Соңғы бес жылда жаңа кредитке деген сұраныс сауда саласында байқалған

16707

ҚҚҚ талдау орталығы жария еткен мәліметтерге жүгінсек, соңғы бес жылда бизнеске берілген кредиттердің 60%-ы сауда саласында шоғырланған

ФОТО: © Depositphotos/Wirestock

«Заңды тұлғаларға соңғы бес жылда берілген жаңа қарыздардың жылдық орташа өсу қарқыны 10%-ды құрады», - деп хабарлады апта басында Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы соңғы бес жылдағы ел экономикасы салаларын кредиттеу көрсеткіштері бойынша шолуында.

Сарапшы қауым есепке алған 2018–2022 жылдар аралығында елімізде заңды тұлғаларға берілген жаңа қарыздардың жылдық орташа өсу қарқыны 9,9%-ды құраған. Ал жыл сайын корпоративтік секторға берілген жаңа кредиттердің жалпы сомасы заңды тұлғалардың қарыз портфелінің жалпы ауқымынан (қалдық) асып түскен.

Бұл, негізінен, бизнеске берілген қарыздардың қысқа мерзімдік сипатына байланысты болса керек: сарапшылардың түсіндіруінше, әдетте бұл қарыздар тездетіп қайтаруды қажет етеді. Сол сияқты, жұмыс істемейтін кредиттерді есептен шығару және қайта құрылымдау сынды шаралар да кредит портфеліне жағымсыз тұрғыда әсер етсе керек.

Айтқандай, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында мерзімі өткен берешек күрт төмендей түскеніне қарап, жұмыс істемейтін кредиттерді қысқарту тұрғысында жүргізілген жұмысқа да тиісті баға беруге болады.

Ал экономика салалары аясында алып қарағанда, жаңадан берілген қарыздар құрылымында сауда (2018–2022 жж. берілген жалпы қарыздардың орташа есеппен 60%-ы) және өнеркәсіп салаларына (26%) берілген қарыздар басым болғанын байқай аламыз.

«Әйтсе де, олардың портфель ішіндегі үлесі әртүрлі бағытта өзгеріп отырған (сауда екі еседей қысқарса – 32%, өнеркәсіп 13 пайыздық тармаққа, яғни 39%-ға дейін өсуде), соған қарағанда, сауда саласында «қысқа» кредиттер шоғырланса керек деп топшылауға болады (айналым қаражатын толықтыру үшін)», - дейді ҚҚҚ сарапшылары.

Аталған кезең аралығында бизнесті кредиттеуге мемлекет барынша қатысқан деуге де толық негіз бар. Сарапшылардың айтуынша, екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ) портфеліндегі бизнеске берілген барлық кредиттің үштен бірі (жеңілдетілген кредиттерді есепке алмағанда) кең мағынада алғанда Қазақстанның даму банкі мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдарына тиесілі.

Олар, сондай-ақ, 2022 жылы кредит мөлшерлемелері өскеніне қарамастан, экономиканың бірқатар салаларында «өндірістің рентабельділігі кредит мөлшерлемелерінен жоғары шықты» деп отыр.

Дегенмен, 2022 жылы елімізде шығынға батқан компаниялардың үлесі 31,9%-ға дейін өскен, айталық, 2021 жылғы 26,4% және 2020 жылғы 25,8% сынды көрсеткіштермен салыстырғанда. Осы арада айта кету керек, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында кредит алуға бизнес тарапынан берілген өтінімдерді мақұлдау коэффициенті барлық өтінімдердің 50%-нан да төмендеп кеткен.

Сарапшы қауымның айтуынша, ел экономикасының көптеген салаларында еңбек өнімділігінің өсу қарқыны тұрақты деңгейде қалуда. Олардың ЖІӨ құрылымындағы үлесі де өзгере қоймаған (2018 ж. – 64,9%-ды, 2022 ж. 64,8%-ды құраған).

Салық төлемдері, негізінен, ірі және орта кәсіпорындарда шоғырланған, дейді ҚҚҚ сарапшылары, ал салалық тұрғыда – өнеркәсіп пен саудада. Аталған кезең аралығында олардың бір жылдағы орташа өсу қарқыны 22,6%-ды құраған (пайда 14%-ға үлғайып, инфляция 9,4%-ды құраған тұста).

Өз шолуын түйіндей келе ҚҚҚ сарапшылары, корпоративтік кредиттеудің қазіргі құрылымы, ең алдымен, экономиканың сапасы мен құрылымына қарай анықталады деген пікір айтады. Әйтсе де, әр саланың экономикалық көрсеткіштерінің динамикасын бағалай келе, олар, елімізде кредиттеу барысы жоғары қарқынмен жүріп жатқанын да алға тартады.

«Номиналды түрде берілген корпоративтік қарыз ауқымы 2018 жылғы 9,1 трлн теңгеден 2022 жылдың қорытындысы бойынша 11,7 трлн теңгеге дейін өсті (жылдық орташа өсу қарқыны 9,9%). Алайда, қарыз берумен салыстырғанда қарыздарды өтеу жылдам жүргендіктен де, заңды тұлғаларға берілген кредит портфелі есепті кезеңде қалыпты түрде 6,0%-ға өскенін көре аламыз, яғни 2018 жылғы 8,2 трлн теңгеден – 2022 жылдың қорытындысы бойынша 8,7 трлн теңгеге дейін», - деп түсіндіреді ҚҚҚ сарапшылары.

Бизнес тарапынан болған жаңа кердиттерге деген сұраныс, әсіресе, сауда саласында шоғырланған деуге келеді: сарапшылар есепке алған кезең аралығында берілген кредиттердің 60%-ы сауда саласына тиесілі болған. Десек те, есепті кезеңде сауда саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі өзгеріссіз қалған – 16%.

«ЖІӨ бойынша елеулі үлесті өнеркәсіп құрап отыр – 29%, ал бұл саланың ЕДБ тарапынан берілетін корпоративтік жаңа қарыздар бойынша үлесі шамамен тең және 26,0%-ды құрайды», - деп көрсетеді ҚҚҚ сарапшылары.

Олардың айтуынша, соңғы бес жыл орамында жоғарыда аталған салалардың еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі өзгермеген (64,8%). Бұл – ел экономикасын дамытудың жаңа кезеңіндегі негізгі міндеттің бірі болып табылатын «еңбек өнімділігін арттыру қажеттілігін көрсетеді» деп түсіндіреді сарапышы қауым.

Олар, сондай-ақ: «мемлекет отандық бизнесті кредиттеуге барынша қатысуда, бұл елеулі деңгейде мөлшерлемелер арбитражын тудырып, баға қалыптастыруды бұрмалайды, жекелеген қарыз алушыларға нарықтық емес бәсекелестік артықшылық береді» деп есептейді. Осылайша экономиканың жекелеген секторларының мемлекеттік қолдауға деген тәуелділігі артып, бұл процесс барған сайын қайтымсыз болуы мүмкін, деп ескертеді сарапшылар.

«Мемлекеттік қолдау бүкіл қоғамға пайда әкелетін жерде көрсетілуі тиіс. Нарықтық қатынас жағдайында даму мүмкіндігі қиын не мүлдем жоқ болса – мемлекеттік қолдау орынды, оның өзінде де басымдық ағымдағы тұтынуға емес, дамуға берілуі тиіс, сонда ғана мемлекеттік қолдау еліміздің тұрақты дамуына ықпал етеді деп айта аламыз», - дейді олар.

Айтқандай, кірістер төмендеп, операциялық шығындар ұлғая түсуі аясында (оған рекордтық деңгейдегі жоғары инфляцияны қосыңыз), 2022 жылдың төртінші тоқсанында нақты сектордағы кәсіпорындардың кірістілігі ептеп төмендеген. «Соған қарамастан экономиканың көптеген салаларында өндірістің рентабельділігі кредит мөлшерлемелерінен жоғары шығып отыр».

Сол сияқты, ай сайынғы инфляцияның соңғы 17 айдағы ең төменгі деңгейге дейін баяулауы (мамырда 0,6%) – екінші жарты жылдықта базалық мөлшерлеме төмендеуі ықтимал деген болжам үмітін арттыра түседі, дейді сарапшы қауым. Олардың айтуынша, бұл – қарыз ресурстарының құнына оңынан әсер беріп, кәсіпорындардың қажеттіліктерін дұрыстап қаржыландыруға мүмкіндік беруі тиіс.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить