Мұнайдың қымбаттауы теңгенің әлсіреуіне ықпал етуде

21930

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы 2023 жылдың қыркүйегіндегі жағдайға сай елдегі бірқатар көрсеткіштер бойынша қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың пікірін ортаға салды

Иллюстрация: © pixabay.com/Egonetix_xyz

ҚҚҚ сарапшыларының сауалнамасына отандық қаржы, банк, сақтандыру нарықтары мен брокерлік ұйымдардың, сараптамалық және қазынашылық бөлімшелердің өкілдері қатысып, Brent маркасындағы мұнайдың бүгінгі бағасы, АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы, сондай-ақ инфляция, ЖІӨ, Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі сынды негізгі индикаторларды қамтыған бірқатар сұрақтарға жауап берген.

АҚШ экономикасы рецессияны айналып өтіп, Қытай біртіндеп қалыпқа келе бастайды деген пайымдар аясында Сауд Арабиясы мен Ресейдің мұнай өндіруді ерікті түрде қысқарту шарасын әрі қарай созуы – мұнай нарығында тапшылық көрініс береді деген үрейді әрі қарай күшейте түссе керек.

Содан да болар, сауалнамаға қатысқан қазақстандық сарапшылардың «қара алтын» бағасына қатысты қыркүйектегі жауабы біршама жақсара түскен: олардың пайымынша, бір жылдан кейін мұнайдың бір баррелі тәулігіне 86,2 доллардан сатылатын болады (алдыңғы айда 81,9 доллар деген болжам айтылған-ды).

Бұл тұрғыда Қазақстан экономикасындағы оң деректер (2023 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша +4,8%) мен мұнайдың қымбаттауы да – алдағы 12 айдағы ЖІӨ бойынша болжамдарды жақсарта түскен сыңайлы: қазіргі болжам +4,1% төңірегінде (өткен айда 3,9% болатын).

Ал квазимемлекеттік сектор тарапынан валюта түріндегі түсімдерді міндетті түрде сату талабы алынып тасталып, тамыз айында базалық мөлшерлеме төмендетілгенін ескерсек, сарапшы қауымның ұлттық валютаға қатысты пікірі біршама нашарлап кеткенін байқауға болады.

Сауалнамаға қатысқан кәсіби ойыншылардың болжамынша, биыл қазан айының басында USDKZT жұбы бойынша бағам 464,2 теңгені құрауы ықтимал (ағымдағы бағам 461,8 теңге).

Сондай-ақ, олар бір жылдан кейін 1 АҚШ доллары 481,7 теңгеге жетеді деп отыр (өткен айдағы болжам: сәйкесінше 447,1 теңге және 466,1 теңге төңірегінде болатын).

Айтқандай, жылдық инфляция тұрақты негізде төмендеп келе жатқанына қарамастан, айлық мәнде алғанда, инфляция ел бойынша біртіндеп өсіп жатқанын да байқай аламыз: биыл маусым айында бағалар 0,5%-ға өссе, шілдеде – 0,6-ға, тамызда – 0,7%-ға жоғары өрлеген.

Сәйкесінше, сауалнамаға қатысқан кәсіби ойыншылардың соңғы болжамдары да біршама ұлғая түскен түрі бар: олардың пайымынша, алдағы 12 айдан кейін елімізде жылдық инфляция 12,1%-ды құрауы мүмкін (өткен айда 11,8% деген болжам айтылған-ды).

Әйтсе де, сауалнамаға қатысқандардың 79%-ы ҚР Ұлттық Банкі биыл қазан айында базалық мөлшерлемені әрі қарай төмендетеді деген сенімде.

Қаржы нарығындағы сарапшылардың 47%-ы базалық мөлшерлеме 25 базалық нүктеге, яғни 16,25%-ға дейін төмендейді деп болжаса, 53%-ы – бірден 50 базалық нүктеге, яғни 16,00%-ға төмендетіледі деп күтеді.

ҚҚҚ талдау орталығы

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить