2023 жылға арналған салық жинау жоспары 64%-ға орындалды

15521

2023 жылдың басынан бері мемлекеттік борышқа қызмет көрсету және оны өтеу шығындары 3,7 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды ҚҚҚ талдау орталығы

Фото: © Depositphotos.com/MaxZolotukhin

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 2023 жылдың тоғыз айындағы Қазақстан Республикасының шоғырландырылған бюджетіне қатысты өз шолуын жария етті.

Нарық ішіндегі негізгі тенденциялар

Экономиканың жеделдеп дамуы (ЖІӨ-нің өсу көрсеткіші 4,7%, 2022 жылы: 2,8%) мен пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкаларының өсуіне қарамастан (биржаға шығарылатын металдарды өндіруге 50%-ға, өзге де қатты минералдар бойынша – 30%-ға), еліміздің шоғырландырылған бюджетіне түскен салық түсімдері ептеп қана өскені байқалды.

2023 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында елімізде 16,7 трлн теңге салық жиналды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 8% жоғары. Салыстыру үшін: 2022 жылдың тоғыз айында олардың өсу көрсеткіші 71%-ды құраған болатын.

Яғни, жыл соңына дейін үш ай қалғанда, 2023 жылға арналған салық жинау жоспарының орындалуы (26 трлн теңге) бір жыл бұрынғы 86%-бен салыстырғанда бар болғаны 64%-ды ғана құрап отыр деген сөз.

Таратып айтар болсақ, республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 1,1 трлн теңгеге дұрыс орындалмаған: корпоративтік табыс салығы бойынша салық түсімдері 819 млрд теңгеге, импортқа салынатын ҚҚС – 243 млрд теңгеге, шикі мұнай бойынша кедендік баж салығы 203 млрд теңгеге, пайдалы қазбаларды өндіру салығы – 145млрд теңгеге орындаусыз қалған.

Шоғырландырылған бюджеттің шығындары 19%-ға немесе 3,2 трлн теңгеге, яғни 20,2 трлн теңгеге дейін өскен – бюджеттің кіріс бөлігінен 17% немесе 2,9 трлн теңге асып түсетін көрсеткіш.

Бұл өсімнің үштен бірін – борышқа қызмет көрсетіп, өтеу бабы құрайды (+1,050 млрд теңге). Үстіміздегі жылдың тоғыз айында аталған бап бойынша жалпы шығыс көрсеткіштері 39%-ға өскен: бір жыл бұрынғы 2,7 трлн теңгеден 3,7 трлн теңгеге дейін (бюджеттің барлық шығысының 18%-ы).

Өсім көрсеткіштері бойынша әрі қарай білім (+716 млрд теңге), әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамту (+583 млрд теңге) салалары тұр.

Бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 5,1 трлн теңге қарыз тартылған. Жалпы, биылғы жылға белгіленген қарыз тарту жоспары 5,6 трлн теңге болса, оның орындалу көрсеткіші 91%-ды құрап отыр. Салық түсімдері бойынша болжанған көрсеткіштерді есепке алсақ, биылғы жылға белгіленген қарыз тарту жоспары асыра орындалуы әбден мүмкін.

Балама жол ретіндегі ҚМГ акцияларын Ұлттық қорға сату ұсынысы – қордың негізгі функцияларына қайшы келеді: қалай дегенмен, Ұлттық қор келер ұрпақ үшін қаражат ресурстарын жинақтау (шетелдік валюта түрінде) және бұл ресурстарды тұрақтандырып ұстау (республикалық бюджеттің мұнай бағасына деген тәуелділігін төмендету) мақсатында құрылған болатын.

Түйін

Қазақстан экономикасы қызмет көрсетуге негізделген (ЖІӨ-де қызмет көрсету үлесі басым), әйтсе де, шоғырландырылған бюджетке бағытталған түсімдер негізінен тауар өндірісінен (мұнай экспорты) келіп түскен. Яғни, ел ішіндегі экономикалық белсенділіктің артуына қарамастан, салық төлемдерінің баяу өсуінің бір себебі осымен түсіндіріледі.

Айта кету керек, есепті кезеңде Brent мұнайының орташа бағасы бір баррельге 81,9 АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 20% төмен (102,3 АҚШ доллары), бірақ ел бюджетінде ескерілген болжамды бағадан алыстай қоймаған (85 АҚШ доллары).

Бұл тұрғыда шоғырландырылған бюджет балансы біршама нашарлап кеткені байқалуда, өз кезегінде, бұл борыш жүктемесін әрі қарай ұлғайтып (жүйе ішіндегі мөлшерлемелер жоғары болса да), жыл соңына дейін бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру көздерін іздеу қажеттілігін өзекті етеді. Қазіргі таңда қарыз тарту жоспары 91%-ға орындалған, ал былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 65% болатын.

Жоспар бойынша жыл соңына дейін салық түрінде 26,0 трлн теңге жинау көзделген, алайда, бұл жоспардың орындалу мүмкіндігі күмәнді (биылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында 17 трлн теңгенің салығы жиналды, бұл жылдық жоспардың 64%-ы).

Сонымен қатар, орта мерзімді перспективада салық түсімдерін жақсарту шараларын – бюджет ережесін міндетті түрде орындаумен және тараптандырылған өсімді ынталандыру шығындарын қайта бағыттаумен, сапалы жұмыс орындарын ашумен және ел халқының әл-ауқатын көтеруге негізделген өзге де іс-шараларымен біріктіріп, қолданған дұрыс болады, бұл бюджет балансын жақсартуға септік етуі тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, әлеуметтік шығындар мен жеңілдетілген кредиттеудің еселеп өсуі тұтынушылық сұранысты ұлғайтып, ақшалай массаның өсуіне және соның салдарында инфляцияның шарықтауына, сондай-ақ бюджетке деген қарыздық жүктеменің артуына әкеліп соғады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить