методологиясы әзірленіп, сынақтан өткізілді. Былайша айтқанда, Агенттік отандық банктердің капиталдану деңгейіне баға береді деген сөз: дағдарыс жағдайында олар өз шығындарын жаба ала ма, жоқ па деген тұрғыда.

«Қолданыстағы құрал екінші деңгейдегі банктердің қаржылық жағдайын биылдан-ақ бақылап, болжауға мүмкіндік беруде. Бұл тұрғыда бізде арнайы сценарий де әзірленген, онда жаһандық геосаясат шиеленіп жатса шарықтап өсуі ықтимал инфляция мен ЖІӨ-нің өсу қарқынындағы ықтималды бәсеңдеу сипаты да есепке алынған. Соңғы стресс-тестілер нәтижесі көрсеткендей, макроэкономикалық жағдайдың нашарлауы жағдайында орын алуы мүмкін шығындарды жабу үшін отандық банк секторының капитал қоры жеткілікті», - дейді ҚР ҚНРД мамандары.

Агенттік қазір өздері әзірлеген стрестік тестілеу құралын дамытып, жетілдіруді әрі қарай жалғастыруда.

Айта кетейік, отандық ірі банктерді кең ауқымды стресс-тестілеуден өткізу шарасы 2022 жылдың қазаны мен 2023 жылдың наурызы аралығына жоспарланған.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
16028 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить