Кредит және депозит өнімдерінің бірқатары бойынша мөлшерлемелердің өсуі тоқтады

18279

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 2023 жылдың I тоқсанындағы Қазақстанның банк секторы бойынша өз шолуын жария етті

ФОТО: © Depositphotos/MaxZolotukhin

Кезең ішіндегі негізгі тенденциялар

Отандық сарапшылар қауымының түсіндіруінше, 2023 жылдың 1 тоқсанында экономиканың өсуі 4,9%-ға дейін жеделдеп, өз кезегінде, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – қарыз ресурстарына деген тұтынушылық және инвестициялық сұранысты арттыра түскен.

«Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында отандық банктер 5,6 трлн теңге сомасында жаңа кредит берді, оның 50%-дан кем емес сомасы – кәсіпкерлік субъектілеріне бағытталды», - деп көрсетеді өз шолуында ҚҚҚ талдау орталығының мамандары.

Олардың айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 0,5 трлн теңгеге немесе 10%-ға өскен.

Сарапшы қауым, сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілеріне (жылма-жыл есептегенде: +3,7%) және бөлшек саудаға (ж/ж: +16,9%) берілген қарыз ауқымы өскеніне мән бере отырып, әйтсе де олардың портфельдерінде «айтарлықтай өзгеріс байқалған жоқ» деп мәлімдейді (төмендегі кестеден қараңыз).

Бұған көп жағдайда, банктер тарапынан берілген қарыздардың қысқа мерзімдік сипаты әсер етсе керек: мысалға, корпоративтік клиенттерге берілген қарыздардың 71%-ның өтеу мерзімі 1 жылға дейінгі аралықты құрайды.

Айта кету керек, бұл арада сапа көрсеткіштерінде айтарлықтай нашарлау байқала қоймаған – баланс бойынша NPL бар болғаны 50 млрд теңгеге өсіп, 847 млрд теңгені құраған (кредит портфелінің 3,4% -ы).

«Бұл тұрғыда кредит тәуекелдерінің құны (COR) өзгерген жоқ», - деп көрсетеді ҚҚҚ сарапшылары.

Олардың айтуынша, соңғы айларда базалық мөлшерлеме өзгермей, тұрақты деңгейде қалып отырғандықтан да кредит және депозит өнімдерінің бірқатары бойынша мөлшерлемелердің өсуі тоқтады.

«Бұл тұрғыда инфляцияның орташа (1%-дан аз) өсуі мен өткен жылдағы жоғары базаға қатысты тұтынушылар бағасы индексінің жылдық мәнінің күрт құлдырауы (16,8%-ға дейін төмендеді) биылғы жылдың екінші жарты жылдығында мөлшерлемелерді төмендетуге алғышарттар қалыптастырады», - деп түсіндіреді сарапшы мамандар.

Сол сияқты, қорландыру құнымен салыстырғанда активтердің кірістілігі жеделдеп өсуіне орай сектор ішіндегі маржа да айтарлықтай өскен: +25 б.п., яғни 6%-ға дейін. Бұған ықпал еткен негізгі факторлар – ағымдағы шоттардың жоғары үлесі (20%) және пассивтер жағындағы шетелдік валюта түріндегі салымдардың тұрақты мөлшерлемелері (барлық депозиттердің 30%-ы).

Айтқандай, доллар түріндегі депозиттер көрсеткіші 30%-дан да төмендеп кеткен (жыл басында 32% болатын). Бұған, негізінен, теңге түріндегі және шетелдік валюта түріндегі салымдардың мөлшерлемелері арасындағы елеулі айырмашылық және теңгенің нығаюына қатысты қайта бағалау септік еткен

«Мейлінше жоғары маржа мен несие портфелінің қалыпты өсуі және портфельдің тұрақты сапасы сектор ішіндегі кірістің ұлғаюына (+42%) ықпал етті», - деп отыр ҚҚҚ сарапшылары, өз кезегінде, бұл капиталдандыру деңгейіне де жағымды әсер берген (+8,7%).

Түйін

Сонымен, ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, 2023 жылдың алғашқы үш айында қазақстандық банктер тарапынан берілген жаңа қарыздар ауқымы «екі таңбалы өсу көрсеткішін сақтап қалған»: яғни, өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда биылғы өсім +10%. Бұл ел экономикасындағы «жеделдей түскен белсенділік» және соған сәйкес «жылдық инфляцияның төмендеуі» жағдайында мүмкін болған.

Олар, сондай-ақ, 2023 жылдың I тоқсанындағы жағдайға сай бизнес пен қарапайым халықтың қарыз портфелдерінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ деп отыр, яғни сала ішіндегі мамандардың тілімен айтқандай «өзгеріс нөлге жуық деңгейде». Бұған – қарыз портфельдерінде бір жылға дейінгі мерзімге берілетін қысқа кредиттердің басым болуы септік еткен.

Десек те, бөлшек кредит сегментінде жетекші фактор өзгерді деп түйіндеуге толық негіз бар. Егер бұрын бұл сегменттегі басты көрсеткіш ипотекалық кредиттердің еншісінде болса (биыл І тоқсанда ипотекалық кредит беру 28%-ға құлдырап кеткен), қазір жетекші рөл тұтынушылық қарыздардың үлесінде (+39%).

Ал корпоративтік кредиттеу сегментінде жаңа кредит беру көрсеткіші шағын және орта бизнес (52%) пен ірі кәсіпкерлік субъектілері (48%) арасында  бір деңгейде деуге тұрады.

«Кредиттеу сегментіндегі мұндай белсенділік екінші деңгейдегі банктердің меншік капиталының өсуі есебінен жүргізілді (өсу көрсеткіші пайдаға тең дерлік), бірақ сектор ішіндегі міндеттемелер өзгерген жоқ (+0,03%)», - деп көрсетеді ҚҚҚ сарапшылары.

Сонымен қатар, олар, өз шолуында депозит базасының құрылымындағы өзгерістердің бағыты әртүрлі болғанын алға тартады. Сыртқа кеткен корпоративтік қаражат ауқымы (-491 млрд) тұрғындардан келіп түскен депозит ауқымынан асып түскен (+232 млрд).

«Бірінші көрсеткіштің төмендеуі – 2022 жылғы корпоративтік салықтардың бюджетке аударылуына байланысты орын алуы мүмкін (негізгі құлдырау ақпан айындағы салық кезеңіне тап келді). Ал бөлшек портфельдің өсуіне Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы аясында қосылған 10% (307 млрд теңге) қосымша қолдау септік етті»,- деп түсіндіреді ҚҚҚ талдау орталығының мамандары.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить