Жаһандық сарапшылар: шикі мұнайға деген сұраныс ұсыныстан асып түсуі ықтимал

14790

2024 жылы әлем бойынша мұнай жеткізуші негізгі іргелі елдердің бірі Қазақстан болмақ. Жаһандық мұнай нарығындағы соңғы тенденциялар туралы кезекті есебін жария еткен ОПЕК ұйымының болжамы осыған саяды

ФОТО: Depositphotos/anankkml

Мұнай картелінің биыл 13 шілдеде жария етілген есебінде, келесі жылы әлем бойынша мұнайға деген ұсыныстың өсуіне ықпал етуші негізгі елдер АҚШ, Канада, Гайана, Бразилия және Қазақстан болмақ, деп көрсетілген. Сондай-ақ, ОПЕК болжамынша, Мексикада және Әзірбайжанда мұнай өндіру көрсеткіші айтарлықтай төмендеуі мүмкін.

ОПЕК ұйымы алға тартқан болжам мәліметке сүйенер болсақ, 2023 жылы мұнайға деген жаһандық сұраныс тәулігіне 2,2 млн баррельге ұлғайып, 102,1 млн баррельді құрамақ. Ал 2024 жылы әлем бойынша «қара алтынға» деген сұраныс тәулігіне 104,25 млн баррельді құрауы мүмкін. Ұйым сарапшылары, мұнайға деген негізгі сұраныс Қытай тарапынан орын алады деп отыр (әлемдік жалпы сұраныстың 70%-ы шамасында) – онда қазір мұнай химиясы өнімдерін тұтыну көрсеткіші айтарлықтай өссе керек.

Сол сияқты, биыл маусым айында жаһандық нарықта мұнай жеткізу көрсеткіші тәулігіне 480 мың баррельге өсіп, бір тәулікке шаққанда 101,8 млн баррельді құраған. Шілде айында бұл көрсеткіш төмендей түсетіні анық, басты себеп – мұнай өндіруші елдердің өндіріс қарқынын өз еркімен төмендету туралы шешімі.

ОПЕК дерегінше, 2023 жылы әлем бойынша мұнай өндіру көрсеткіші тәулігіне 1,6 млн баррельге ұлғайып, бір тәулікке шаққанда 101,5 баррельді құрауы ықтимал. Ал 2024 жылы – тәулігіне 1,2 млн баррельге өсіп, 102,8 млн баррельді құрауы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, «өсе түсетін» ұсынысты ОПЕК+ елдері қамтамасыз етпек.

Айта кетейік, биыл шілде айының екінші аптасында жаһандық нарықта Brent маркасындағы мұнайдың бір баррелінің бағасы – сәуір айынан бері алғаш рет 81 АҚШ долларын еңсере алды. Шілденің 12-де белгілі болғандай, Лондондағы ICE Futures биржасында Brent мұнайының қыркүйекке келісілген бағасы – мамыр айынан бері алғаш рет – бір баррельге 80,41 АҚШ долларын құрады. Ал 14 шілдеде Brent мұнайының бір баррелі 81 АҚШ долларынан асып түсті.

Мұнай бағасындағы бұл өзгерісті нарық ішіндегі сарапшылар АҚШ долларының әлсіреуімен және «мұнайға деген сұраныс дамушы елдер тарапынан өсіп келеді» деген себеппен түсіндірді. Оның сыртында, дәл осы тұста ОПЕК және ОПЕК+ елдері тарапынан мұнай өндіру және экспорттау ауқымына қатысты шектеулер де анық сезіле бастады.

Standard Charted корпорациясының шикізат тауарларына қатысты шолуында, алдағы бірнеше айда мұнайға деген сұраныс әрі қарай артып, тамыз айында өзінің жоғары шегіне жетуі мүмкін делінген. Сарапшылардың болжамынша, мұндай жағдайда «мұнайдың бағасы әрі қарай жоғары көтерілмек», дегенмен, шілденің үшінші аптасының басында «қара алтын» бағасында қайтадан іркіліс байқалып, Brent мұнайының бір баррелі 79–80 доллардан аттай алмай қалды. 21 шілде, жұма күні Астана уақыты бойынша 16:40 шамасында Brent мұнайының бір баррелі 80,60 АҚШ доллары төңірегінде сатылып жатты.

Негізі, Brent мұнайының бір баррелінің бағасы 2023 жылдың мамыр айынан бері 80 долларға іліге алмаған-ды, тіпті ОПЕК елдері маусым айында жыл соңына дейін мұнай өндіру ауқымын қысқартатын болып келіскен тұста да баға 75–77 доллар төңірегінде қалған-тын.

«АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі біраздан бері қатаң етіп ұстаған цикл біртіндеп сейіле бастады деуге негіз бар, қазір доллар соңғы екі айдағы ең төмен деңгейге түсіп кетті. Доллардың бұлайша құнсыздануы бірқатар елдер үшін шикі мұнайды біршама қолжетімді етіп, сұранысты қосымша ынталандырып отыр», - деп түсіндірді сол кезде мұнай нарығындағы сарапшылар.

Оның сыртында, 3 шілдеде Сауд Арабиясы, РФ сынды мұнай өндіруші әрі экспорттаушы ірі елдер өнім өндіруді қысқартатынын мәлім етіп, бұл шектеулерді нарық іші де біртіндеп сезіне бастады. Бұдан бұрын хабарланғандай, Сауд Арабиясы шілде мен тамызда мұнай өндіру ауқымын тәулігіне 1 млн баррельге қысқартпақ.

Мұнай өндіруді өз еркімен қысқарту келісімін ұзартуға мұнай өндіруші өзге де іргелі елдер келісім берген. Оның ішінде солтүстік көршіміз Ресей өз уәдесінде тұрса, тамыз айынан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 500 мың баррельге қысқартуы тиіс. Дегенмен, бұл елде мұнайға деген ішкі сұраныс маусымға сай өсіп отыратынын алға тартқан ОПЕК сарапшылары, Ресейде мұнай өндіру деңгейі өзгеріссіз қалуы да мүмкін деп ескертеді.

Жалпылай алғанда, ОПЕК және ОПЕК+ елдері тарапынан мұнай өндіруді тәулігіне 5 млн баррель деңгейінде қысқарту туралы келісім бар, сарапшылар бұл көрсеткішті жаһандық деңгейде алғанда «мұнайға деген сұраныстың 5%-ы» деп бағалайды.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың 4 маусымында министрліктер деңгейінде өткен кездесу барысында ОПЕК және ОПЕК+ құрамындағы елдер «жаһандық мұнай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында» мұнай өндіру ауқымын өз еркімен қысқарту туралы шешім шығарған болатын.

Бұл тұрғыда Қазақстан 2024 жылдың соңына дейін мұнай өндіру ауқымын тәулігіне 78 мың баррельге қысқарту туралы міндет алды.

«ОПЕК+ елдері сәуір айында жария еткен мұнай өндіру ауқымын ерікті түрде қысқарту туралы келісім аясында Қазақстан мұнай өндіру ауқымын тәулігіне 78 мың баррельге қысқарту туралы ерікті шешімін 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін ұзартады» делінді сол тұста ҚР энергетика министрлігі таратқан мәлімдемеде.

Сол сияқты, 17 шілдеде жария еткен ақпаратында ҚР энергетика министрлігі: «Қазақстанда соңғы уа­қытта әртүрлі себепт­ерге, оның ішінде эн­ергия көздеріндегі аварияларға, сондай-ақ кен орындарында ағ­ымдағы және күтілетін жоспарлы жөндеу жұ­мыстарына байланысты өндірудің төмендеуі байқалуда, бұл тұта­стай алғанда республиканың ОПЕК+ келісімі аясында өзіне қабылдаған міндеттемелерді сақтау жөніндегі ниеттерін іске асыруға ықпал етеді. ​Бұл тұрғыда, республика мұнай өндіруші компаниялармен бірлесіп, міндеттемелердің сақталуына мониторинг жүргізуді және өндір­уді одан әрі төменде­ту бойынша консультацияларды жалғастыруд­а», - деп мәлімдеді.

12 шілдеде Астанада өткен еліміздің соңғы жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалуы туралы үкімет отырысында ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров: «Елімізде мұнай өндіру 5,6%-ға, газ өндіру – 2,5%-ға артты», - деп мәлімдеді.

Ресми жария етілген деректерге сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанда 84,2 млн тонна мұнай өндіріліп, оның 64,8 млн тоннасындай шама экспортталған. Биыл елімізде 89–90 млн тонна төңірегінде мұнай өндіріліп, 71 млн тонна шамасындағы ауқым экспортталады деп көзделуде.

20 шілдеде Жидда қаласында (Сауд Арабиясы) өткен «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммитінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ОПЕК+ келісіміне қатысушы ел ретінде Қазақстан ОПЕК ұйымына мүше елдермен ынтымақтастық қатынасты әрі қарай тереңдетуге дайын, деді. Бұл тұрғыда, әсіресе, энергетикалық ынтымақтастық маңызды бағыт болып қала бермек.

Президент Тоқаев өз сөзінде, Орталық Азия мемлекеттері аумағында 30 млрд тоннадан астам барланған мұнай қоры және 20 трлн текше метрден астам газ қоры бар, бұл аталған аймақты мұнай және газ қоры бойынша әлем бойынша Араб түбегінен кейін екінші орынға шығарады дегенді айтты.

«ОПЕК+ келісіміне қатысушы ел ретінде Қазақстан осы ұйымға мүше елдермен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Біз бұл тұрғыдағы жан-жақты қарым-қатынасты әрі қарай тереңдетуге дайынбыз», - деді мемлекет басшысы өз сөзінде.

Айтқандай, 26 маусымда Куала-Лумпур қаласында (Малайзия) өткен Energy Asia конференциясында ОПЕК ұйымының бас хатшысы Хайсам аль-Гайс, мұнайға деген жаһандық сұраныс 2045 жылға қарай тәулігіне 110 млн баррельге дейін өседі деп болжады. Мұнай нарығындағы сарапшылардың түсіндіруінше, бұл жаһандық энегетикалық баланстың 29%-мен шамалас құрам.

Сол сияқты, ОПЕК басшысының айтуынша, жаһандық деңгейде алғанда 2045 жылға дейін мұнай өндіуге қажет инвестиция ауқымы 12,1 трлн долларды немесе жылына 500 млрд долларды құрауы ықтимал.

Айтпақшы, 13 шілдеде жария етілген ОПЕК ұйымының мұнай нарығына қатысты есебінде: «әлем бойынша дәлелденген мұнай қоры 1,56 трлн баррельге жетті» деп көрсетілген.  Жаһандық деңгейде алғанда, әлемдегі дәлелденген шикі мұнай қорының елеулі бөлігі ОПЕК елдеріне тиесілі. Мұнай картелінің статистикалық бюллетеніне сүйенсек, 2022 жылдың соңында ОПЕК-тің мұнай қоры 1,24 трлн баррельді құраған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить