Ұлттық банк: Инфляцияның екпіні қатты

ҚР Ұлттық Банкі 2022 жылдың наурыз айы бойынша отандық қаржы нарығындағы жағдайға қатысты соңғы мәліметтерін жария етті

ФОТО: nationalbank.kz

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың 9 наурызында базалық мөлшерлемені 13,5% деңгейінде сақтаған Ұлттық Банк, инфляциялық қысымның өсуін ескере келе, 25 сәуірде базалық мөлшерлемені жылына 14%-ға дейін көтерді.

Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, базалық мөлшерлемені көтеру қажеттілігін «инфляцияны тежеуші маңызды шара» деп түсіндіріп, инфляция өршіп тұрған бүгінгідей жағдайда еліміздің «ақша-кредит саясаты инфляцияны мақсатты деңгейге дейін төмендетуге негізделеді» деді апта басында өткен БАҚ өкілдерімен кездесу барысында.

«Қазіргі жағдайда жылдық инфляция 12%-ға дейін жылдамдап өсуде. Бүгінде барлық компоненттер бойынша бағаның көтерілуі байқалуда. Біз қазір инфляцияның тұрақты құрамының едәуір өскенін көріп отырмыз. Оны әдетте орта мерзімді кезеңде ғана төмендетуге болады», - деген Ұлттық Банк төрағасы, инфляциялық пайым, болжам әлі де жоғары деңгейде қалып отырғанын ескертті.

ФОТО: nationalbank.kz

Ақша-кредит саясатының құралдары

2022 жылдың наурыз айының соңында ақша нарығындағы Ұлттық Банк операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 2,6 трлн теңгені құрады. Кері репо операциялары негізіндегі өтімділікті ұсыну операцияларының көлемі 205,9 млрд теңгені, тікелей репо арқылы өтімділікті алу көлемі – 173,9 млрд теңгені көрсетті.
Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік ауқымы 779,6 млрд теңгені, ал Ұлттық Банктегі банктік депозиттер арқылы алынатын ауқым – 376,7 млрд теңгені құрады.
Қысқа мерзімге негізделген ноталар көлемі бір айда 21,97%-ға қысқарып, биыл наурыздың соңында 1 432,9 млрд теңгені құрады.
Наурызда, жалпылай алғанда, 855,3 млрд теңге сомасына бес аукцион ұйымдастырылды, оның ішінде 1 айға негізделген ноталарды орналастыру бойынша 707,9 млрд теңге ауқымында (орташа кіріс көрсеткіші 13,44%) үш аукцион өткізілді. Сол сияқты, 3 айға негізделген ноталар бойынша 113,6 млрд теңгеге (кіріс – 13,65%) бір аукцион және жарты жылдық ноталар бойынша 33,7 млрд теңге ауқымында (кіріс – 13,77%) бір аукцион өткізілді.
Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын өтеу көрсеткіші биыл наурызда 1 448,16 млрд теңгені құрады.
Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

ҚР қаржы министрлігі 2022 жылдың наурызында 204,9 млрд теңгеге қысқа мерзімді (МЕККАМ), орта мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік 10 бағалы қағаз орналастырды. Сол сияқты, биыл наурызда барлығы 106,2 млрд теңгеге 1 жылдан 4 жылға дейінгі кезең аралығында өтеу мерзімі бар облигациялардың алты шығарылымы орналастырылды. Бұл облигациялар бойынша жылдық орташа кіріс 12,50%-дан 13, 70%-ға дейінгі аралықты құрады.
Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі 2022 жылдың наурызында 0,21%-ға, яғни 11 151,4 млрд теңгеге дейін өсті.

ФОТО: nationalbank.kz

Валюта нарығы

2022 жылдың наурызында теңгенің биржадағы бағамы 1 АҚШ доллары үшін 459,15–512,17 теңге аралығында өзгеріп отырды. Наурыздың соңын ала теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 5,7%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 467,03 теңгені құрады.
Наурызда теңге – доллар қатынасындағы операциялардың жалпы көлемі бір айда 9,9 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда көлемі – 3,4 млрд доллар, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 6,5 млрд доллар.
Биржадан тыс нарықтағы операциялардың ішінде еншілес бір банктің үлесі 78,6% немесе 5,1 млрд АҚШ долларын құрады (ақпанда – 58,5% немесе 6,0 млрд АҚШ доллары). Бұл аталған банк тарапынан өзінің меншікті капиталын валюталық тәуекелдерден хеджирлеу шарасына орай мүмкін болды.
Айта кету керек, банк топтары ішінде жүргізілетін мұндай операциялар ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына әсер етпейді.
2022 жылдың наурыз айында қазақстандықтар 140,6 млрд теңгеге сай болатын қолма-қол түрдегі шетел валютасын сатып алған. Бұл тұрғыдағы шығыстар алдыңғы ақпан айымен салыстырғанда 2,1 есе төмендеген (2022 жылдың ақпанындағы көрсеткіш: 292,5 млрд теңге), ал 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (131,6 млрд теңге) сатып алу көлемі 6,8%-ға ұлғайған.

Шығыс ауқымының 46,2%-ы АҚШ долларын сатып алуға жұмсалған – 64,9 млрд теңге. Ресей рублін сатып алуға қазақстандықтар 58,8 млрд теңге (шығыс ауқымындағы үлес: 41,8%), еуро сатып алуға 16,1 млрд теңге бағыттаған (11,4%).

ФОТО: nationalbank.kz

Халықаралық резервтер

Алдын ала деректер бойынша, 2022 жылдың наурызында Ұлттық Банктің халықаралық резервтері 0,9%-ға төмендеп, 33,2 млрд АҚШ долларын құрады.
Алтын-валюта резервтерінің төмендеуі валюталық интервенциялар жүргізу және сыртқы борышты төлеу есебінен орын алды. Теріс факторлардың әсері алтын бағасының өсуіне орай және екінші деңгейлі банктердің валюталық шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюы негізінде ішінара реттелді.
Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда (52,7 млрд АҚШ доллары), 2022 жылдың наурыз айының соңында еліміздің халықаралық резервтерінің жиынтық қоры 85,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Кредит нарығы

Отандық банктердің экономиканы кредиттеу көрсеткіші бір айда 0,6%-ға ұлғайып, наурыздың соңында 19 225,5 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғаларға берілген кредит көлемі бір айда 8 057,3 млрд теңгеге дейін төмендесе (0,2%-ға), жеке тұлғаларға берілген кредит ауқымы 11 168,2 млрд теңгеге дейін өскен (1,2%-ға).

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 17 358,0 млрд теңгеге дейін ұлғайып (1,7%-ға), оның ішінде заңды тұлғаларға берілген кредит ауқымы 2,4%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредит ауқымы 1,2%-ға өскен.
Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 867,5 млрд теңгеге дейін төмендеген (8,0%-ға). Бұл тұрғыда заңды тұлғаларға берілген кредит 8,0%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредит 6,9%-ға азайған.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2022 жылдың наурызында 4 534,6 млрд теңгеге дейін өскен (16,4%-ға).

2022 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 14,5%-ды (2021 жылдың наурызында – 11,5%), жеке тұлғаларға – 18,0%-ды (17,0%) құраған.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
19835 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить