ҚҚҚ сарапшылары: Тамыздың басында 1 АҚШ доллары 454,4 теңгені құрауы мүмкін

17646

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы ұйымдастырған кезекті сауалнамаға қатысқан отандық қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылар осындай болжам жасап отыр

ФОТО: Depositphotos/amixstudio

Сарапшы қауымның пайымынша, валюта түріндегі түсімдерді міндетті негізде сату үлесінің төмендеуі мен сауда балансының профициті АҚШ доллары мен қазақ теңгесі арасындағы бағамға оңынан әсер етіп отырған жоқ...

ҚҚҚ талдау орталығы 2023 жылдың шілде айында еліміздің қаржы нарығында қалыптасқан бірқатар көрсеткіштерге қатысты кезекті шолуын жария етті. Онда, әдеттегідей, отандық банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар өкілдері мен сараптамалық, қазынашылық бөлімшелер қызметкерлерінің мұнайдың бағасы мен АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамына қатысты және инфляция, ЖІӨ көрсеткіштері мен Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы болжамдары есепке алынған.

Аталған шолуда келтірілген деректерге ден қойсақ, квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан міндетті негізде сатылатын валюта түріндегі түсімдер үлесінің төмендеуі (2023 жылдың 1 шілдесінен бастап 50%-дан 30%-ға дейін) және сауда балансы профицитінің әрі қарай нашарлауы аясында (қаңтардан сәуірге дейінгі аралықта: -50%) отандық қаржы нарығындағы сарапшылардың USDKZT бағамы бойынша болжамдары үмітке толы деуге келмейді.

ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан сарапшылардың болжамынша, 2023 жылдың тамыз айының басында АҚШ долларының ұлттық валютаға шаққандағы бағамы 1 долларға 454,4 теңгені құрауы мүмкін (ағымдағы бағам 446,6 теңге). Сондай-ақ, олар, бір жылдан кейін 1 АҚШ доллары 474,2 теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал, деген болжам айтады (бұған дейінгі болжамдарда сәйкесінше 453,2 теңге және 472,6 теңге делінген болатын).

Сол сияқты, отандық сарапшылардың пікірінше, АҚШ-та «рецессия тереңдей түсуі ықтимал» деген пайымдар мен «ОПЕК елдері мұнай өндіруді қысқартады» деген ұстанымдар мұнайдың бағасына өзіндік қолдау көрсетуі ықтимал. Мұндай жағдайда Brent маркасындағы мұнайдың бір баррелі 84,5 АҚШ долларына сатылуы мүмкін (бұл ағымдағы деңгейден 11% жоғары баға).

Бұл тұрғыда сарапшы қауымның елдің жалпы ішкі өніміне қатысты болжамы біршама жақсара түскенін байқай алдық. Олардың пайымынша, алдағы 12 айда ЖІӨ өсімі 3,8%-ды құрауы мүмкін (бұған дейінгі болжам 3,7% болатын).

Айтпақшы, қазақстандық сарапшылардың USDRUB жұбына қатысты пікірлері де рубльдің құлдырауы бағытында өзгерген: олар алдағы бір жылда 1 АҚШ доллары 91,5 рубльді құрайды деген болжам айтады (ағымдағы бағам 89,2 рубль), ал өткен айдағы болжам 1 АҚШ долларына 85,2 рубль деңгейінде болатын. Бұған, сірә, Ресейде өткен айда орын алған оқиғалар мен РФ билігінің бюджет және экономика үшін тиімді деп көрсеткен 80–90 рубль/доллар дәлізіндегі бағамы ықпал етсе керек, деп есептейді ҚҚҚ мамандары.

Айта кету керек, биылғы маусым айының қорытындысы бойынша, ай сайынғы инфляция 0,5%-ға, ал жылдық инфляция 14,6%-ға дейін баяулай түскені белгілі болды. Әйтсе де отандық сарапшы қауым алдағы 12 айға қатысты ел ішіндегі бағалардың өсу көрсеткіші туралы болжамдарын өзгерте қоймаған: базалық мөлшерлеме 13,75%-ға дейін төмендеген жағдайда (-300 базалық тармаққа), инфляция 12,9%-ға дейін баяулайды, деп есептейді олар.

Ал Ұлттық Банк бүгін жария еткен базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде қалдыру туралы шешімі бойынша ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан сарапшылардың пікірі тура екіге бөлінген: олардың 50%-ы базалық мөлшерлеменің 25 базалық тармаққа төмендеуін күтсе, қалғандары – «мөлшерлеме өзгеріссіз қалады» деген пікір айтқан.

Еске сала кетсек, бүгін 5 маусымда ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

ҚҚҚ мамандарының айтуынша, елде қалыптасқан қазіргі жағдай аясында базалық мөлшерлемені төмендетуді меңзейтін алғышарттар, негізінен, сыртқы факторларға тәуелді, яғни жаһандық инфляцияның баяулауы, азық-түлік пен шикізат бағасының төмендеуі, логистикалық тізбектердің біртіндеп қалыпқа келуі деген тұрғыда. Ал бұл арадағы ішкі факторлар, яғни экономикалық өсім, тұтынушылар тарапынан тұрақты сұраныс, фискалдық импульс, т.т. – проинфляциялық сипатта қалып отыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить