ҚҚҚ: Отандық банктер ірі бизнесті кредиттеуге ықыласты

19496

Қазақстандықтардың жинақтауға деген қызығушылығының артуы ел ішіндегі кредит алу белсенділігін қаржыландыруға ықпал етуде

Фото: © Depositphotos/MaxZolotukhin

Тамыздың басында ҚҚҚ талдау орталығы еліміздің банк секторының биылғы жарты жылдықтағы жағдайына арналған жаңа шолуын жария етті.

2023 жылдың алғашқы алты айында отандық банктер мақұлдаған кредит алу жөніндегі өтінімдердің әрбір екіншісі бизнес өкілдеріне, ал әрбір төртіншісі бөлшек клиенттерге тиесілі болған, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы.

ҚҚҚ сарапшыларының түсіндіруінше, 2023 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында еліміздегі екінші деңгейдегі банктердің несие қоржынының өсу көрсеткіші (+6,8%) жүйе ішіндегі активтердің жалпы өсу көрсеткішінен (+4,5%) жоғары шыққан. Кредит қоржындарындағы оң динамика бөлшек секторда да (+9,1%), бизнес бойынша да (+4,0%) анық байқалған.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда қазақстандықтардың арасында бөліп төлеуге деген сұраныс өте жоғары, өз кезегінде, бұл – тұтынушылардың қарыз ресурстарына деген ынтасын арттырса керек. Оның сыртында, халықтың ақшалай табысы төмендеп кеткен (-2,6%) бүгінгідей жағдайда, жұрт бұрынғысынша өздері үшін қалыпты өмір деңгейін сақтап қалуға талпынуда.

Өз зерттеулерінде ҚҚҚ сарапшылары, кредиттерге деген инвестициялық сұраныс ел экономикасының өсу көрсеткіші жеделдей түскен тұста орын алғанын алға тартады: 2023 жылдың алты айында ЖІӨ 5%-ға өскен.

Сол сияқты, экономикадағы тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың ұлғая түскенін, елімізге жеткізілетін импорт тауарларының еселеп өсуінен де байқауға болады: 2023 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында +39%.

«Жүйедегі несие қоржынының 64% деңгейіндегі өсімін актив көрсеткіші бойынша алғашқы бестікке кіретін банктер (активтері 3 трлн теңгеден асатын) қамтамасыз етіп отыр», - деп көрсетеді сарапшы қауым өз зерттеуінде.

Базалық мөлшерлеменің өзгеріссіз қалуы банк өнімдері (кредиттер мен депозиттер) бойынша мөлшерлемелердің өсуін тоқтатты, дейді ҚҚҚ сарапшылары. Сондай-ақ, олардың түсіндіруінше, ай сайынғы инфляцияның үш ай қатарынан қалыпты деңгейде өсуі (0,5–0,6%) және былтырғы жоғары базаға байланысты жылдық тұтынушылық баға индексінің күрт құлдырауы (14%-ға дейін төмендеген) пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге жол ашып отырса керек.

«Депозиттер бойынша мөлшерлемелердің жоғары болуы аясында қазақстандықтардың арасында жинақтауға деген ықылас моделі сақталуда: жыл басынан бері тұрғындардың қаражаты 1,1 трлн теңгеге өскен (+6,4%)», -деп мәлімдейді ҚҚҚ сарапшылары.

Есесіне корпоративтік депозиттер 0,8 млрд теңгеге (-5,2%) қысқарған. Соған қарағанда, заңды тұлғалар бүгінде өз қаражатына иек артқанды жөн көрсе керек, қалай дегенмен, қарыз қаражаты қазір біршама қымбат әрі экономиканың жекелеген секторларында салық жүктемесі артып келеді.

«Несие қоржынының өсуі (қоржын сапасында өзгеріс жоқ деуге болады) – пайыздық маржаның қалыпты өсуімен қатар (5,75%-дан 6,11%-ға дейін), сектор кірісінің артуына ықпал етуде, өз кезегінде, бұл – капиталдандыру деңгейіне тиімді әсер беріп отыр (+9,6%)», - деп көрсетеді сарапшы қауым.

Олардың түсіндіруінше, жоғарыда айтылған өзгерістер нәтижесінде сектор ішіндегі қаржылық тетік (debt-to-equity ratio – қарыздың меншікті капиталға қатынасы) 7,5-тен 7,1-ге дейін жақсарған.

Айтқандай, отандық банк секторының бірінші жарты жылдықтағы көрсеткіштерін сарапқа салып, талдаған ҚҚҚ сарапшылары, сөз соңында әдеттегідей қорытынды деректерді бөліп көрсеткен.

Сарапшы қауым ұсынған түйінді пікірге тоқталар болсақ, отандық банк жүйесіндегі жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен елеулі инфляциялық қысымға қарамастан, биыл жаңа кредиттер беруде де (алғашқы жарты жылдықта +16,7% ), жүйеге тиесілі несие қоржынының өсу көрсеткішінде де (+6,8%) оң динамика байқалған.

Сол сияқты, биыл бірінші жарты жылдықта екінші деңгейдегі банктер бөлшек клиенттерге қарағанда, бизнесті кредиттеуге әзірлік танытқан. ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, бизнес өкілдерінің кредит алу туралы өтінімін банктер тарапынан мақұлдау үлесі, орташа есеппен алғанда, барлық өтінімдердің жартысына дерлік көрсеткішті құраған – 47%, ал бөлшек клиенттер үлесі – 27%, яғни барлық өтінімдердің төрттен бірі шамасында. Мақұлданған кредиттердің елеулі бөлігі ірі кәсіпкерлік субъектілеріне (өтінімдердің 55%-ы), ең азы – автокредиттеуге (барлық өтінімнің 13%-ы) тиесілі болған.

Бұл тұрғыда еліміз бойынша жаңа кредит беру көрсеткішінде (13,3 трлн теңге) корпоративтік сектордың қарыздары басым шыққан (52,3% немесе 6,9 трлн теңге).

Кредит алуға деген мұндай белсенділікті қаржыландыру, негізінен, қазақстандықтардың жинақтауға деген ықыласының артуы (тұрғындар депозиті 1,1 трлн теңгеге өскен) және екінші деңгейдегі банктердің меншік капиталының ұлғаюы (+0,5 трлн) есебінен жүзеге асқан.

Секторды капиталдандыру көрсеткішінің өсуі аясында банк секторының меншік капиталының жеткілікті коэффициенті – k1 18,5%-ға дейін ұлғайған (бір жыл бұрын 16,4% болатын және 7,5% нормативпен), ал k2 – 25,8%-ға дейін өскен (бір жыл бұрын 19,8% болатын, норматив – 10%).

Сонымен қатар, ай сайынғы инфляцияның қалыпты өсуі (соңғы үш айдағы көрсеткіш 0,5–0,6% шамасында) мен оның жылдық көрсеткішінің ең қарқынды құлдырауы (ақпандағы 21,3%-дан бүгінгі таңдағы 14%-ға дейін) базалық мөлшерлемені жақын арада ептеп болса да төмендетуге және банк өнімдері бойынша мөлшерлемелерді түсіруге жол ашады деп отыр ҚҚҚ сарапшылары.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить