Алтынның мемлекеттік резервтегі атқаратын қызметі қандай

15373

Бүгінде әр мемлекет өзінің қаржысын жинақтап отырады. Осы орайда алтынның маңызы зор

Фото: © nationalbank.kz

Себебі, алтын бағалы металдардың негізгісі болып табылады және оның әлемдік нарықтардағы бағасы өте тұрақты. Бұған дейін орын алған кризистерде алтын өз бағасын жоғалтпады және осындай дағдарыс сәттерінде керісінше алтынға деген сұраныс арта түсетінін байқап отырмыз. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын алтынның бір унциясы 1411,23 долларға бағаланса, биылғы орташа бағасы 1937,19 доллар болып тұр. Сол себепті, алтын орталық банктер үшін тұрақтандырушы рөл ойнайды.

Сәйкесінше, Қазақстанда да қаржы нарығын, экономиканы тұрақтандырушы рөлін ойнайтын мемлекеттік алтын қоры бар. Оған Ұлттық банк жауапты. Бізде қазір 19,76 миллиард долларға бағаланатын алтын сақтаулы. Ол алтын-валюта резервінің ішіне кіреді. Ия, бұл алтындар бізде физикалық пішінде, яғни метал түрінде арнайы қоймаларда сақталады. Қазақстан бұл алтындарды көбіне сырттан сатып алмайды. 1994 жылдан бері жұмыс істейтін ереже бойынша, елімізде алтын өндіретін компаниялар өз алтынын Ұлттық банк талап етсе, алдымен Ұлттық банкке сатуы тиіс.   Сол себепті, қоймада жатқан алтынның барлығы дерлік өз жерімізде өндірілген бағалы метал.

Айта кетейік, алтынның да кемшін тұстары жоқ емес. Алтын – сақтаушы рөл атқарып, өсімге қызмет етпейді. Яғни, алтын сақтау өз ақшаңды еш көбейтпей, тек сол күйі ұстап отыру дегенді білдіреді. Қазақстан ұзақ бойы осы жолмен жүріп келді. Бірақ соңғы 2 жылда біз өз стратегиямызды өзгерте бастадық. Яғни, Ұлттық банк резервіндегі және Ұлттық қордағы алтынның үлесін азайтып, өсімді көбірек беретін құнды қағаздар үлесін арттыруды көздеп отырмыз. Сонда біз өз жинағымызды тиімді пайдаланатын боламыз.

Осы ұстанымға сай, Ұлттық банк 2022 жылы сыртқы нарыққа 120 тонна альтын сатып, одан 7 миллиард доллар алды. Осының арқасында алтынның резевтердегі үлесі 58 пайызға дейін төмендеген еді. Биыл Ұлттық банк жылдың бірінші жартысында тағы 67 тонна алтын сатты да, осы үлесті 50 пайызға дейін түсіруді жоспарлап отыр. Сондықтан сыртқы нарықтарда алтын сатуын жалғастыра береді.

Қорытындыласақ, қазір Қазақстанда 310 тонна мемлекеттік алтын бар. Оның көлемі бойынша біз әлемдегі алғашқы 20 мемлекеттер тізіміне ғана кіреміз. Бірінші орын АҚШ-қа тиесілі. Сонымен бірге Германия, Италия мен Францияның орталық банктері ең көп алтын ұстап отырған мемлекеттер тізіміне кіреді.  

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить