Қор нарығы: «көгілдір фишкаларға» деген ықылас өсіп келеді

27811

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі мен жылжымайтын мүлік бағасындағы іркілісті күткен нарық іші «көгілдір фишкаларға» қызығушылық танытуда, деп хабарлайды ҚҚҚ талдау орталығы

ФОТО: © unsplash.com/Nimisha Mekala

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша еліміздің бағалы қағаздар нарығына қатысты шолуын жария етті.

Кезең ішіндегі негізгі тенденциялар

2023 жылдың алғашқы жарты жылдығын KASE индексі 10,9% деңгейіндегі екі таңбалы өсіммен аяқтады, AIXQI индексінің өсу қарқыны екі есе төмен шықты – 5,9%-ға дейін – айта кету керек, осы тұста нарық ішінде тәуекелге деген ынта біртіндеп қалыпқа келе бастағаны анық байқалды.

Бірінші жарты жылдықта жергілікті инвесторлар тарапынан Халық Банкі (+29,7%), ҚазТрансОйл (+14,8%) және Kaspi (+14,8%) акцияларына деген сұраныс жоғары болды. Аталған үш ұйым да биыл бір акцияға төленетін дивидендті айтарлықтай ұлғайтқан.

Индекстік акциялар саудасының жалпы ауқымы (KASE+AIX) 145 млрд теңгені құрады, бұл арада ҚМГ акцияларының үлесі басым – 77% (111,2 млрд теңге). Әрі қарай – Халық Банкі (7,7% немесе 9,2 млрд теңге) мен Қазатомөнеркәсіптің (6,4% немесе 6,3 млрд теңге) үлестік құралдары орналасқан.

Айтқандай, екінші тоқсанда Орталық депозитарийдегі (ОД) бөлшек сауда базасының өсуі күрт баяулап кетті (бірінші тоқсандағы +129 мыңға шаққанда +6 мың – жарты жылда 135 мың), бірақ АІХ алаңында буырқанған өсім сақталуда (бірінші тоқсандағы +113 мыңға шаққанда +219 мың – жарты жылда 333 мың). Осылайша, есепшоттардың жалпы саны 1,5 миллионға дейін өсті – АІХ CSD үлесі ептеп жоғары: барлық есепшоттың 56%-ы, қалған 44%-ы – ОД үлесі.

Қор нарығы қалыпқа келе бастап, бөлшек инвесторлардың қызығушылығы арта түскен тұста инвестициялық компаниялардың басқаруындағы жиынтық активтер жыл басынан бері 227 млрд теңгеге немесе 26%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгені құрады. Алайда, ЖІӨ үлесінде бұл сома 2022 жылдың басындағы 1,2%-дан 1%-ға дейін төмендеп кетті.

Тәуекелсіз қисық көрсеткіш өзінің төңкерілген пішінін сақтап қалды, бірақ қисық сызықтың қысқа бөлігі (2 жылға дейінгі) базалық мөлшерлеме деңгейіне қарай 35–140 базалық пунктке өсті, ал оның көлбеуі ұзақ мерзімді перспективада (10–20 жылда) 190–260 базалық пунктке өсті, бұл – жүйе ішінде жоғары мөлшерлемелердің ұзаққа негізделген кезеңдері күтілетінін көрсетсе керек.

Сол сияқты, жыл басынан бері корпоративтік облигациялардың кірістілік индексі (KASE_BMY) 134 базалық пунктке, яғни жылдық өлшемде14%-ға дейін өсті.

Қаржыландыру жағдайы мейлінше қатая түскеніне қарамастан, корпоративтік облигацияларды орналастыру ауқымы 742 трлн теңгеге дейін өсті, бұл арада квазимемлекеттік сектор мен микроқаржы және екінші деңгейдегі банктердің жекелеген өкілдері жоғары белсенділік танытқанын да айта кету керек (төменде қараңыз).

Резидент еместердің ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарына салымдары, әсіресе, ҚР Ұлттық Банкінің ноталарына бағытталған инвестициялары (екі есе төмендеп кетті) әлі де құбылмалы деңгейде қалуда және АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің монетарлық саясатына тәуелді деуге тұрады.

Ел іші пайыздық мөлшерлемелерді төмендету кезеңін күтіп, үміт етуде, ал баспана нарығында екіұшты жағдай қалыптасқан, оның сыртында, 1 шілдеден бастап қазақстандықтар өздері жинақтаған зейнетақы сомасының 50%-ын жекеменшік басқарушы компанияларға аудара алады – бұл факторлар қор нарығына ликвидтіліктің қосымша ағынын тартуға дем беруі мүмкін. Соған сәйкес, екінші жарты жылдықта «көгілдір фишкаларды» әрі қарай қалпына келтіру мүмкіндігі де сақталуда.

Түйін

Отандық компаниялардың мықты қаржылық көрсеткіштері мен дивидендтік төлемдердің ұлғаюы аясында және бөлшек инвесторлар базасы артып, ұлттық валюта нығая түскен тұста еліміздің қор нарығы біртіндеп қалыпқа келуде. Бұл тұрғыда пайыздық мөлшерлемелер төмендеп, баспана нарығындағы белсенділік бәсеңдей түседі (яғни, жылжымайтын мүлік бағасының өсуі тоқтайды) деген де үміт жоқ емес.

Соған сәйкес инвестициялық компаниялардың басқаруындағы жиынтық активтер жыл басынан бері 227 млрд теңгеге өсіп, 1,1 трлн теңгені құрады. Бірақ ЖІӨ үлесінде бұл сома бар болғаны 1%-ды құрады (2022 жылдың басында 1,2% болатын). Салыстыру үшін: АҚШ-та бұл көрсеткіш 141%-ды, Францияда – 96%-ды, Польшада – 12%-ды, Түркияда – 4%-ды құрайды.

ЖІӨ үлесіне шаққанда акциялар нарығындағы сауда ауқымы да айтарлықтай төмен деңгейде қалуда – бар болғаны 0,3% шамасында, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы құрамындағы елдерде бұл көрсеткіш, орташа есеппен алғанда, 85%-ды құрайды. Әйтсе де, елімізде транзакциялар жүргізу мен брокерлік шоттар ашу жеңілдей түсіп, халықтың әл-ауқаты мен қаржылық сауаттылығы біртіндеп артып келе жатқанын ескерсек, қор нарығының өсу әлеуеті де елеулі екенін айта кету керек.

Айтқандай, ел заңнамасындағы соңғы өзгерістер (1 шілдеден бастап қазақстандықтар өздері жинақтаған зейнетақы сомасының 50%-ын жекеменшік басқарушы компанияларға аудара алады) қор нарығына қосымша ликвидтілік тартуға дем беруі мүмкін. Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылдың 18 ақпаны мен 2023 жылдың 1 шілдесі аралығында зейнетақы активтерін басқарумен айналысатын жекеменшік басқарушы компанияларға 8,9 млрд теңге аударылған, бұл БЖЗҚ-дан шығарылған жалпы қаражат ауқымының (3,6 трлн теңге) 0,2%-ы ғана.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
КАК ДЕЛАЛИ РЕЙТИНГ БОГАТЕЙШИХ БИЗНЕСМЕНОВ КАЗАХСТАНА Смотреть на Youtube